Түні бойы жауған ақша қарды жақсы ырымға балаған көкшетаулықтар мен құрметті қонақтар Еркін ағаның есімімен аталатын көше бойындағы скверге жиналды. Арнайы шақырылған меймандардың арасынан Қызылорда, Торғай, Солтүстік Қазақстан өңірлерінен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген әріптес-шәкірттерін, ұлы Бақытжан мен қызы Сәулені, туыстарын кездестірдік. Жиналған қауым бір-бірімен бауырларша қауышып, қуаныштарымен бөлісіп жатты. Өйткені көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековке ескерткіш ашу сәтін барша қазақ жұрты көптен бері асыға күтті десек артықтығы болмас.
Салтанатты оқиғаға арналған жиынды Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаев құттықтау сөзбен ашты. Өңір басшысының ағынан жарыла айтқан тебіреністі сөзін тілеуқор қауым зейін қоя тындап, әлсін-әлсін қол шапалақтап, құрмет білдіріп отырды. Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов ел ардақтысы Еркін ағасына сүйіспеншілігін былайша білдірді: “Еркіндей асыл жандар – бір ғасырда бір рет туатын үлкен тұлға. Оның еліне, сіңірген еңбегін зерделеген сайын ұлттық намыс, ұлттық рух, ұлтына деген сүйіспеншілігіне қайран қаламыз. “Адалдықтың айғағы, сөз бен істің байламы, ақиқаттың қайнары” деп Кәкімбек Салықов айтқанындай, ол қандай лауазымды қызмет істесе де халықтан бөлектенген жоқ, халықтан алыстаған жоқ”.
“Еркін Әуелбеков қоры” қоғамдық қорының төрағасы Оразкен Нұртазин былайша тебіренді: “Қазақстанның үш бірдей облысын көрегендікпен басқарып, саясат сахнасында алмас қылыштай жарқылдап өткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің 90 жасқа толуына орай көкшетаулық ардагерлер мен зиялы қауым ескерткіш орнату жөнінде бастама көтерісімен, біз арнайы қоғамдық қор құрдық. Қызылорда, Торғай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола өңірі мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында тұратын ақжарқын ағайындарға қаржылай көмек көрсеткендері үшін ризашылығымды білдіремін”. “Еркін Әуелбеков қоры” өз жұмысын әрі қарай жалғастырып, азаматтың есімін ардақтауға байланысты мәдени-көпшілік және спорттық шараларды үзбей өткізетін болады. Пандемияға байланысты екі жылдай өтпей қалған грек-рим күресінен халықаралық турнирді қайта жаңғыртпақ.
Ескерткішті ашу құрметі Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Еркін ағаның туған інісі Болат Нұржанұлына беріліп, ақ жамылғы баяу сырғып түскенде, халқы сүйген кемеңгер тұлғаның көпке таныс жарқын жүзі де жарқ етті. Ескерткіштің жұрт күткендей көзкөрім болып шыққанына, асқаралы аға бейнесі мен болмысының шынайы да мазмұнды айшық тапқанына көпшіліктің қуанышында шек болмады. Бұл күні түннен бастап жауған ақша қарды көпшілік ұлы даланың өз заманындағы тұғырлы перзентінің еліне деген ақ ниет, адал пейіліне балады.
Бар саналы ғұмырын халық мүддесіне арнаған асыл тұлғаға орнатылған ескерткіштің биіктігі – 4,5 метр, мүсіншісі – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков. Ескерткіш қола мен граниттен жасалған. Алаңды абаттандырумен Көкшетау қаласының коммуналдық кәсіпорындары айналысты. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, сапалы атқарылған жұмыстың нәтижесіне өзіміздің де, көпшіліктің де көңілі толғандай. Жаз шыға ескерткіш маңындағы тұрғын үйлердің жаны абаттандырылып, қосымша гүлзарлар, субұрқақ жасалмақшы екен.
Халқымыздың біртуар перзентіне деген ел сүйіспеншілігіне Еркін Әуелбековтің өмірі мен қызметіне арналған ғылыми-практикалық конференция барысында айқын көз жеткіздік. Аталған шараны Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудармашы-жазушы Ғосман Төлеғұл жүргізіп отырды. Сыр бойынан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Аңсат Сәдуақас Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын табыс етті.
Ердің еріне тағзымымызды көрсететін тағылымды жиынның шымылдығы рухты өлеңмен ашылуы да заңды еді. Мінбеге өңіріміздің талантты ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан көтеріліп, өз лебізін жырмен өрнектеді. Бұдан кейін Еркін ағаның көзін көрген, қызметтес, сыйлас, сырлас болған жандар бірінен-соң бірі мінбеге шығып, өз естеліктерімен бөлісті.
Ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Владислав Косарев сөз сөйлеп, Еркін Әуелбековтің азаматтық ажары, кісілік келбеті, адалдықты ту еткен адами абзал қасиеті туралы айтып берді. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір 1985-1989 жылдар аралығында Қызылорда облыстық партия комитетін басқарып, соңында өшпес бедерлі із қалдырған кемеңгер тұлға туралы орамды ойларын ортаға салды.
Аталған конференцияда әр кездері Еркін ағасымен қызметтес, қанаттас болған шәкірттері, шапағатын көрген інілері де сөз алды. Торғайлық Амангелді Садырбеков, солтүстікқазақстандық Құдайберген Қалиев, көкшетаулық Сағынтай Кенжетаев тағылымды естеліктермен бөлісті. Көкше төріндегі еңселі ескерткішті орнату жөнінде алғашқылардың бірі болып пікір айтқан “Ел бірлігі” қоғамдық ұйымының төрағасы Бақыт Смағұлдың, ескерткіштің авторы, таланты мүсінші Тоқтар Ермековтің, отбасымен дәм-тұздары жарасқан Көкшенің дарынды қызы, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың сөзіне де жиналған жұртшылық шынайы ықылас танытты.
Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар тарапынан мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің өмірі мен қызметін кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар бағалы ұсыныстар да айтылды. Облыс әкімінің ұсынысына орай Еркін Әуелбековтің ескерткіші орнатылған аллеяға оның есімін беру қолға алынбақ. “Еркін Әуелбеков қоры” қоғамдық қорының тұрақты жұмыс істеуі үшін жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік нысандар тарапынан қаржылай қолдау көрсету, Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде үздік студенттер үшін Еркін Әуелбеков атындағы стипендия тағайындау, атақты жерлесіміздің туған күніне арналған мәдени шараларды ескерткіш жанында өткізіп, қала күніне орай Еркін Әуелбеков атындағы көше мерекесін ұйымдастыру, Көкшетау қаласының тарихы музейінде Еркін Әуелбековке арналған жеке бөлім ашу, қала меймандары мен жастар үшін саяхат ұйымдастыру, Еркін Әуелбеков қызмет атқарған өңірлердегі аудандарға, шаруашылықтарға, мәдениет ошақтарына оның есімін беру туралы да ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында конференцияға қатысушыларға көрнекті тұлғаның 90 жылдығына орай шығарылған естелік кітаптар мен медальдар табыс етілді. Осылайша ел мақтанышы, ел ардағы, атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің жарқын бейнесі еңселі ескерткішімен, тартымды да тағылымды жиынымен көпшіліктің жүрегінде тағы бір жарқырап, асқақтай түсті. Осы бір елдік ісіміз алда да ұзағынан сүйіндіргей.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.