«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫП ЖАТЫР

Облыстық полиция департаментінде консультативтік-кеңесші органның осы жылдың соңғы отырысы қашықтықтан өткізілді. Оған «оффлайн» режімінде облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов бастаған мүшелері мен ведомство басшылығының өкілдері қатысты. Басқа қатысушылар кездесуге бейнеконференция байланысы режімінде қосылды. Іс-шарада есірткі қылмысына, экстремизмге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ ішкі істер органдарын жаңғырту мәселелері талқыланды.

Отырыста полиция ведомствосының ақпараттық жұмысы да назардан тыс қалмады. Консультативтік-кеңесші органның мүшелері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының үгіт-насихат жұмысын атап өтті. «Instagram» және «Facebook» желілеріндегі «upn_dp_sko» аккаунтының жеті мыңнан астам жазылушысы бар. Контент сапалы болғандықтан жастар арасында танымал болуда. Мәселен, екі жыл бұрын жасалған «Тұздар мен спайстар. Қайтып келмес жол» деректі фильмі телесериалдарымен аты шыққан «Legio Felix» мәскеулік кинокомпаниясын қызықтырған. Компания өкілдері ювеналдық полиция туралы сериал түсіру кезінде фильмнің кадрларын қолдануға рұқсат сұрады. Бұл нашақорлықтың алдын алу, құқықтық жауапкершілікті түсіндіру, ата-аналар мен педагогтарға кеңестерді полицейлер барынша түсінікті етіп жеткізуге тырысатынын көрсетеді. «Қылмыскерлер есірткі қылмысына әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатын жастарды тартуды көздейді, — деді облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев. – Осы орайда, нашақорлықпен күресте Интернет желісінде өткізілетін алдын алу іс-шаралары аса маңызды. Саламатты өмір салтын насихаттаудан бөлек, біз веб-кеңістікке мониторинг жүргіземіз, жыл басынан бері Ішкі істер министрлігіне бұғаттау үшін есірткі ресурстарына 45 сілтеме жіберілді».
Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру мәселесі де күн тәртібіне енгізілді. Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция полковнигі Наталья Калининаның айтуынша, бос орындардың есебінен облысымыздың полиция бөліністерінде 283 штат қысқартылған. Бірқатар бөлімшелер оңтайландырылды және жергілікті полиция қызметін қайта құру жоспарлануда. Еліміздің жетекші отыз жоғары оқу орындарымен кәсіби кадрларды даярлау туралы меморандумдарға қол қойылды. Полиция үшін ерекше функцияларды қоспағанда, бұрын олар күзеткен 32 нысан бәсекелес ортаға берілді. Тіркеу және емтихан алу бөліністері таратылып, оның функцияларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы орындайтын болады. Учаскелік инспекторларды бейнетіркеуіштермен жабдықтауға, қызметкерлердің жұмыс орындарында бейнебақылау орнатуға дайындық жасалуда. Консультативтік-кеңесші органның мүшелері полицейлерге жаңғырту аясында басталған өзгерістерді жалғастыруға, ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуге кеңес берді.
-Өзінің заңды құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінетін адам көптеген қылмыстық қолсұғушылықтан сақтанып, сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық әрекеттерді жасауға бармайды. Ақпараттық жұмыс қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы басымдықтардың бірі болып қала береді. Біз алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, қызмет түрлерін жетілдіретін боламыз, — деді отырысты қорытындылаған облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp