«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫМЕН ҚУАНТҚАН “20 ИГІ ІС”

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай республикалық “20 игі іс” акциясы бастау алған болатын. Оның символына айналған Тайқазанның кіші көшірмесі Астанадан жол тартып, Ақмола облысына, одан ақпанның 12-сінде біздің өңірімізге жеткізілгенді. Бізде ол алдымен Аққайың ауданының орталығындағы Қарттар үйінің, Қызылжар ауданындағы Соколовкадағы даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне таныстырылды. Ондай мүмкіндіктен Мамлют санаторийлік-курорттық мектеп-интернатының оқушылары мен Жамбыл ауданындағы соғыс ардагерлері де шет қалмады.

Республикалық акция барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері бірлік пен татулықтың, молшылықтың символына айналған Тайқазанды облысымыздың бірқатар аудандарына апарды. Ұйымдастырылған кездесулерде этномәдени орталық жетекшілері жиынға қатысушыларға тек Тайқазанды таныстырып қана қоймай, оларға Ассамблея жұмысы жайында мол мағлұматтар беріп, қайырымдылық шарасы шеңберінде мұқтаждарға өздерінің тарту-таралғыларын да жасаған болатын. Әр кездесуді “Алтын жүрек” атты облыс орталығы көркемөнерпаздар ұжымдарының концерттік бағдарламасы толықтырып отырды.

Ассамблея жылы барысында нендей игілікті істер атқарылды? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде телекөпір арқылы жұртшылыққа жария етілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” РҚБ филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман, “Дуслык” татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі Амир Баязитов, “Қазақстанның орыс қауымы” РҚБ филиалының төрағасы Николай Авдеев пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная қатысты.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған болатын. Биыл оған – 20 жыл. Осы аралықта Ассамблея елдегі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтап, этносаралық, дінаралық татулықты нығайта білді. Оны одан әрі дамыту – сіздер мен біздердің міндетіміз, – деді брифингті ашқан Анархан Қалиқызы.

Ассамблея жылының басты символына айналған Тайқазанды ұлықтап, оның барысында ұйымдастырылған “20 игі іс” акциясына облысымыздағы барлық этномәдени орталықтар атсалысты.

– Біз аталмыш акцияны зор қуанышпен қарсы алдық. Тайқазан – бұл татулық пен молшылықтың белгісі. Оны жұртшылыққа таныстырып қана қоймай, біз мұқтаж жандарға шама-шарқымызша көмек қолын создық. Акцияның көздеген мақсаты да осы. Мұндай игілікті істі алдағы уақытта да жалғастыра береміз, – деді өз сөзінде Николай Авдеев.

Еліміз көпэтносты болғанымен, бәріміздің керегеміз кең, тереземіз тең. Оның бәрі – Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының жемісі.

– Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі еліміз егемендік алған тұстан басталған болатын. 1991 жылы қаламызда қазақтілді тек жалғыз мектеп жұмыс істесе, бүгінде олардың саны алтауға жетті. Одан бөлек тағы он бес аралас мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл қазақ тілінің жыл санап дамып келе жатқандығының айқын көрінісі, – деді Кәрібай Мұсырман.

Этносаралық татулықты нығайтуда “Дуслык” татар-башқұрт орталығы атқарып жатқан жұмыс жайында Амир Баязитов әңгімелеп берсе, жиынға қатысушыларды “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының ұстанған бағытынан Людмила Гривенная құлағдар етті.

Брифинг соңында тілшілер қауымы спикерлерге тұрақтылық, татулық пен достық уығын одан әрі нығайтуда Ассамблеяның алдағы жылдары атқарар жұмыстарына қатысты сауалдарын жолдап, оған нақты жауаптар алды.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp