Облыстық архивтің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің туғанына 95 жыл толуына орай архивтік құжаттар негізінде «Отанның – адал ұлы» атты көрме өтті.
Көрмеге Президент архиві, Ақмола облысының мемлекеттік архиві, Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалы, Қостанай облысының мемлекеттік архиві мен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорларында сақталған Еркін Нұржанұлының өмірі мен қызмет жолына қатысты құнды құжаттар алғаш рет қойылған.
– Бекзат болмыс Еркін Әуелбековтің есімі алыс-жақындағы жұртқа етене таныс. Көкшетау, Торғай, Қызылорда өңірлерінде басшылық қызметте жүріп, ұлан-ғайыр еңбек атқарды. Кеңестік жүйенің сызған шеңберінен шығып, қара ормандай халықтың көкейіндегі үнін тыңдай білді. Басқан ізінен әділдіктің, адалдықтың қызғалдағы көктеп шыққан қайраткердің әр ісі ұрпаққа үлгі, кейінгіге ұлағат. Қарапайымдылығы мен қажырлы болмысы ешқашан ұмытылмайды, – деді облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».