“Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы” деп қазақтың аңызға айналған ақыны Қасым Аманжолов айтқандай, мынау жарық дүниенің қайғы-қуанышын, өкініш-шаттығын көретін маңдайдағы қос шырақ емес пе? Он екі мүшеміздің әрқайсысының орны бөлек болса, жанарсыз өмір сүру, айналаңдағы адамдарды көре алмау қасіреттің қасіреті болар. Арамызда сондай зағип жандардың тірлік кешіп жүргенін білгенде, тіпті, олардың кейбіреулерінің мына өмірді көзі барлардан артық көретініне куә болғанда таңдай қағып, таңғалмасқа амал таппай қаламыз. Өмірден өзінің тиесілі орнын табуға ұмтылып, қоғамның бір кірпіші болып қалануға барын салып жүрген адамдар жайлы естігенде ішің жылып қоя береді. Қос жанарынан бірдей айрылған жерлесіміз, Петропавл қаласының тұрғыны Қайрат Қанафиннің зағиптар арасындағы әлемдік спринт бәйгелерінің іріктеу жарысында он үшінші орында тұрған биатлоншы әрі шаңғышы екенін біреу білсе, біреу білмес, бәлкім. Бойындағы ерік-жігерін, күш-қайратын игі іске жұмсап, тепсе темір үзетін жігіттердің жасай алмаған қыруар жұмысын атқарып, еліміздің атын әлемге паш етіп жүрген азаматпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесу үшін оған хабарласқанымызда ешқандай қарсылық танытпастан үйіне шақырды. Сұңғақ бойлы, дене бітімі де келіскен жанарсыз қазақ жігітін алғаш көргенде, бір мұңға берілгеніміз жасырын емес. Онымен әңгімелесе келе шын бақыттың еңбекпен өлшенетініне көзімізді әбден жеткізгендей болдық.
– Қайрат Айтпайұлы, мүмкіндігі шектеулі бола тұра, шаңғы жарысынан біраз шақырымдарды бағындырып, еліміздің мәртебесінің асқақтауына үлес қосып жүрген азаматсыз. Алдымен өміріңіз жайлы айтыңызшы?
– Мен 1975 жылы Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында қарапайым шаруа отбасында өмірге келдім. Бақытты балалық шағым да сол ауылдың баурайында алаңсыз өтті. Ондағы орта мектепті бітіргеннен кейін араға көп уақыт салмай Отан алдындағы парызымды өтеу үшін Алматыға әскерге аттандым. Оңтүстік астанамызда әскери борышымды өтеу мен үшін үлкен тәжірибе мектебіндей болды. Өйткені, шыны керек, орысша тәрбиеленіп, орта мектепті де сол тілде тамамдаған соң қазақшаға шорқақтау болып ержеттім. Айналамдағы бойларынан қазақылықтың иісі аңқыған қазақ жігіттері менің тілімнің әжептәуір қалыптасуына көп септесті.
Әскерден аман-есен оралған кезім Амангелдідегі туған-туыстарым, бауырларым, дос-жарандарым үшін үлкен қуаныш болды. Олардың ыстық ықыластарын сезінген мен өзімді елімнің ертеңіне жан-жүрегімен алаңдайтын, болашағына бейжай қарамайтын нағыз ер-азамат ретінде сезіндім. Содан кейін Покровка ауылшаруашылық колледжіне оқуға түсіп, зоотехник мамандығын игеріп шықтым. 22-23 жасымда, яғни қылшылдаған жігіттік шағымда ойламаған жерден өмірімде орын алған қайғылы оқиға болашағыма балта шапқандай орны толмас өкінішке душар етті. Өмірдің жақсы жақтарына жиі ұмтылатын жас жігіттің ойына қайғы, шер ұғымдары қайдан келсін?! Туған жерімде комбайншы болып жұмыс істеп жүріп, өндірістік ауыр жарақат алып, қос жанарымнан айрылдым.
Көздеп жүрген асқақ армандарымның, батыл мақсаттарымның бір мезетте күлі көкке ұшты, он жыл бойы өз-өзіме келе алмай үйде мүгедек қалпымда отырдым. Мен сол уақытта адамға сынақ ретінде берілген бес күн жалғанда қуаныш пен қайғының алма-кезек зулайтынын бағамдадым. 1997 жылдан бастап 2007 жылға дейін төрт қабырғаға қамалып, өзегін тырнаған өкінішпен күресуге дәрменсіздік танытып, өмірін құрдымға кетірген зағиптың жағдайы жайлы ойланып көріңізші? Бүгінде осы он жыл уақытты гүл өмірімнің зая кеткен жылдары деп есептеймін. Тағдырымның сынағына морт сынып, жастық қайратымды, алтыннан қымбат уақытымды жоғалтып алдым. Адамнан жасырсам да, Алладан жасыра алмаймын ғой. Азғындыққа бастайтын ащы суға құмартып, соған басыбайлы құл болып кеткен кездерім де болды. Осы он жыл ішінде жанарымда иненің жасуындай саңылау пайда болып қалар деген үкілі үмітпен бас сұқпаған аурухана аз шығар. Адамның көз тоқтатып қарауға батылы бара бермейтін келбетімді, бет-әлпетімді кемсітіп, келеке қылатын адамдар менің көңілімнің түкпіріндегі бір құлшыныстың, жігердің оянуына түрткі болды. Тауқыметіңе күле қарайтын жандар жігеріңді жанып, талабыңды шыңдай түседі екен. Дәл сондай уақытта көз алдыңдағы қара түнекті намыстың жарық сәулесімен серпіп тастауға дайын тұрасың.
– Бүгінде барлығы мүлдем басқаша ғой. Өзіңіз өкінішпен еске алып отырған өміріңіздің жақсы арнаға бұрылуына әлдекімдердің ықпалы болды ма? Кешегі көп адамға керексіз Қайрат бүгінде күллі қазақтың және мемлекеттің абыройын асқақтатқан Қайрат Қанафинге қалай айналды?
– Әрине, бұл да Жаратушы Иемнің маған берген бір нығметі, бәлкім! 2007 жыл болса керек. Таңертең теледидардағы жаңалықтарға құлақ түріп отырғам. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлерінің бар екенін естіп, бұл маған берілген үлкен мүмкіндік екенін іштей сездім. Сол күннен бастап спортқа ден қойып, күн-түн демей жаттыға бастадым. Әскери өмірдің қиындығына мойымауды үйренген маған спорттың кез келген түрін игеріп әкету қиынға соқпады. Алайда, үлкен додаларға қатысып, өзімді көрсету үшін қалталы азаматтардың көмегі, қолдауы қажет еді. Осы тұста менің биік белестерді бағындыруыма үлес қосқан жандарды айтпай кету жөн болмас. Халқымыздың “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген мақалы осындай кезде айтылмаушы ма еді?! Ең алғаш спорт сайысында бой көрсетуіме туған жерім Амангелді ауылдық округінің әкімі Теміржан Сәдуов, кәсіпкер Василий Шкодин сынды азаматтар қолдау білдірді. Осындай жомарт жандардың көмегімен спорттық сайыстарға қатыса бастадым. Әлі есімде, 2008 жылы Ресейдің Зеленоград қаласында мүгедек спортшылар арасында шаңғы спортынан өткен додада бақ сынап, жүлделі үшінші орынды еншіледім. Сайыста 42 шақырым 195 метрді бағындырып, мәреге үшінші болып жетуім мені одан сайын шыңдап, жарқын болашаққа жетеледі. Елімнің туын желбірету үшін мүмкіндігім шектеулі қалпыммен де атсалысатыныма нық сеніп, одан сайын жігерлене түстім.
– Мүмкіндігі шектеулі бола жүріп, көптеген биік белестерді бағындырдыңыз. Ресейден өзге Германияда, Канадада өткен халықаралық қысқы паралимпиадада топ жарып, еліміздің намысын асқақтатып жүргеніңізді білеміз. Жеңіл атлетикадан және шаңғы жарысынан спорт шеберісіз. Өміріңізді он екі мүшесі сау бола тұра, қоғамнан өз орнын таба алмай жүрген кейбір жандарға үлгі деп айтсақ қателеспейміз.
– Сочиде өткен қысқы паралимпиадалық ойындарға қатысып, тұңғыш қазақстандық биатлоншы атанғанымды толағай табыстарымның ішіндегі шоқтығы биігі деп айтар едім. Одан кейін Ұлыбритания, Финляндия сынды өзге де мемлекеттерде ұзын саны отыздан аса додада бақ сынап, біразынан жүлде алуым – еңбегімнің жемісі.
– Бар бақыттың бастауы отбасы, балашаға деп жатамыз…
– Әңгімемнің әлқиссасында өмірімнің түбегейлі өзгеруіне спорттың тигізген әсері жайлы айтқан едім. Соның арқасында ел көріп, жер танып, Қазақстанымның байрағын көкке желбірете жүріп, отбасын құрдым. Жан жарымның тағдыры да менікіне ұқсайды. Ол облыс орталығындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің химия және физика мамандығына оқуға түсіп, алғашқы курста оқып жүргенде көлік апатына ұшырап, екі көзінен бірдей айрылған. Бүгінде бір қызымыз бар. Бақытымыз да, байлығымыз да – сол. Ол Петропавлдағы №23 орта мектептің екінші сыныбында оқып жүр. Зайыбым екеуміздің көз жанарымыз тым нашар көретіндіктен, бізге күнделікті үй ішіндегі ұсақ шаруаларды атқарудың өзі қиынға соғады. Кейде ұялы телефонымызға хабарласқан адамдарға қайта қалай қоңырау шалуды білмей жатамыз. Міне, қызымыз сол секілді шамасы келетін жұмыстарға жәрдемдеседі. Біз жиі бас сұғатын жаттығу залына, мектепке, ауруханаға жақын жерден екі бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатырмыз. Пәтерақыға ай сайын 50 мың теңге төлейміз. Алдағы уақытта үйлі болып қалармыз деген үміт те жоқ емес. Осы уақытқа дейін қол жайып, қаржы сұрап әлдекімдердің алдына барған емеспін. Ең бастысы, өмірімнің баға жетпес байлықтары – жарым мен қызым, спортым жанымда. Олар мені биіктерге жетелей бермек.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Бүкіл әлемді, елімізді қыспаққа алып отырған дағдарыс бізді де алаңдатуда. Қаржының тапшылығынан биыл өтуге тиісті спорт додаларының біразы кейінге шегерілуде. Дегенмен, жаз айларына жоспарланған халықаралық сайыстарға қатысып, ел намысын қорғау үшін қызу дайындық үстіндемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.