«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ҚЫЗДАР

Қызара бөрткен күннің көзі, Қожым ағашының ар жағына еңкейгенде Сауран шал екі өгіздің басын босатып, ертеңгі күнге дейін ентігін басып, есін жисын дегендей, Есілдің алқасына қарай беттерін бұрып, жібере салды да, өзі үйіне қарай бет алды. Кешегідей емес, ентігі күшейіп, осы жүрек тұсым ғой деген жері шымшуын жиілеткен сияқты. Жасы жетпістің бесіне шықса да, ешкімге сыр білдірмей көппен көрген ұлы тойға еншілес болып, елге түскен бар ауыртпалықты бірге бөлісіп жүр.

Соғыстың басталғанына екінші жыл. Қабай, Тұяқ, Жәнібектің талай отауына жетімдік пен жесірліктің қара көлеңкесі күңкілдей кіріп, күңіренте шығып жатқанына да біраз болды. Қатарластарымен бірге қару көтеріп, майдан даласына аттанған баласы соңғы жазған хатында: “Елді, ащының жидегін, Есілдің суын сағындым …” – депті. Бауыр еті баласының сөздері есіне түскен сайын әке жүрегі езіліп кетердей сезімге бөленеді. Бір уақыт жұмыстан қолы босап отыра кетіп еді, басқарма Хамиттің ауыл тұрғындарына тыныштық бермей, жасап жүрген түрлі әрекеттері еріксіз ойына оралды. “Сол басқарма болғаннан бері не елге, не ерге тыныштық жоқ”, – деп өзді-өзі күбірлеп сөйлеп отырғанда артынан біреу:

– Әй, шал, – деді. Жалт етіп бұрылып қарағанша, келіп тұрған Хамит екенін сезіп, көңілі түсіп қалды. Манадан бері серіктес болған ойды тастай салып, сөз сөйлеуге ыңғай білдірді. Астындағы колхоздың белсенді мүшесіндей ақ сұлыға тойып жүрген қарагер ат асығыспын дегендей тыпыршып тұр.

– Әй, шал, қоржыныңды сайла. Ертең таңсәріден жол жүресің, – деді ол гүж-гүж етіп.

– Қайда? Неге …? – деді Сауран шал.

– …Таң сәріден Көпей мен Жарастың қызын Қызылжарға апарасың. Білдің бе?

– Қайда? Кімге? Неге? – деді ол сәл абыржып.

– Қазір қисық Шарап хат жазып береді қайда апаратыныңды сол айтады, түсіндің бе? Болды ма?.. Иә, айтпақшы, тапсырғаның жөнінде қағаз алуды ұмытпа! – деді де басқарма өз жөніне кете барды.

Хамиттің сөздерінен екі қыздың қайда баратынын алыстан шырамыта енді-енді түсіне бастаған Сауран шал: “Е-е-е, панасыздарға қолыңды батыра бастадың ба?” – деді іштей. Сосын қолындағы мұрындықты шарбаққа іле салып, Шараптың үйіне қарай бет алды.

Соғыстың алғашқы кескілесіне түскен Шарап өзінің жасынан әжептәуір мосқал көрінеді. Білетін адам қырықтың бесін қинала берсе, білмейтін адам алпысты аямай-ақ төге салады. Елге жаралы боп келген бірінші жігіт – осы. Сол жараның әсері ғой, жүрісі мардымсыз, таяққа тіреле, тайғаққа түскен тайдай қинала жүреді. “Әй, осы жігітті де қинап, соншама жерге жөнелткен әлгі басқарма ғой”, – деді іштей Сауран шал. Біраз отырып, демін алды да Шарапқа қарап:

– Әлгі Хамит бір қағаз деп кетті ғой, – деді.

Ол да “қазір сұрайды” деп дайындалғандай, жан қалтасынан бүктеген қағазды алды да ұсынды.

– Бәрі осында жазылған, – деді Шарап.

Шаруасы біткен соң Сауран шал үйіне қайтты. Есіктен кіре:

– Қази, ертең жол жүрем, Қызылжарға барам, – деді кемпіріне. – Менің сезуімше, анау бастық Көпей мен Жарастың қызын Қарағандыға қара жұмысқа жібермек. Обалай, обал. Олардың жастары да келмейді ғой…

Ертесіне қос өгізді арбасына жеккен Сауран шал колхоз кеңсесіне соқты. Ол жерде Шараптан басқа ешкім жоқ екен. Көп тостырмай қарагер атпен Хамит та жетті. Соның ізін іле-шала Зақуа әжесін жетектеп келіп қалды. Тоқсанның төртеуіне келген Жамал шешей кәріліктің де, жоқшылықтың да кәрін тартса да, жанары от шалымды. Келе сала Хамиттің дымын қалдырмай ал сілте, ал сілте. Хамиттің жүзі күбіні ыстайтын құрымдай қап-қара болып кетті. Төмен қарап тұрған көзінде қаһарлық па, әлде өштік пе, әйтеуір, бір жағымсыздық бар. Ол біраз үнсіз тұрды да:

– Әй, кәрі ит, доғар енді. Саған соншама күш қайдан біткен, контраның тұқымы… әлгі екіншісі қайда, көздеріңді құртайын, – деді ашуға булығып.

Кеңсе алдында тұрғандарда үн жоқ. Тым-тырыс. Жамал шешей де сөзінің босқа екендігін сезіп:

– Құдайдың көзі түзеу болсын, – деді де, орындыққа отыра кетті.

Көп ұзамай шешесімен Гүлжаһан да келіп жетті. Жұрттың мына тұрысын байқаған Хамит кеңседен шығып:

– Әй, шал, давай, жөнел, – деді.

Екі қыз арбаға отыра кетті, тұрған жұрт жылап-сықтай бастады.

Зақуа мен Гүлжаһан елден ұзап шыққасын көздің жасына ерік берді. Сауран шал біраз үнсіз отырды да: “Жә, балалар, қойыңдар, алдарыңды ойлаңдар, жылаумен іс түзелмейді”, – деп көңілдерін аулап, әңгіме айтуға кірісті. Екі қыз әлсін-әлсін өксіп арбаға қалың төселген шөпке қисайып, біраздасын маужырап, ұйқыға кетті. Жолдың алыстығы, арбаның біркелкі шуы Сауран шалды да маужыратайын десе де, болмады. Ол осы екі баланың тағдырын ойлауда. Есіне былтырғы жаздағы өрт түсті. Шөпшілердің дала басындағы үйі күйіп, бүкіл жұрт у-шумен соған жүгірді. Алқынып, азынап жұрт жеткенде, жалын өршіп кеткен екен. Жалақтаған жалыннан қорқып, жиналған жұрт үйдің ішінен шыққан баланың дауысынан одан сайын түршігіп, үрейлене бастады. “Бала, бала” деген дауыс әркімнің көкірегіне қадалып, не істеу керектігін білмейтін ойға тіреп жатты. Көбі баланы құтқару керектігін білсе де, отқа беттей алмады. Сөйтіп, жұрт дағдарып қалған сәтте үстіне қап па, әлде алаша ма, әйтеуір, бір нәрсе жамылған қыз бала отқа оранған үйдің ішіне кіріп кетті. Су тасыған арба да енді жетіп, жұрт шамалары келгенше жанған үйге шаша бастады. Сол қасқағым сәт қос қолында жас бала ұстаған жаңағы қыз бала үйден шыға бере құлап түсті. Жақынырақ тұрғандар үстеріне су шашып, екеуін лезде көтеріп ала жөнелді. “Мынау Зақуа ғой, айналайын, батырым, ерлігіңнен айналдым”, – деп баланың шешесі де, дүйім жұрт та алғысын жаудырып жатты. Сондағы Зақуа ғой. Енді, міне, елге керексіз болғандай алды қараңғы жолға аттанып барады. “Шіркін, заман-ай, ә”, – деді іштей таңданып Сауран шал. – Елдің ісі дейсің бе, әлгі басқарманың ісі ғой…”.

Жолаушылар төртінші күн дегенде Қызылжардың шетіне де жетті. Сауран шал хатты қыздарға оқып, кездескен жұрттан сұрап, облыстың әскери комендантын іздеді. Күн тал түс болған кезде әскери комиссариаттың үйін де тапты-ау. Манағы көк қағазды алып, екі қызды ертіп бисмиллә деп, ауланың ішіне кірді. Сауран шалдың қағазын оқыған мосқалдау жаралы жігіт екі қызды ертіп, алып кетті. Бұған осы жерде тоса тұр деді. Көп ұзамай екі қызды ертіп келген жаңағы жігіт: “Елдеріңе кері қайтыңдар, балалардың жасы келмейді”,– деді. Сауран шал аң-таң, бұл жаңалықты естіген екі қыздың қуанышында шек жоқ.

Бұл жерден кетуге асыққан олар көлік басын елге бұрды. Қызылжардан ұзап шыққан соң бір ағаштың бауырына тоқтап, арбаны ағытып, аздап жүрек жалғауға кірісті. Сосын Сауран шал:

– Балалар, сендер демалыңдар, мен мына өгіздерді тұсай қояйын, – деді. Күн де ұясына қонуға таяп қалған еді. Екі өгізді тұсап, енді арбаға қарай бет алғанда жүрегі қатты қысқандай болды. Көзінің алды қарауытып, жер тіреп отыра кетті. Әйтеуір, қанша отырғанын білмейді, “ата, ата” деген дауысты әлсін-әлсін естіп қояды. Мен мұндамын, жайшылық деп айтайын десе, тілі икемге келер емес. Зақуа мен Гүлжаһанды үрей биледі.

Аталарының ымын өздерінше түсініп, екеулеп демеп, арбаға әкеліп жатқызды. Басына қоржындарды салып, биіктетті. Түн ортасы ауа Сауран шал тілге келіп:

– Балалар, еш нәрседен қорықпаңдар… аталарың ауырыңқырап тұр. Енді жағдайым нашарлап, алай-пұлай сәт келсе, абыржымаңдар. Менің қиналғанымнан қорықпаңдар. Қайсың аят оқу білесіңдер… иманымды арыздарсыңдар… сендерге осы аманат… Жарғайыңда Жантас деген кісіге жеткізсеңдер болады, – деді.

Сауран шалдың ендігі бар ойы – аман-есен елге жету. “Алла сақтай гөр, мына балаларға сабытымды салдыра көрме…” – деді ол күбірлеп.

Ұйқыдан әбден титықтаған екі қыз бірі басында, бірі аяқ жағында арбаның жақтауына сәл қисая қалғып отыр.

Кеуде тұсы қысып жібермегендіктен, Сауран шал үрейлене бастады. Тұрайын десе, бойында әл жоқ. Таң сібірленіп ата бастағанда Зақуа мен Гүлжаһан да оянды. Көздері білеудей болған олар аталарына қарауда. Сауран шал:

– Балалар, қорықпаңдар, өгіздерді жегіңдер… елге бет түзеңдер, – деді қинала. Жылағанмен аталары тұрмайтынын білген Зақуа өгіздерді ұстап, жетектеп, арбаға жегуге кірісті. Гүлжаһан атасының қасында. Бір кезде “Ата-ау! Ата-ау” деген жан дауыс шықты. Жүгіріп келген Зақуа аппақ қудай болған Сауран атасының сәл жымиған түрін көріп, бір сұмдықтың болғанын сезді.

Елі жоқ, жері жоқ, ми далада қаралы көш өзінің бар салмағын екі қыздың иығына артты. Жанарларынан сортаң тағдырдың сорасы аққан екі сорлы не істерін білмей, бір-бірін құшақтаған күйі жылауға кірісті. Біраз уақыт өткесін Гүлжаһан есін жиып: “Зақуа, бір нәрсе қылайық”, – деді.

Ол біраз ойланып, Құраннан білгенін оқыды. Екі қыз көліктің басын елге бұрды. Түс болмай олар Жарғайыңдағы Жантастың үйіне жетті. Болған істің болмысына келіскен Жантас кешке қарай Сауран шалдың денесін ауылға жеткізді.

Әбден шаршаған, қорыққан екі қыз “апалап” қалың көптің көзіне түспей, үйлеріне жүгірді. Ертеңіне ел болып Сауран ақсақалды соңғы сапарына аттандырып салды.

Екі күннен кейін қыздардың қайсарлығына тәнті болған Қази шешей шалы әперген екі жүзікті алып, жігіттен мықты жігері бар бойжеткендердің саусағына салды.

Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,

жеке кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp