«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН БИЛЕР СОТЫ

Халқымызда “Түгел сөздің түбі бір, түпкі атасы – Майқы би” деген сөз бар. Бұл тәмсіл арқылы көшпенділер өркениеті көне дәуірден басталатындығын аңғарамыз. Жалпы “би” деген сөз­дің этимологиясына алғаш назар аударған ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов оның түбірін көне түркінің “бек” және “бей” сөздеріне тіреп, негізгі мағынасы “сот” дегенді білдіретінін атап көрсеткен. Сол замандағы билер кеңесі рулар арасындағы шиеленіскен дауларды шешуде ерекше рөл атқарғанын тарих беттерінен білеміз. Оның құрамына ақылгөй ақсақалдардан бата алған “от ауызды, орақ тілді” шешендер, аймаққа танымал болған беделді адамдар және ұрыстарда ерлік танытқан батырлар енген.

Қара қылды қақ жарған әділ бидің бірауыз кесімді сөзіне ба­ғынған ата-бабамыздың бітімгершілік жолы бүгінгі таңда өз жалғасын тауып келеді. Сондықтан қазіргі сот жүйесінде “Татуласу: сот­­­қа дейін, сот­та” жобасын жүзеге асыру мақ­сатында еліміздегі соттарда билер кеңесі жұмыс істей бастады. Бұл тәжірибенің дауларды азайтуға үлес қосқаны іс жүзінде дәлелденгеннен кейін Уәлиханов ауданындағы Қайрат және Қулыкөл ауылдық округтерінде билер кеңесі құрылып, табысты жұмыс істеуде.
Билер кеңестерінің арқасында жергілікті тұрғындар кез келген дауды сотқа жеткізбей шешу мүмкіндігіне ие болды. Екі ауыл тұрғындары арасында орын ал­ған, алайда ақылгөй ақсақалдардың даналығының арқасын­да оңай шешілген күрделі даулар көп.
Қулыкөл ауылдық округіндегі билер кеңесінің төрағасы Жылқыбай Сүлейменов бастаған Ермек Шәріпов, Қайролла Нұрғалиев және Жұмабай Мағаубаев есімді көпті көрген ауыл ақсақалдары бүгінге дейін түрлі дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешу бағытында ауқымды жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, 2017 жылы мүліктік сипаттағы бір өтініш, 2018 және 2019 жылдары әкімшілік сипаттағы бір өтініш қаралып, мәселенің мән-жайы анықталып, тараптар өзара келісімге келді.
Ал Қайрат ауылдық округі билер кеңесіне Амантай Оспанов төрағалық етсе, оның құрамында Хамзе Исаев, Жамантай Қажтаев, Мұрат Жаркенов және Тоқтар Әутәліпов есімді азаматтар бар. 2018 жылы олар мүліктік сипаттағы және жеке тұлғаны қорлауға қатысты өтініштерді қарады. Ал өткен жылы жергілікті жерде мұндай келеңсіздіктер орын алған жоқ.
Сонымен қатар ақсақалдар ажырасу және мүлікті бөлісуге қатысты, балалардың мүддесін қорғайтын және мұрагерлік дауларды шешуге де араласады. Бүгінге дейін аталған ауылдардағы билер кеңестері отбасы-тұрмыстық мәселелерге, ұсақ бұзақылыққа және келтірілген шығынның орнын толтыруға қатысты әкімшілік істерді реттеді.
Билер кеңестерінің құрамына енген азаматтар даулы жағдайларды шешу барысында даналық, ақылдылық, бейтараптылық сияқты қасиеттерге ие болуы тиіс. Аталған тәжірибенің бірегейлігі сол – дау-дамай толық шешіледі, яғни тараптардың араларында қандай да бір түсініспеушілік қалмайды. Билер кеңесінің жергілікті тұрғындар, әсіресе, жастар арасында тәрбие және алдын алу жұмыстарын жүргізетінін де айта кеткен жөн.
Облыстық соттың судьялары Уәлиханов ауданына жұмыс сапарлары барысында Қайрат және Қулыкөл ауылдық округтеріндегі билер кеңесінің жұмысымен танысты. Жергілікті тұрғындардың қатысуымен кездесулер өткізіліп, ақпараттандыру жұмыстары да жүргізілді. Кездесулер барысында билер кеңестерінің өкілдері дау-дамайларды шешу әдістерімен таныстырып, осы бағытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеу, ауылдың қоғамдық өміріне араласу, тағы басқа мақсатта қолға алған шаралары жайлы баяндады. Осылайша ауылдық округ тұрғындары сот үрдістеріне шығындалмай, кез келген дауды екі жаққа да тиімді түрде шешуге болатыны жайлы хабардар болып, толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Қазіргі таңда дауды татуластыру арқылы шешудің тиімді тәсілін насихаттап, аясын кеңейту мақсатында “Татуластыру: сотқа дейін, сотта” жобасын жүзеге асыру барысы жайлы екі фильм әзірленуде. 

Гүлзия ЕДРІСОВА,
облыстық соттың судьясы.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp