Осы орайда ғұндардың ұлы қағаны Мөденің (біздің заманымызға дейінгі 228-174 жылдарда ғұмыр кешкен) жерді аман сақтау туралы айтқан мына лебізіне қалайша таңғалмассың?! Бірде әбден асып-тасыған көрші мемлекеттің патшасы Мөдені ықтырып алу мақсатымен елші жіберіп, сүйікті әйелін сұратады. Ғұндардың көсемі ойланбастан жауына әйелін жетектетіп жібереді. “Мұныңыз не?” – дегендерге ол: “Менің әйел үшін қан төккім келмейді. Аман болсам, осы елден тағы бір сұлу табылады!” – дейді.
Екіншіде әлгі патша Мөденің аузымен құс тістеген жүйрігін сұратады. Оны да беріп жібереді. “Мұныңыз не?” – дегендерге: “Сырты түкті, іші боқты бір жылқы үшін қан төгем бе? Осы елден одан да асқан сәйгүлік бұйырады”, – дейді Мөде.
Үшінші жолы әбден есірген патша елшілерін жіберіп, Мөденің елінен жер бөліп беруді талап етеді, әйтпесе, соғыс ашатынын мәлімдейді.
Сонда Мөде тұрып: “Енді болмайды. Әйелім мен атым өзіме тиесілі еді. Тыныштықты сақтайын деп, беріп жібердім. Ал жерімді бере алмаймын. Ол – менің емес, халқымның меншігі! Патшаңа айт, тұрысатын жеріне келсін!” – деген екен.
Біздің Алаштың арыстары да кіндік қаны тамған жерінің бір пұшпағын да жауға бермеуге ат мініп, қару алып, қан-майданға шыққаны тарихтан белгілі. Қазақтың қай ханын алмайық, жерін қасық қаны қалғанша қорғап, бізге қазіргі дүниеде көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын, шапса – тұлпардың тұяғы тозатын, құстың қанаты талатын, Алтайдан – Атырауға, Іледен – Есілге дейінгі жерімізді тәбәрік қылып кетті. Қасым, Есім, Тәуке, Салқам Жәңгір, айбынды Абылай, оның соңғы тұяғы арыстан Кенесары Алаш аумағының тістегеннің аузында, жұлғанның жұмырында кетпеуі үшін майдандасты. Соның нәтижесінде ұлы құрбандықтарға барды.
Қаһарман Махамбет Өтемісұлы:
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырқыстық,
Тептер үшін тебістік, – демеп пе еді?!
Алаштың арыстары да бодандықтың шаңын қағып, бостандық туын желбіреткенде туған Отанның қамын ойлап, бастарын бәйгеге тіккен. Жерімізді бөлшектеп, тоқты-торымның терісіндей талан-таражға салу Кеңес билігі кезінде патша заманындағыдан да асып түскен.
Осындай аждаһамен алысқандардың бірі ұлы перзентіміз, кезіндегі Смағұл Сәдуақасов сияқты көл қорыған қызғыштай болған ұлтжанды азамат Жұмабек Ахметұлы Тәшенев Хрущевтің жерімізді талапайға салу саясатына ашық қарсы шыққан.
Биылғы 20 наурызда мемлекет және қоғам қайраткері Ж. Тәшеневтің туғанына – 100 жыл. Ол 1915 жылы Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Танакөл деген ауылда дүниеге келген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Ол елін таныған, елі оны таныған қайраткер дәрежесіне жеткенге дейінгі қызметтерін айтпай-ақ, 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948-1952), Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (1952-1955), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы (1955-1960), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1960-1961) қызметтерін атқарғанын тілге тиек етсек, айтса айтқандай мемлекет қайраткерінің тұлғасын көреміз.
Кейін ол қуғындалып, Кеңес одағы басшыларының қырын қарауынан осы биігінен төмендеп, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Оның басына бұлайша бұлт үйірілуінің астарын Жұмабек Ахметұлының Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтау жолында КСРО басшыларына қаймықпай қарсы шығуынан байқаймыз. Атап айтқанда, 1950-1956 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал, Бостандық аудандарын «Мақта өсіруге қолайлы» деген желеумен Өзбекстанға беру, Маңғыстауды Түрікменстанға қосу мәселесі қозғалады. Ал теріскей өңірлердегі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Ақмола облыстарын «Тың игеру мақсатында» деген сылтаумен Ресейдің қарамағына өткізу мәселесі көтеріледі.
“Шешінген судан тайынбас” демекші, нақ осы сәтте қайсар қайраткер Жұмабек Тәшенев СОКП Орталық Комитетінің шешіміне батыл қарсы тұрып, өз ойын тайсалмастан айтқаны – тарихи шындық. Н. Хрущев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелерін Мәскеуге алдырып, Қазақстанның аталған бес облысын Ресейге қарату туралы мәселені талқыға салғанда, Жұмабек Ахметұлы былай деген екен: “Я родом из Акмолинска. Двенадцать лет работал в Северо-Казахстанской области. Мой родители и их родители, да и все наши предки покоятся на этой земле. И вы теперь хотите передать эту землю России? Вдумайтесь, товарищи, какой казах с этим согласится?.. Я, например, категорически против постановки данного вопроса!”
Бюро мүшелері осы батыл сөзден сескенгендіктен, анығында, Ж. Тәшеневтің қазақ халқына сүйеніп тұрып айтқан қарсылығы ойландырғандықтан, жеріміз аман қалған.
Жұмекең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметін атқарғанда КСРО-дағы қалыптасқан тәртіп бойынша бір айдай уақыт Мәскеуде Жоғарғы Кеңестің Төралқасының Төрағасы міндетін атқарып отырған. Осы іссапарға аттанар алдында ол Жазушылар одағында болып, Сәбит Мұқановпен және Ғабит Мүсіреповпен кездесіп, қандай мәселелер толғандырып жүргенін сұрайды. Екі ағасы оған Бауыржан Момышұлының Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмай жүргенін, мүмкін болса, осы мәселені бірыңғайлап қайтуды өтінеді.
Мәскеуге барысымен ол мұрағаттағы материалдарды мұқият қарастырып, Жоғарғы Кеңесте маршал Коневті қабылдайды. Конев Баукеңе мұндай атақты беруге қарсылық білдіргенін алға тартады. “Ол Кеңес Одағының офицеріне қарама-қайшы әрекеттер жасады” – деп айыптайды. Сондағы дәлелі – Б. Момышұлына “ұлтшыл” дегендей айып тағуы. “Мен бір айтқанымнан қайтпайтын адаммын!” – деп қасарысып отырып алады. Жұмекең де өзінің дәлелін, Б. Момышұлының Мәскеуді ең қиын кезде жаудан батылдықпен қорғағанын, оның бұл ерлігі осы Кеңес Одағының Батыры атағына лайық екенін жеткізеді. Алайда, екі жақ келісімге, яғни ортақ шешімге келе алмай тарқасады.
Ж. Тәшеневтің қайсарлығы қазақтың тілін, ділін, бұқаралық ақпарат құралдарын қорғауда да айқын көрініс тапқан. Ол Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Леонид Брежневтің басшылығымен “Қазақ әдебиеті” газетін жауып тастамақ, “Социалистік Қазақстанды” “Казахстанская правданың» аудармасы етіп шығармақ болғанда да қайсарлық танытып, бұл шешімді қабылдатпай тастағанын ұлтымыздың көрнекті жазушылары, журналистері, өнер адамдары аңыз қылып айтатынын естіген едім. Сол талқылауға қатысқандардың арасында солқылдақтық танытып, жоғары биліктің сойылын соға сөйлеген ұлт зиялылары да болғанын өкінішпен айтуға тиіспіз. “Социалистік Қазақстанның” редакторы Қасым Шәріпов осы шешім өзінің көңілінен шығатынын, сондықтан онымен келісетіндігін, “Казахстанская правда” газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет етуге қарсы еместігін айтып, жалпақшешейлік білдіргенде жиында отырған Ж. Тәшенев: “Социалистік Қазақстан” газетін ашқан да, жабатын да сен емессің!” – деп тыйып тастаған екен.
Қайсар қазақтың осындай батылдығына Кеңес Одағының партия басшылары соққысын сайлап, оны Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінен төмендетіп, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына қуған.
Осы қызметті 1975 жылға дейін атқарған Жұмабек Ахметұлы сол уақытта одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққанды.
Ол 1986 жылғы 18 қарашада Шымкентте өмірден озды. Ол топырақтан тысқары күнінде қазақтың жері шүйгін Мақтаарал, Бостандық аудандарының және кейбір ауылдарының Өзбекстанға беріліп кеткенін өзінің жеке басының қайғы-қасіретіндей көргенін зиялы азаматтар айтып жүрді. Бұл жөнінде жазушы, ғалым, мемлекет қайраткері Әди Шәріповтің естелігі де бар.
Ал Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов Ж. Тәшеневпен 1945 жылы елге демалысқа келе жатып, “Мәскеу-Петропавл” пойызында танысқанын, кейін оның қайсарлығын өзінің соғыста көрсеткен ерлігінен кем бағаламайтынын жазғаны да белгілі. Ол: “Жұмабек Тәшенев қандай қызметте болса да, ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халқының жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдына тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді”, – дейді.
Жазушы Кәрішал Асанов Жұмекең туралы “Шынжырда өткен жолбарыс” деген кітап жазып, қайсар қазақтың күрескерлік тұлғасын суреттеді.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.