«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН САНАТОРИЙ

Халықтың денсаулығын жақсарту және өңірлік туризмді дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі – ұзақ жылдар бойы қаңырап бос тұрған «Шалқар-су» санаторийі бүгінгі таңда қайта жаңартылып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталуға жақын, ал алғашқы нысандар биылғы тамызда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өткен ол, бұл кешен өңірде бұрын-соңды болмаған заманауи сауықтыру орталығына айналатынына сенім білдірді.

–Бүгінде облыс аумағында дәл осындай көп функциялы, жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру кешендері жоқтың қасы. Бұл – бірегей жоба. Ол тек өңір тұрғындары үшін емес, еліміздің басқа аймақтарынан келетін қонақтар үшін де тартымды орынға айналуы тиіс. Біз бұл бағытты алдағы жылдары да белсенді түрде дамытамыз, – деді әкімнің орынбасары.

«Шалқар-су» санаторийін қалпына келтірудің 1-кезеңі аясында 120 орындық негізгі жатын корпус күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір сауықтыру блогын іске қосу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар бұрынғы мейрамхана ғимараты толық қайта жаңғыртылып, заманауи стандарттарға сай бейімделуде.

Санаторийдің инженер-лік инфрақұрылымы да жаңартылды, яғни су құбыры және жылу трассалары тартылды. Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд. теңгені құрап отыр. Ал биылғы жылдың тамыз айында жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы корпус пен мейрамхана іске қосылады.

Бүгінде облыста «Шалқар- су» санаторийімен деңгейлес, жыл он екі ай жұмыс істей алатын және сауықтыру-емдеу бағытын ұстанатын кешен жоқ. Бұған дейін ұқсас форматтағы нысандар болғанымен, олар заман талабына сай қызмет көрсете алмады немесе толық жұмыс істемей тұр. Сондықтан «Шалқар-су» тек инвестициялық жоба емес, стратегиялық әлеуметтік нысан ретінде қарастырылып отыр.

Қайта қалпына келтіру жұмысының екінші кезеңінде барлық корпустардың сырты жаңартылып, әкімшілік ғимарат жөнделеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар демалыс аумағы мен жағажай инфрақұрылымын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл кешеннің тек ем-дом алатын емес, толыққанды демалыс аймағына айналуына мүмкіндік береді.

Аймақтағы жалғыз әрі ауқымды сауықтыру кешенінің қайта жаңғыртылуы халық денсаулығын нығайтуға, медициналық туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар өңірлік туризмнің дамуына да серпін бермек.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp