Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Тұңғыш Президент күніне арналған республикалық “Қайырымдылық керуені” акциясы шеңберінде өткен шаралардың біріне “Улыбка” қоры бастамашы болды. Қордың жетекшісі Галина Бондаренконың айтуынша, “Бар жақсылық – балаларға!” деген ұранды ту еткен мейірімді жандар жүріп-тұруы қиын балдырғандарға қаржылық, моральдық қолдау көрсету ісін үзбей ұйымдастырып келеді.
Бұл жолы Петропавлдағы Достық үйі кемтар сәбилердің риясыз шат күлкісіне көміліп, күн шуағы молынан төгілгендей күй кешті. Олар бір сәт өздерінің мүгедек екендіктерін ұмытып, үлкендердің аялы қамқорлығына бөленді. Балғындардың алдында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен “Қоғамдық келісім” мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ұршықша үйіріліп, қажетті жағдайдың бәрін жасауға ұмтылды. Қонаққа шақырылған 20 бала алдымен ертегілер әлеміне саяхат жасады. Сосын қуыршақ театрының әртістері жас көрермендерге “Бауырсақ” спектаклін ұсынып, күлкіге қарық қылды. Шығармашылық шеберлік сынып жетекшілері түрлі ойындар өткізіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтар, тәттілер үлестірді.
Фая әжей осында 5 жастағы немересі Катяны алып келіпті. 70-тен асқан кейуана еліміздің ертеңгі өрендеріне мемлекет қамқорлығына қоса, жекелеген меценаттар тарапынан жасалып жатқан аялы алақан жылуына деген ризашылығын тебірене жеткізді.
Этномәдени бірлестіктер арасында мұндай қайырымдылық акциясы шымылдығын бірінші болып “Видергебурт” неміс мәдени орталығы ашты. Қоғамдық бірлестік төрайымы Эльвира Ковзель “Балаларға қуаныш сыйлайық!” тақырыбымен өткен кешті өзі бас болып ұйымдастырды. Оған 6 мен 15 жас аралығындағы 30 бала жиналып, мерекені көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті. Әртүрлі тілде әндер шырқалып, билер биленіп, ұлттық киімдер үлгілері тамашаланды. “Менің сүйікті кейіпкерім” атты көңілді шоу, викториналық бағдарламалар ұйымдастырылды. Қолданбалы өнер сайысына қатысушылар тартуларға ие болды.
– Біз бұл шаралармен шектеліп қалмаймыз. Қабылданған іс-жоспар аясында атқарылатын шаруалар көп. Солардың тағы бірі 85 мүгедек баланың басын қосатын айтулы шара болмақ, – деді “Қоғамдық келісім” мемлекеттік мекемесінің басшысы Әсемгүл Есқожа.
Галина Калинкина басшылық жасайтын “Эра” қайырымдылық қоры көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары үшін коммуналдық базарда арнайы сауда нүктесін ашып, киім-кешек, оқу құралдары тегін таратылды. 6 баланың анасы Наталья Геберт те өз балаларына ұнаған заттарын алып, мәре-сәре болды.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.