Тәртіп сақшылары жуырда Ресей мен Қазақстан шекарасынан алкогольді өнімдерді заңсыз өткізбекші болған азаматтарды қолға түсірді. Тәркіленген отыз мыңға жуық шөлмекке құйылған сыраның жарамдылық мерзімі өтіп кетіпті. Облыстық әділет департаментінің сот орындаушысы Сандыбай Қарабай заң бұзушылардың әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтінін айтты. Ал тәркіленген барлық контрафактілік алкогольді ішімдіктер “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларының көмегімен кәріздік коллекторға құйылды.
– Бөтелкелерді Тараз қаласындағы “Еврокристалл” компаниясына жөнелтеміз. Олар шыныны балқытып, одан қайта құтылар жасайды. Алюминийді Петропавлдағы металл базасына, полиэтиленді жергілікті “Радуга” серіктестігіне тапсырамыз. Олар бұларды қайта өңдеуден өткізіп, ілмешек, шелек сияқты түрлі тұрмыстық заттар шығарады, – деді “Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайыржан Айсин.
Айта кетейік, мерзімі өткен алкогольді ішімдіктер ендігі уақытта аталған серіктестікке жөнелтіліп отырылмақ. Бұл жұмысы үшін кәсіпорын мемлекеттен демеуқаржы алатын болады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.