“Даму-көмек” бағдарламасы талай мүмкіндігі шектеулі жанға шамасы жететін кәсіпкерлікті қолға алып, күнкөрістің көзін табуға жол ашты. Ондағы тетік – адамның адамға көмегі. Сондай қайырымды жандардың қолдауын тапқандардың бірі – Аққайың ауданындағы Смирново ауылының тұрғыны Берік Рахымжанов.
Алпысты алқымдаған азамат – 1-топтағы мүгедек. 15 жыл математика пәнінен дәріс берген ол мүгедектің қоларбасына таңылған кезде де сүйікті ісінен тартынбаған. Талай жыл балаларды үйге шақырып, білімге баулыған. Сондай-ақ, болмысы өзгеше жанның тігіншілікке әуестігі бүгінде табыс көзіне айналғандығы өзін ғана емес, айналасындағыларды да қуантады. Ине-жіп ұстауға ебі жақсы ол бүгінде өзінің шағын тігін шеберханасын ашып, тұтынушыларын қалыптастыра бастаған.
Берік Рахымжанов “Даму” қорының “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырып отырған “Жұлдыздарға қара” жобасы бойынша тігін машинасы мен қосымша құрал-жабдықтарын иеленген болатын. Ал өндірісті бастауға жетпей тұрған шикізатқа көмекті аталмыш ауданның “А.А. Бижанов” жеке кәсіпкерлігі беріп отыр. Өзінің қалыптасқан кәсібі бар Аянбек Бижанов мүгедек жанның да өз мақсатын жүзеге асыруына көмектесіп, оған қажетті мата мен тігіншіліктің басқа да керекті заттарын сатып әперген. Жолаушылар тасымалдаумен айналысып, техникалық жөндеу стансасын иеленетін ол бұрын “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауын көрсе, бүгінде өзі басқаға көмек қолын созуға дайын.
“Даму” қоры өзінің бастамасына үн қосқан кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, акционерлік қоғамның алғыс хатын табыс етті. Жалпы “Даму-көмек” қайырымдылық жобасы іске қосылғаннан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың тарапынан 50 өтініш келіп түссе, оның 44-і қанағаттандырылған.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.