
Соңғы уақытта құқық қорғау органдарында ер-азаматтармен иық тіресе қызмет ететін нәзік жандардың қатары арта түсуде. Өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, басшылықтың үмітін ақтаған қыз-келіншектердің қатарында 22 жастағы учаскелік инспектор Зарина Елубаева да бар.
Петропавл қалалық полиция бөлімінде Заринаны білмейтін адам кемде-кем. Тәртіп сақшысы болуды бала күнінен армандапты. Оған себеп те жоқ емес. Анасы отыз жылға жуық уақыт әскери салада қызмет еткен. Оның өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауы, әрдайым ұқыпты жүруі қызына ерекше әсер етсе керек. Әсіресе, Зарина әскери форма киген анасының әсем келбетіне сүйсініп, бұл мамандыққа деген қызығушылығы одан сайын арта түскен. Мамандық таңдау сәті жеткен тұста болашағын құқық қорғау саласымен байланыстыруды ұйғарған ару Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын ойдағыдай тамамдап, жолдамамен Қызылжарға оралған. Бүгінде талабы таудай Зарина №13 учаскелік полиция пунктінде қызмет атқарады.
Учаскелік полицейлердің жұмысы күндіз-түні қарбаласқа толы. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалаумен қатар сотталғандармен, құқық бұзғандармен тікелей жұмыс істеуі керек. Бұдан басқа отбасында жанжал шығарған азаматтарды жауапқа тарту да негізгі міндеттердің қатарында. Алғашында қаршадай қызға бұл міндеттерді орындау оңайға соқпапты. Бірақ Зарина әріптестерінің көмегімен тез үйреніп кетті. Білім алып жүрген кезінде жергілікті полиция бөлімінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тәжірибеден өтіп, полицейлер жұмысын әжептәуір меңгеріп алған. Бүгінде жас маман полиция пунктінің аға учаскелік инспекторы Дәулет Ромазановтың және өзге де әріптестерінің көмегімен құқықтық тәртіп орнатудың қырсырына қанығып, погон таққан ер-азаматтармен қатар табысты еңбек етуде. Оның облыс бойынша жалғыз нәзік жанды учаскелік полиция инспекторы екенін атап өткеніміз жөн.
Зарина сегіз қырлы бір сырлы. Бірнеше жыл қатарынан оркестрде өнер көрсетсе, футбол мен дартстан үздік ойыншылардың қатарында. Бұған қоса өткен жылдың қорытындысы бойынша жас маман қалалық полиция бөлімінің үздік қызметкері атағын жеңіп алған.
Алина НҰРТАЗИНА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.
СУРЕТТЕ: З.Елубаева.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.