«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ҚАЛАМГЕР

Өңір шежіресін қара сөзбен кескіндеген бір ғасырлық тарихы бар «Soltústіk Qazaqstan» газетін көпшіліктің «қарашаңырақ» деп құрмет тұтуы бекер емес. Өйткені, мұнда ұлт игілігі жолында небір асыл азаматтар қалам қарымымен қызмет етті. Маған да есімі көпшілікке мәлім азаматтармен қатар еңбек ету бақыты бұйырды. Редакция табалдырығын 1966 жылы аттаппын. Кеңес одағы тұсында баспасөз күні 5-ші мамырда аталып өтілетін.Дәл осы күн редакция қызметкерлері үшін қос мереке еді. Әріптестерім төл мерекемен қатар басылымымыздың ақсақалы, соғыс ардагері редактордың орынбасары Рәшид Бәдірленов ағамызды туған күнімен құттықтауды да ұмытпайтын. Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр.

Журналистік жолдың бейнеті көп. Сондықтан мұнда қаламгерлікті сүйетін, қиындықтан қорықпайтын және уақытпен санаспай еңбек ете алатындар ғана тұрақтап қалады. Газетке мен де жүрексініп келдім. Алдымен менің жазу қабілетім егжей-тегжейлі тексерілді. Хат және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ғазез Нұрмолдин автор хатын қорытуды, яғни газетке дайындауды тапсырды. Одан кейін аударуға материал берілді. Мақаланың мәтіні өте ауыр болғанын осы күнге дейін ұмыта алар емеспін. Әрі мұндағы журналистерді газет арқылы ғана танимын. Сондықтан оларға жақындап, көмек сұрауға батылым да жетпеді. Әйтеуір қинала отырып, тәржімалап бердім-ау.
Бір уақытта мені редакторға шақырды. Бес-алты адам столды жағалай отыр екен. Басшының кабинетінің табалдырығын имене аттадым. Көпшілік мен дайындаған материалдар жайлы өз пікірлерін айтып, алдағы тағдырым талқыға түсіп жатқанын бірден түсіндім. Редактор олардан нақты шешімдерін сұраған сәтте:
– Жазуы жаман көрінбейді, төселіп кететін түрі бар, қызметке алу керек, – деді дене бітімі жұқалау, егде тартқан ағамыз. Оның сөзін басқалар да құптады. Кейін білгенімдей, ол редактордың орынбасары Рәшид Бәдірленов екен. Сөйтіп, Рәшид ағамыздың бір ауыз жылы сөзі менің өмірімді басқа арнаға бұрып, редакцияға қызметке қабылдандым.
Ол кезде редакторда екі орынбасар болатын. Біреуі Сұлтан Темірханов еді. Ал Рәшид Бәдірленов редактордың орынбасары әрі насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін қатар атқарды. Есімде қалғаны, журналистердің материалын өте ыждаһаттылықпен оқып, мұқият тексеретін. Өйткені, газетте қалыптасқан қатаң тәртіп соны талап етеді. Бір қызығы, ол кісі мақалаларды дауыстап оқитын. Тілшілердің жазғандары ұнамаса, үстінен күзеп, жұп-жұмыр қылатын. Ол уақытта “Ленин туының” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) беттері қазіргіден екі есе үлкен, оның үстіне аптасына бес рет шығады. Газеттің жаңа санына корректордан бөлек, екі журналист кезекшілік атқарады. Рәшид ағамыз сонда да төрт бет газеттегі барлық материалдарды тағы бір мәрте көзбен шолып, тексеріп шығуға ерінбейтін.
Біз ол кісіні Рекең деп сыйлаушы едік. Өте ұқыпты болатын. Мақала жазарда алдымен ақ қағаздың үстіне сызғышты қойып, қарындашпен сызып алатын. Жазғандары қағаз бетіне маржандай болып түсетін. Материал терушілер басқа журналистердің жазғандарын түсінбей қиналғанда Рәшид Бәдірленовті үлгі қылып айтатын еді.
Рекең өмір жолын өзі туып-өскен Бейнетқор (бұрынғы Совет, қазіргі Аққайың) ауданындағы Үлгі ауылында қарапайым жұмысшыдан бастады. Содан кейін Петропавлдағы педагогикалық училищеге оқуға түсті. Оны тамамдағаннан кейін туған ауылына қайта оралып, бастауыш мектепте мұғалім болып істеді. Жас мұғалімнің іскерлігіне, ұқыптылығына сүйсінген аудан басшылары оны партия қызметіне шақырды. Сөйтіп, аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Көп ұзамай оны аудандық “Социалистік еңбек” газетіне редактор етіп тағайындайды. Қазақ тіліндегі бұл газет 1933 жылдан бастап Бейнетқор, 1940-1962 жылдары Совет ауданында шығып тұрған. Ал 1966 жылы облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетіне редактордың орынбасары қызметіне тағайындалады. Қызмет істей жүріп, Алматының жоғары партия мектебінде оқыды.
Рекең – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Ол міндетті әскер қатарына 1939 жылы алынады. Ол уақытта әскер мерзімі үш жыл болатын. Туған жерге оралатын уақыт жақындағанда қанқұйлы соғыс басталып кетеді. Ардақты азамат екінші Белорусь майданының жеке саперлық батальоны құрамында болғанын біздерге талай мәрте әңгімелеп берген еді.
– Сапер өмірінде бір-ақ рет қателеседі, өте сақ болыңдар! деп командиріміз біздерге қатты ескертіп отыратын, – дейтін Рәшид Бәдірленов соғыстағы қорқынышты күндерді еске алғанда. – Фашистердің жасырып кеткен жарылғыш заттарын іздеп, тауып, залалсыздандыру біздің, саперлердің, міндеті. Ажалмен бетпе-бет келу оңай емес. Бір қате қадам жасасаң өмірің қиылады. Біз жолды минадан тазартып болғаннан кейін ғана жауынгерлер де, қару-жарақ та алға жылжиды. Сондықтан бұл өте қауіпті әрі жауапты іс болатын.
Соғыс туралы әңгімелерін айта түссе екен деп, біз сұрақтарымызды жаудырып, оны ыждаһаттылықпен тыңдауға дайын екенімізді білдіріп, үздіге қараймыз.
– Соғыстың аты – соғыс. Кескілескен ұрыстан тірі оралуың екіталай. Бірде күтпеген жерден жау шабуыл жасап, атыс-шабыс басталып кетті. Жағалай бомбалар жарылуда, зеңбіректердің оғы төбемізде зулайды, не керек жер үсті астан-кестен болды. Кімнің қайда екенін түсініп болмайды. Осындай абыр-сабырда жолдастарымнан айырылып, адасып қалдым. Оларды іздеп әуреге түсіп, әрлі-берлі жүгірдім. Жолшыбай кездескен жауынгерлерден біздің батальонды сұраймын, бірақ олар да бейхабар. Сөйтіп жүргенде бір штабқа кезіктім. Орысша білмеген жаман екен. Кеңсеге кіріп, шамалы орысшаммен командирге мән-жайды түсіндіргендей болдым. Бірақ ол мені ұқпаған секілді.
– Дезертир! Расстрелять! – деді.
– Никак нет, товарищ командир! – деймін сасқанымнан. Сонда ғана ол менің адасып қалғанымды түсінді білем, қасыма жауынгер қосып беріп, батальонымды тауып алуға көмектесті.
Сол күндердегі қиындықтарды есіне алғанда еңсесі түспейтін, керсінше, қызықты жайттарды әңгімелейді де, қарқ-қарқ күледі, оған біз де қосыламыз. Сөйтіп, Рекең жеті жыл өмірін ел қорғауға арнаған екен. Ғұмырының соңына дейін командирі үйреткен сақ болу қағидасын ұстанып келді. Оған бір мысал келтіре кетейін. Қазіргідей ақпараттық технология дамыған заман емес, газетті баспадан шығарудың машақаты көп еді. Мамандар тапшы, техника ескі, жұмыстың көбі қолмен атқарылады. Соның салдарынан газет кейде түн ортасында, кейде таңертеңге қарай, ал кейде тіпті келесі күні ғана басылады. Кезекші редакторлар таспадан шыққан газеттің алғашқы сандарын көріп, әрі қарай басуға рұқсатын беріп, қолын қойғаннан кейін ғана үйіне қайтатын. Бірде түнделетіп келе жатқан Рекең қолына баспаханадан ұзын темір ұстай шығады. Оның үйі Мәдениет және демалыс саябағы жақта еді. Түнде автобус жүрмейді. Қаланың бас көшесі – Ленин (қазіргі Қазақстан Конституциясы) көшесінде ғана сығырайған жарық болатын. Түнделетіп жүрген Рекеңе қарай біреу тездете басып келе жатады. Қаракөлеңкеде оның кескінін анық көре алмайды. Көшенің екінші жағына беттесе, ана кісі де солай қарай адымдайды. Енді не істеу керек? Берісуге болмайды. Сөйтіп, қарсы келе жатқан адамға темірмен ұмтылады. Ол әзер қашып құтылады. Келесі күні баспаханадағы газет басушы Рафаил Усманов деген жігіт келіп:
– Реке, өткен түнде мені неге сонша қудыңыз. Қолыңыздағы қарудан зәрем ұшты ғой, – депті. Сөйтсе, ол өзіміздің қызметкерді қаракөлеңкеде танымай, оны бұзақылардың бірі деп ойлаған екен. Осы жағдайды біразға дейін күліп есіне алып жүрді марқұм.
Рекеңнің аңқаулығы да бар еді. Оған тағы бір мысал келтірейін. Мен Алматыдағы С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМУ) журналистика факультетін сырттай оқып бітірдім. Менен бірнеше жыл бұрын осы оқу орнына түскен әріптесім Байтұяқ Жанымбетов не себепті кейін қалғанын білмеймін, біздің курсқа келіп қосылып, бірге диплом алып шықты. Ол кезде жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітіргендерге төсбелгі (ромбик) берілетін. Біз диплом алған жылы университет бізге мұндай құрмет көрсетпеді. Байтұяқ Жанымбетов болса үйіне Алматыдағы бажасының төсбелгісін тағып келіпті.
– Әй, Амандық сен де университет бітіріп келген жоқсың ба, ромбигің қайда? – деп сұрады бір күні жігіттер жиналып тұрғанда Рәшид аға менен.
– Реке, қазір тәртіп басқаша, университетте он жыл оқымасаң төсбелгі берілмейді екен. Анау Байтұяққа сол үшін берді, ал маған бермеді, – дедім.
– Өй, қызық екен, – деп сөзіме сеніп, таңғалды. Ойнап айтқанымды естігеннен кейін қарқылдап тұрып күлгені бар. Жасы үлкен, тіпті әкемдей адам болса да, онымен осылай қалжыңдасушы едік. Рекеңмен талай іссапарға бірге шықтым. Ол өзін басқалардан ешқашан жоғары санаған емес. Ұстанымы нық, адал адам болатын. Сол кездегі партияның саясатын желеу етіп, қарапайым халықтан өздерін жоғары қоятын мансапқорларды, біреуге нақақтан жәбір көрсеткісі келетіндерді жек көретін, оларға қаймықпай қарсы шығатын.
Жасыратыны жоқ, шығармашылық ұжым болғасын кейде айтыс-тартыс та болып қалатын. Сол уақытта редакцияда бұрын республикалық, өлкелік басылымдарда қызмет істеп келген, жалпақ тілмен айтқанда, мүйізі қарағайдай мықтылар аз болмады. Олардың мақаласына сын айтуға біздің жүрегіміз дауаламайды. Ал айтыла қалған күннің өзінде соңы дау-дамаймен аяқталатын. Осындайда Рекең әділдігін айтатын, жастарды қолдайтын. Сөйтіп, соғыстағыдай оқты өзіне қарай бұратын. Әрқашан адалдықтың құрбаны болуға дайын тұратын.
Рәшид Бәдірленов өзінің жастық шағында көрген қиындығы, өмір жолы туралы повесть жазды. Шығармасының біраз бөлімі “Ленин туы” газетінде жарияланды. Бірақ кітап етіп бастыра алмады. Ол кезде қазіргідей екінің бірі жинақ шығара алмайтын. Алматының баспаларында бастырғысы келді ме, менен бірнешеуінің мекенжайын сұрап алып, қолжазбасының бір данасын Ғабит Мүсіреповке жіберді. Жерлес жазушыдан жауап келмеген соң, бірде менен мән-жайды біліп беруді өтінді. Әріптесімнің өтінішімен жазушының үйіне телефон соқтым.
– Маған ондай хаттар көп келеді ғой. Солардың ішінде жатқан болар. Олардың бәрін оқуға, жауап беруге менің уақытым жете бермейді. Өзің білесің ғой, кезекті шығармамды жазып жатырмын, – деп жауап берді Ғабең.
Рекеңнің Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері, бейбіт өмірдегі еселі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Германияны жеңгені үшін”, “Жеңістің жиырма жылдығы”, “Жеңістің отыз жылдығы”, “Тың игергені үшін”, “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Еңбек ардагері” және тағы басқа да медальдармен марапатталды. Журналистер одағына мүше болды.
Рәшид Бәдірленовтің зайыбы Қаматай Қызылжар қаласындағы аяқ киім дүкенінде сатушы болып істеді. Қажет болғанда жеңгемізге еркелеп, жүгіріп барушы едік. Екеуі дүниеге бір ұл, үш қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді, қатарынан кем қылмай оқытты. Бәріне де өмірлік дұрыс бағыт-бағдар сілтеді. Газет жұмысының атан түйеге жүк болатындай ауыртпалығын қайыспай көтере білген Рәшид ағамыздың есімі ұрпақтарының ғана емес, әріптестерінің де жүрек түкпірінен өшпейді.


Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp