Уақыт зырылдап өтіп бара жатыр, заманның әр күні мен аптасының, айы мен жылының ұшқырлығы сондай, Қарағандыдан қызмет орнын ауыстырып, Қызылжардағы университетте жұмыс істей бастағаныма да 15 жылдан асып барады. Әуелде, кездейсоқ сияқты болса да, сол кездегі талантты жас ректор Ғалымқайыр Мүтәновтің қолқалап шақыруымен келіп қалғаныма өкінбеймін. Қызылжар сияқты құтты мекенде жайлы қоныс, жақсы туыстар мен достар таптым.
Бір жарым жылдан кейін оқу орнына жаңа басшы келгенде де, үрпиісіп тұрмай, онымен бірден тіл табысып кеттік. Жасы елуге жаңа толған, техникағылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Оңдасын Әшімовтің бастамасымен ойға алған істеріміздің оңға басатынына сол кезде-ақ сенімді едім десем, сәуегейлік емес. Тағдырдың небір қалтарыс-бұлтарыстары пенденің өзіне байланысты ғой. Оның үстіне сені түсінетін, бағаңды білетін тілеулестерің жаныңда болса.
Содан бері бір-бірімізге сүйеу болып келеміз. Қазақстанның бір түкпіріндегі, салт-дәстүрі бөлектеу, ғылым тілімен айтқанда, демографиясы қиындау, этномәдени дәстүрлері айрықша ортадағы ғылыми-педагогикалық бастамаларым жемісті болды. Осы жылдары 5 монография, 7 оқулық пен оқу құралын жаздым. Республика деңгейіндегі конкурстарға қатысып, ірі-ірі ғылыми жобаларыма қаржы алдым, “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” атағы мен қомақты грантқа ие болдым. Шетелдерге барып дәріс беріп, бірнеше университеттің құрметті профессоры атандым. Аталмыш жетістіктерімнің барлығы университетімнің атақ-абыройына ректорымыздың тікелей басшылығы мен қамқорлығының арқасында қосқан үлесім деп білемін.
Университет деген – сансалалы маман даярлайтын оқу орнының атауы ғана емес, өркениеттің ошағы, ғылым мен мәдениеттің бар байлығы шоғырланған қасиетті орталық. Әлемдік университеттердің тарихы осыны көрсетеді. Еліміздің теріскейіндегі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің алдында аса маңызды және кең ауқымды міндеттер тұр. Осындай тарихи міндеттерді шешу ұстаздар мен ғалымдар ұжымына, олардың жұмысына жәрдемдесетін қызметкерлерге жүктелген.
Университетіміздің басшылығына Оңдасын Әшімов келгелі он бес жылдай болды. Бұл кезең – басшылық қызметтегі адамның, оның ішінде профессор-оқытушы мамандар ұжымына ие болып отырған жетекшінің бүкіл қабілет-қарымы, адамгершілік сипаты ашылатын уақыт. Осы жылдардың ішінде танымастай өзгеріп, тәуелсіз мемлекетіміздің қарышты қадамымен бірге жаңарған оқу орнының бүгінгі келбеті адам қызығарлықтай.
Тәуелсіздік таңымен таласа туған солтүстіктегі университеттің алғашқы қадамдары ел экономикасының аса бір күрделі жағдайында басталды. Сонда да тығырықтан шығатын жол табылып, жалақы уақытында берілетін. Жаңа университетті қалыптастырудың қаншалықты қиын екендігін көзімізбен көріп, жанымызбен сезіндік. Сол кездері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Сіздердің университеттеріңіз еліміздің үздік оқу орындарының алғашқы ондығынан орын алды”, – деген сөздері әділ баға, дуалы ауыздан шыққан, әрқайсымызға міндет жүктеген батадай болды.
Оңдасын Бәйкенұлы оқу орнын шебер басқарып келеді. Оның бай тәжірибесімен, ақыл-парасатының арқасында университет даңқы ел шегінен асып, шет мемлекеттерге танылды. Ғылым мен білімнің ғаламдасқан шағында әлемдегі озық үлгі мен тәжірибені енгізуден ректорымыз жалыққан емес. Сыпайы да сырбаз мінезіне қарай оқу орнын даңғаза дабырасыз, байсалды басқара білген ректордың ұстанымы “Мен істедім дегенше, ел істеді десеңші!”. Үлкен ұжымның әкесі, тәрбиешісі, ұстаздардың ұстазы бола білген Оңдасын Әшімов кімнің не тындырып жүргенін сабырмен бақылап отырады. Аспайды, саспайды. Алдына өскелең мақсат қоя біліп, соған жетуге үлкен ұжымды жетелеп, табандылық танытады.
Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнын, онда жұмыс істейтін талғамы күшті, талабы әрқилы, зиялы, сыншыл да шамшыл қауымды шашау шығармай басқару оңай емес. Әлбетте, мақтау үшін, оның ішінде 15 жылдай қызметтес болып келе жатқан азамат туралы пікір айту үшін дәлел керек. Сол дәлеліміздің ең бастысы – үлкен ұжымның ұйымшылдығы, ешкімнен бір ауыз бөтен сөз шықпауы. Оңдасын Әшімовтің тәрбиесі мен талантының басты жетістігі осы дер едім. Ол Алматы мен Астанадан шалғайда, өндірісі аз, аграрлық аймақта осындай оқу орнын іскерлікпен басқарып, абыройға ие болып келеді.
Еліміздің экономикасы мен мәдениетіне Солтүстік Қазақстан өңірінің жыл сайын еселеп қосып келе жатқан салмақты үлесін атасақ, сол жетістіктерге университетіміз бен оның ректоры да ортақ. Тарихты тұлға жасайды. Әр тұлға заманына сай қайраткерлік таныта білсе, еліміздің ертеңі бүгінгіден де еңселі, өміріміз жарқын болары анық.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік
университетінің профессоры,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері.