«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ТҰЛҒА, ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР

Үстіміздегі жылдың 22 маусымында көрнекті мемлекет қайраткері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социа­листік Еңбек Ері Еркін Әуелбеков тірі болса 90 жасқа толар еді. Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияны қызыл дип­ломмен тамамдап, еңбекке ерте араласқан Ерекең өмір жолында ұсынылған лауазымның бәрін мінсіз атқарып шықты. Ол бүкіл болмысымен әділетсіздік пен заңсыздыққа жол бермейтін, ұлты мен еліне қатысты өрескелдіктермен аяусыз күрескен азамат ретінде де тарихта өшпес із қалдырды. Замандастарының айтуынша, парасатты тұлға өмірінің соңына дейін сол болмысынан айнымай, ұлтына жанашыр қайраткер ретінде таныла түсті.

…Көкшетаудан шыққан жеңіл көліктер кортежінің алған бағыты әуежай болатын. Облыс басшыларының Бурабайға қысқы демалысқа келген КОКП Орталық комите­тінің бірінші хатшысы Леонид Брежневті шы­­ғарып салуға келе жатқан сәті. Жыл­дам­­дығын бәсеңсітпеген кортеж бірден ­Мем­лекет басшысының ұшағының жанына барып тоқтады. Көліктен түскен Леонид Ильич асықпай басып, қаз-қатар тізілген облыс басшыларымен қоштаса бастады. Еркін Әуелбековтің тұсына келіп жеткенде оның сол жағында тұрған обкомның екінші хатшысы Василий Загорскийге қол бермей, бірден қазақ азаматына жақындай түсіп: “Еркін Нұржанұлы, мәнді демалыс ұйым­дас­тырғандарыңа рақмет. Ризамын. Жұ­мы­сыңа сәттілік тілеймін, алған бағытың­нан тайма!” – деп ризашылығын білдірді де ұшаққа қарай беттеді.

Қоштасудан соң кабинетіне кірген Еркін ағамызды обкомның ауыл шаруашылығы саласын басқаратын хатшысы Евгений Золоторев сөзге тартты:

– Еркін Нұржанұлы, терең ойда отырған сияқтысыз, мен сізге кедергі жасаған жоқпын ба?

– Жоқ Евгений, мен Леонид Ильич “ал­ған бағытыңнан тайма!” деп, нені меңзеге­нін түсінбей отырмын және не себепті ол Ва­силий Никоноровичке қол бермей кеткенін ұғына алар емеспін.

– Еркін Нұржанович, егер білгіңіз келсе, оны екінші хатшыңыз Загорскийден сұра­ңыз. Ол сіздің қай ауданға баратыныңызды, немен шұғылданып жүргеніңізді бәрінен жақ­сы біледі. Леонид Ильичке сіз туралы жақсы әңгіме айтты деп ойламаймын. Ол сіздің есіктен шыққаныңызды аңдумен бол­ды, – деп хатшы жауапты қысқа қайырды.

Золотаревты шығарып салған соң Ере­кең өзіне тән шапшаң қимылмен Дінмұха­мед Қонаевқа телефон соғады. Димекең де оның телефон соғуын тосып отырғандай, Ерекеңнің дауысын бірден танып: “Жағдай­ла­рың қалай, Леонид Ильичті шығарып сал­дыңдар ма, көңіл-күйі қалай екен?” – деп сұрақтарын қоя бастады.

– Көңіл-күйі жақсы, ризашылығын білді­ріп қайтты. Менің сізбен ақылдасатын бір шаруам бар еді.

– Тыңдап тұрмын, айта бер, Еркін.

– Екінші хатшы Василий Загорскийді бас­қа жұмысқа ауыстырсаңыз, олай болмаса мен жұмыстан кетемін, – деп Ерекең бірден өз өтінішін жайып салады. Мән-жайды тың­дап ­болған Димекең өзіне тән сабырлы дауыспен:

– Еркін, бұл мәселені ертең шешермін. Ол республикалық кәсіподақтар Кеңесіне хатшылыққа ауысады. Бұдан былай жұ­мыс­тан кетем дегенді мен естімейін. Сен сияқты іскер де батыл обкомның бірінші хатшыларын дереу даярлап шығаратын менде инкубатор жоқ. Екінші хатшы бола­тын кадрды өзің таңдай бер, – деп Димаш Ахметұлы әңгімесін тамамдады.

Кабинетінде жеке қалған Еркін ағамыз ойға беріле отырып, осыдан он бір жыл бұ­рын өзі туып-өскен Көкшетау облысына­ об­комның бірінші хатшысы болып сайлан­ға­нын еске түсірді. Ия, уақытта өлшем жоқ де­ген осы емес пе?! Бұдан соң Ерекең өткен жылдарды көз алдына елестетті. Мәскеу­дегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашы­лығы академиясын қызыл дипломмен бі­тір­­геннен кейін ол еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысындағы “Марьевский” сов­хозында бастаған еді. Оның алдында бас аг­роном болып қызмет еткенді. Ал егін ора­ғы кезінде аудан басшылығы жігерлі аза­матқа совхоз директорының міндетін атқа­рушы лауазымын қатар алып жүруді тапсы­рады. Сол кезде Ерекең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден шаруашылық жұмысы­на қызу араласып, өзінің білімі мен білікті­лігін көпшілікке таныта білді. Егін орағы та­бысты аяқталып, шаруашылық жұмысын қорытындылаған облыс және аудан бас­шы­лары Еркін Әуелбековті совхоз дирек­торы етіп бекітті.

Директорлық қызметінде Ерекең алды­мен халықтың әлеуметтік тұрмысын жақ­сар­туды қолға алды. Тың игеру жылдары жаңа салынған үйлер бірінші кезекте одақ­тас республикалардан көшірілген басқа ұлт өкілдеріне беріліп, өзіміздің ағайындар шет­қақпай қалатын. Сол жағдайды байқа­ған Ер­кін ағамыз ауылдастарымен ақылдаса келе, көпшілікті асарлық әдіске жұмылды­ра білді. Бүкіл ауыл тұрғындары бос уақыт­тарында үй тұрғызып, ұйымшылдықтың ар­қа­сын­да бір маусым ішінде баспаналарын жақсартып алды.

Еркін Әуелбеков тұрғындардың әлеу­мет­тік жағдайын жақсартып, өнім өндірудің қосымша көздерін іздестіріп, еңбек адам­дарының күш-жігерін игі істер­ге жұмыл­дыра да білді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары кадрларды таңдауда ұйымдас­ты­ру қабілеті зор, қай қызметте болсын, өзін жақсы қырынан көрсете білетін адал да ары таза адамдарға назар аударыла­тын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысын­да істеген қысқа уақытта өзін сондай қы­рынан көрсете білді. Қарапайым халықпен бірге қызу еңбекте қайнап пісті. Болмысын­дағы алғыр мінез де, жан-жақты іскерлік те, өжеттілік пен ерлік те, міне, осындай қырымен бой көрсетіп, осы қасиеттер жас жігіттің азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түсті. Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жетпес уақытта абыройлы азамат осы облыстағы лауазымды қызметтердің бәрін жемісті ат­қарып шықты. 1961 жылы Солтүстік Қазақ­стан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, одан соң облыстық партия комитетінің екін­ші хатшылығына, көп ұзамай облыстық ат­қару комитетінің төрағасы қызметіне бе­кітілді. Осынша лауазымды мінсіз атқарып, салауатты да салиқалы қалпынан айны­майтын Ерекеңнің тұлғасынан парасат-пайымы және байыпты іскерлігі сезіліп тұ­ра­тын. Облыс жұртшылығы да жігерлі­ жас­ты осындай қырынан тани білді. Қабыл­дауға келгендер ақыл-кеңес сұрап, қашан­да риза көңілмен қош айтысатын. Осындай құрметке ие болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермес бақыт деп білемін.

Республика басшылығы Еркін Нұржан­ұлы­ның табандылығы мен дарындылығын, адамдармен тез тіл табысып, оларды ортақ іске жұмылдыра білу қасиетін бағалап, оны өзге де қызметтерге тағайындады, орда бұзатын отыз жастағы Еркін сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Мәсімхан Бейсебаевтың ұсынысы­мен Ауыл шаруашылығы министрінің бірін­ші орынбасары болды. Талабы таудай жас осындай жауапкерші­лігі зор республика­лық көлемдегі қызметті атқаруға тас түйін дайын еді. Өзіне де, басқаларға да қатаң талап қоя білетін ол бұл жұмысты да ұршықша үйіріп әкетті.

Еркін қай жерде жүрсе де, азаматтық келбетін сақтап, әкесінің: “Балам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын ешкімге таптатпайтын бол”, – деген нақы­лы­на берік болуға тырысты. Сондықтан да болар ол елінің дамуы мен ұлтының өсіп-өркендеуіне үлес қосуды өмірлік мақсат етіп, осы жолда аянбай тер төкті. Министр Моторика қазақ азаматының бұл қылығына қанша қарсы шыққысы келгенімен, Еркін Нұржанұлының білімпаздығы мен қиыннан қиыстырып сөйлейтін шешендігінен сеске­нетін еді. Сол себепті ол Дінмұхамед Қо­наев­пен кездескен сайын Әуелбековке қамқоршы болғансып, оны еңбек баспал­да­­ғын­да өсіру керектігін жиі-жиі айтып жү­ретін. Екі басшының арасындағы тартыс­тың тамыр жайып кетуін қаламаған Дінмұ­хамед Ахметұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті Моторикаға жығып бермей, сол тұста оны Қазақ КСР-ы Астық өнімдері және құрамажем өнеркәсібі министрі етіп жоғарылатып жіберді.

Тың игеру жылдары еліміздің ауыл ша­руашылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған байланысты біздің жерімізге Ресей мен басқа республикалар­дан ағылған кадрларда есеп болмады. Олар солтүстік облыстарға көптеп шоғыр­лан­ды. Мұндай көрініс республиканың бі­рінші басшысы Димаш Қонаевтың да наза­рында болды. Көкшетау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау кезінде таңдауға көп іркілген жоқ. Жас та болса басшылық қызметтің түрлі сатысын­да ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттың өкілі болуына байланысты жергілік­ті кадрлардың үнемі назардан тыс қалаты­нын, жас қазақ мамандарын даярлап, олар­ды шаруашылықтың түрлі салаларына ор­наластыру керектігін, оларға қолдан­ кел­генше жағдай жасау қажеттілігін ескертті.

Бірінші басшылық қызметте жүріп, Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығын республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосты, ұлттық кадрлардың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық жасап отырды. Диқандар арасынан үздік жетістіктерге жеткен қазақ жігіттеріне Социалистік Еңбек Ері атағын алып берді. Көптеген аупарткомның бірінші хатшылығы мен аудандық атқару комитеттері төраға­лығына жергілікті кадрлар тартылды. Білікті басшы кадрларды іріктеуде тамыр-таныстық немесе жекжаттыққа емес, адамның қабілеті мен іскерлігіне ерекше назар аударатын. Ерағаның осындай адал еңбегін Леонид Брежнев те байқап, жоға­ры­да айтып өткен кездесуінде әділ баға­сын берсе керек. Нәтижесінде қырық беске келген шағында Еркін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жаста мұндай атақ республикадағы обком хат­шыларының біріне де берілмеген еді.

Әуелбеков алдымен экономикасы артта қалған Торғай облысын түлетуге жіберілсе, екі жыл толар толмастан соң билік оны “Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік саласын көтеру үшін” деген дақ­пыртпен Сыр өңіріне жөнелтті. Бірақ ­қиын­дықтан қаймықпайтын Әуелбеков үшін мұндай “тағайындау” оның жігеріне құм құя ал­мады. Қайта ол екі облыстың д­а пробле­маларын шешуге бар күш-жігерін жұмсап, алдыңғы қатарға көтерді. Еркін Нұржанұлы Қазақстан компартиясының ХVI съезінде делегаттарға Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келгенін, оған республика басшылығы тарапынан жеткі­лік­ті көңіл бөлінбегенін, уақыт талабына сай халқының 98 пайызын қазақтар құрай­тын аймаққа ерекше назар аудару қажет­тігін ашына жеткізді.

Торғай облысында басшы болып істеп жүргенде обком партиясына тұрғындардан жаппай хат түсе бастады. Хаттың негізгі мазмұны былай еді: “Облыс орталығын­да­ғы ет комбинаты жұмыс істеп тұрса да, оның өнімдері өтпей қойған. Халық өтініші­нен соң Еркін Нұржанұлы дереу облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Иван Шутякты шақырып алып, мәселенің анық-қанығына жетуді тапсырды. Тексеру кезін­де мынадай жайт анықталады. Өнім да­йын­дау мен оны тарату саласында істей­тін­дердің қатары кілең басқа ұлт өкілдері­нен тұрған. Олар қылмыстық топ құрып, дайын ет өнімдерін Кавказға және басқа өңірлерге заңсыз түрде жөнелтумен айна­лыс­қан. Еркін Нұржанұлының табандылы­ғының арқасында, бұл қылмыстық топтың мүшелері ұсталып, сотталды. Бұдан соң ғана ет комбинатының өнімдері облыс хал­қының кәдесіне жарап, комбинатқа қазақ мамандары тартылып, әділдік орнады”.

Еркін Нұржанұлы Байқоңыр космодро­мы әскери басшылығының өзімшілдігі мен шектен шыққан әрекеттеріне тұңғыш рет қарсы шыққан қазақ басшысы еді. 1986 жыл­дың көктемінде Байқоңыр әскери бө­лімшесінің кінәсінен Сырдарияның төменгі сағасындағы облыс халқының жартысына жуығы тұратын Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласын уландыру қаупі төнді. Осы жағдайға бай­ланысты Еркін Әуелбеков КОКП Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Ми­хаил Горбачевке шығып, мән-жайды түсін­діреді. Дереу Мәскеуден арнайы комиссия келіп, аталған мәселе облыстық партия комитетінің бюросында қаралады. Еркін Нұржанұлы космодром басшысы генерал-лейтенант Юрий Жуковты аяусыз сынай­ды. Мұндай қылмысты аяқсыз қалдыруға болмайтынын, заң бойынша осыған жауап­ты космодром басшысы Жуковты партия­дан шығарып, сотқа беретінін мәлімдейді. “Сасқан үйрек артымен сүңгиді” дегендей, генерал Жуков өлермен жағдайға түсіп, Әуелбековтен кешірім сұраумен болды. Бұдан былай жергілікті билік органдары мен тұрғындар мүддесіне қол сұқпайты­нын, аймақтың экологиялық талаптарын қа­таң сақтайтынын айтып, ақталды. Осылай­ша, жөн-жосықсыз кеткен космодром бас­шысын Еркін Нұржанұлы сабасына түсірді.

Мен өзім 1989-1991 жылдар аралығын­да КСРО Жоғары Кеңесінде парламент тіл­шісі болған кезде Еркін ағаны талай кез­дес­тірдім. Бір жолыққанымда: “Мынадай күйі­міз­бен елден айырылып, халықты тентіре­тіп жіберетін шығармыз”, – деп ішіндегі кү­йігін жайып салып, билік басындағы тар­тысқа алаңдаулы екенін жасырмап еді. Шынында да, көпшілікті ұшқыр ойымен, өткір сөзімен, қонымды ұсыныстарымен өзіне қаратып алатын асыл ағаның осын­дай күйзеліс жағдайда жүргенін көру бізге әрі өкінішті, әрі ауыр еді.

Әуелбековтің асыл азамат болғанын дә­лелдейтін тағы бір факт айта кетейін. Сар­бас Ақтаев, Қажы Қорғанов дейтін жур­на­лист әріптестеріммен алғаш рет КСРО ха­лық депутаттарының I-ші сессиясына бар­ғанымда Мұхтар Шахановпен кездеске­ні­міз бар. Мұқаң бәрімізбен жылы аманда­сып, амандық-саулық сұрасқан соң біреуді із­дегендей жан-жағына қарап алды да: “Ал жігіттер, ана жерде оқшаулау жүрген Еркін ағаларыңа сәлем бергендерің жөн болар. Естеріңе салайын, мен халық депутаттары­ның бірінші съезінде әзер дегенде кезек алып, мінберден 86-шы жылғы желтоқсан оқи­ғасына байланысты ащы шындықты жет­­кіз­генімде, еліміздің 99 депутаты маған сырт қарап, амандаспай қойған. Сонда Ере­кең ғана маған жақындап: “Жарайсың, Мұх­тар, азаматтығыңды таныттың”, – деп ар­қамнан қаққаны бар. Өзім жабырқау жүр­ген­де, оның осындай адамгершілігі маған үл­кен әсер етті”, – деп Мұхаң ағынан­ жа­рылды.

Еркін Нұржанұлы туралы материалдар жинаған кезде сөзге тартқан азаматтардың бәрі де Ерекеңнің азаматтығы мен адалды­ғын, қызметтегі іскерлігін, жұмыста қанша қатал болғанымен, қарапайым адамдарға деген көзқарасы сыпайы да әділ болаты­нын, адамдармен тез тіл табысып, оларды келелі істерге жұмылдыра білетін қасиетте­рін ерекше атап өтті. Мемлекеттік қызметті мінсіз атқара жүріп, Әуелбеков әрі таза, дарынды басшы ретінде елге кеңінен танылды. Абзал азамат кенеттен дүниеден өткенде, халық адалдық пен азаматтықты ту етіп өткен қайсар тұлғалы перзентінен айырылғанына қатты қайғырды.

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp