«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙЫН АТАМ — ҚАМҚОРЫМ

Мен Әлмырза әулетіне 1993 жылы келін болып түстім. Қайын атам Сапа Әлмырзаұлын қалай атарымды білмей тосылғаным да есімде. Атамның көпшіл, бауырмал, ортасына сыйлы жан екендігін бірден аңғардым. Бірінші күннен-ақ одан әкелік жылылықты сездім. Ата-енемнен алған тәлімім, үлгі-өнегем – әлі күнге дейін маған азық.

Амангелді ауылында тұрғанда атамның жеңгесі Көкен тәтем қонаққа жиі келеді. Біздің үйдің балалары оны “мама” дейді де, өз аналарын “аптай” деп атайтын. Енемді бірінші болып “мама” деген мен екенмін. Сол шешем арамызға туыстық жібін жалғап жіберді. Көкен тәтем келген күннің ертеңіне атам ерте тұрып, отқа су жылытып жүр екен. Әдетте ол пештің қасына жолай қоймайтын. “Жеңгеме жылы су дайындап жатырмын, қолы тоңып қалмасын”, – деді ол. Ағайын-туысқа деген жанашырлықтың қандай болатынын сонда түсіндім. Атамның жүрегінің кеңдігі мені жиі таңғалдыратын. Ал енем үйге кісі келсе, бірден қазанын отқа қоя бастайтын қонақжай еді.

Атам мен енемнің бір-біріне деген сыйластығы керемет еді. Жұбайлардың екі жарты – бір бүтін болып өмір сүретінін солардан көрдім. Благовещенка ауылында тұрғанымызда енем қатты ауырып, “Жедел жәрдем” шақырдық. Ауруханаға барғысы келмеген енемді атам: “Сен уайымдама, мен саған күнде келіп тұрамын”, – деп жұбатты. Ол шынымен күнде барып тұрды. Аурухананың бір бөлмесінде бес адам жатады. Атам күнұзаққа жұбайының қасында отырып, оған кітап оқиды. Жанындағылар: “Атаң қандай жақсы адам, енеңді қалай сыйлайды!” – деп таңдайларын қаққан сайын, менің бойымды мақтаныш сезімі билейді. Ара-тұра Көкдоңбайға арба жегіп, атамды өзім жеткізіп саламын. Сөмкесін толтырып алып, зайыбының қасында жатқандардың бәрін тамақтандырады. Оларға әңгіме айтып, кітап оқып беріп көңілдерін көтереді. Сонда атам: “Кемпірімнің көңілі көтеріңкі болса, аурудан тез айығып кетеді”, – деген ойдың жетегінде жүретін. Үйге келгенде баласына “Анаңның қасындағылар маған көз салып қояды. Бірақ өз кемпіріме ешкім жетпейді ғой”, – деп әзілдеп те қояды.

Дастарқан басына жинала қалсақ, атам адамгершілік тақырыбын қозғап: “Достарыңа адал болыңдар, адамгершіліктеріңді жоғалтпаңдар. Дүние-мүлік, лауазым үшін дос іздемеңдер. Ондай жақындықтың қадір-қасиеті болмайды. Қиналғанға көмек көрсету – сауап. Кіндігі бір бауырларыңды, туыстарыңды қадірлей біліңдер”, – деп ақыл-кеңесін құлағымызға құйып отыратын. Кітап, газет-журналдарды көп оқитын атамның өресі биік еді.

Соғым етіне көрші-қолаң, туған-туысқандарды жинау – әулетімізде бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Оны балалары өз отбасында жалғастырғанын көріп, атамның көңілі марқаяды. “Дастарқан, бір табақ ет жақын адамдардың басын қосады. Өзіңе ниеті жақсылармен кездескеннен көңілің толып, өмірге деген құштарлығың артады. Әйтпесе, күйбің тіршіліктің соңында жүре берсең, ертеңгі күні қасыңнан жанашыр адам таппайсың. Үлкендер араласса, балалардың да бір-біріне деген сәлемі түзу болады”, – дейтін.

Атамның бауырмалдығын інісі Бескөл ауылына көшкен кезде тағы да аңғардым. Інісінің көшетінін естіп, күнде оның үйіне барады. Бауыры сөзге сараң адам еді, амандық-саулық сұрағаннан басқа ауызын аша қоймайтын. Сыр тартып, сөйлесе алмай атамның басы салбырап, үйге келеді. Ақыры екеуіміз бірге барып, мен мән-жайды сұрап, олардың көшетін күнін біліп қайттық. Атам айналасындағы адамдарды ойлап жүретін. Інісін жаңа қонысқа өзі жеткізіп салуды жөн көрді. Сол үшін көлік тауып, Бескөл ауылына қарай жол тарттық. Жол бойы бауырлары туралы әңгіме тарқатқан атам үлкен тебіреністе отырды.

Бірде атам ауырып қалды. Хабар жетісімен жолға шығып, атама қарай асықтық. Ауданның жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істейтін інімнің көмегі тиді. Көлікке мінген атам мұңайып: “Алма, маған әлі өлуге ерте. Жанардың тұрмысқа шыққанын көргім келеді”, – деді. Мен жамандық шақырма деп кейідім. Сол жолы атам демдеген ауруына ота жасатпады. Ауруханадан шығып, інісі Қарақаттың үйіне бардық. Тәтем қазан көтеріп, атамды аяғынан тік тұрып қарсы алды. Атам көңілін тарқатып біраз әңгіме айтты. Бұл әулетте қыз, келін деп бөлу жоқ. Туыстар арасындағы сыйластық лебі есіп тұратын. Атамның 70 жылдық тойында оның қос келіні: “Ол біздің қайын атамыз ғана емес, сырласымыз, досымыз, жанашырымыз, ақылшымыз”, – деген еді.

Алма ӘКІМЖАНҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp