«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР АНА

Бүгінде біздің Еңбек ауылында да соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жоқтың қасы. Сондағы үлкен көштің соңғы тұяғы – баршамыз “Аптай” деп атап кеткен Мәжкен Мейрамова. Ол – Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылының тумасы. Біздің ауылға келін болып түскеніне де жетпіс жылға таяды. Соғыс басталғанда балауса қыз болған ол әке-шешесінен ерте айрылып, жетімдіктің де тауқыметін көп көрген. Майдан даласында аяғынан жарақат алып, елге оралуға мәжбүр болған Дайыржан есімді жерлесіміз он алты жастағы Мәжкен тәтемізбен отау тіккен екен.

Он үш жасынан еңбекке араласқан Мәжкен Мейрамованың соғыс және соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарындағы еңбек майданы туралы айтар әңгімесі көп. Жұқалтаң келген тәтеміз қиын-қыстау замандағы ауыртпалықты қалай еңсерді екен деп ойлайсың? Жеңіс күнін жақындату үшін жанпидалықпен еңбек етіп, жігіттің атқаратын жұмысын еңсерген сондағы балашаға мен нәзік жандардың төзімділігі мен қайсарлығына тәнті боласың.  

– Таң сарғайып атып келе жатқан кезде егіс басында, қырман қасында боламыз. Күн батып, қараңғы түскенде аяғымызға шалына шаршап, үйге ораламыз. Тамақ ішуге де шамамыз келмейді. Оның үстіне жейтін тамағымыз да жоқ. Бір уыс бидайды қуырып жесек, мәз боламыз. Біздің сондағы мақсатымыз адал еңбек етіп, Отанымыздың қорғанысын арттыру, Жеңіс күнін жақындату болатын. Демалыс дегенді білмейміз. Жекеменшік малымыздан алынған етті, сүтті, майды, жүнді, жұмыртқаны өз аузымыздан жырып, мемлекетке өткіземіз. Сол еңбегіміз зая кетпеді. Біз жеңдік. Біз қуандық, – дейді Мәжкен тәтеміз.

Жеңістен кейінгі тіршілік те оңай болған жоқ. Соғыстан мүгедек болып оралған жанмен шаңырақ құрған тәтеміз отбасылық ауыртпалықты да өз иығымен көтеруіне тура келді. Ет тірлігінің арқасында күйеуін ІІ топтағы мүгедектік санатына қосқызды. Қаршадайынан қиындық көріп келе жатқан жанның өмірі жалғасқан сайын, дүниеге бала әкелген сайын жігері мен жауапкершілігі арта түсті. Орысшаға тілі сынған тәтеміз облкомға дейін барып, күйеуіне тиісті І топтың мүгедектігіне қол жеткізді. Сол зейнетақының алты бала өсіруге көмегі тиді. Жұмысбастылық пен баланың ата-әжесінің қолында өсетін қазақи дәстүріне көндіккен Мәжікен тәтей алдыңғы шетінеп кеткен алты баласын өз бауырына басып, өсіре алмағанына әлі күнге дейін қынжылады. Ол мына оқиғаны да көзіне жас алып баяндайды.

– Алты жасар тұңғыш ұлым енеммен көрші ауылға барып келгеннен кейін қатты ауырды. Бұл қызылша ауруының жайылып тұрған кезі болатын. Ауырып жатқан балам: “Апа, мен жазыламын ғой, иә”, – деп маған жәудірей қарайды. “Жазыласың, қарағым”, – деп жұбатқан боламын, ал жүрегім баламды жоғалтатынымды сезіп сыздайды. Осылайша жер қойнауына бес ұл мен бір қызды бердім. Тәубе, одан кейінгі алты балама Құдай ғұмыр берсін, – дейді.

Ауылымыз “Аптай” деп атап, алдынан кесе-көлденең өтпей сыйлап, құрмет тұтып келе жатқан жанның өмір жолы – естір құлаққа үлкен өнеге. Ол елімізді жаулардан қорғауға, бүгінгі егеменді еліміздің қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Осы аналардың жігері мен шыдамдылығына сүйсіне отырып, олардың нағыз қазақ әйелдеріне тән еңбек еткеніне көзіміз жетеді. Оларға бас имеске болмайды.

Лиза ҒАББАСҚЫЗЫ.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp