Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі қайырымдылық іс-шараларының басты үйлестірушісі болып отыр. Жуырда отандастар ахуалына немқұрайды қарамауға шақыратын “Қайырымдылық керуені” акциясы бастау алды. Жыл сайынғы республикалық акцияның алғашқы айы “Сарқыт” белгісімен өтуде, ал кейінгілер “Шашу”, “Сыбаға” сынды атаулармен жалғасын таппақ. Әрбір ай көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға көмек көрсетуге арналады.
“Мейірімділікпен бірлікке” ұранымен өтіп жатқан акцияға біздің облысымыз да белсене кірісті. Бесінші қаңтардан бастап “Ассамблея” корпоративтік қоры Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы және “Орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы” бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңажылдық сыйлықтар табыстады.
“Ассамблея” қоры тұрмыстық қиын жағдайда қалған Михайловтар отбасын қамқорлығына алып, уақытша тұрғын үймен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қазір үйдің төрт және екі жарым жасар балғындары жылы пәтерде тұрып жатыр. Бүгіндері олардың үйлерін қайта қалпына келтіруге немесе жаңадан баспана сатып алуға қаражат жиналып жатыр.
Көпбалалы Псаревтар отбасына да гуманитарлық көмек көрсетілді. Тоғыз баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың бөтен адамдардан басқа жанашыры қалмаған. Ол жас нәрестемен жұмысқа орналаса алмай отырған соң, үй іші қатқан нан мен қара суға қарап қалған екен. Ассамблея еріктілері бұл үйге азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктерді жеткізіп берді.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этномәдени бірлестіктері де қайырымдылық акциясынан тыс қалмады. “Қазақстандағы орыстар қауымы” және “Сібір казактары бауырластығы” қоғамдық бірлестіктері облыстық филиалдарының өкілдері бірлесіп, мүгедектер құқығын қорғау қоғамының тәрбиеленушілеріне арнап концерт қойып, сыйлықтар тарту етті. Ал Рождество мейрамында қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырған таңертеңгілікке аз қамтылған отбасылар шақырылды. Осы күні “Дуслык” татар-башқұрт орталығының өнерпаздары да Достық үйінде бүлдіршіндер үшін концерт қойды.
Тайыншалықтар “Сарқыт” қайырымдылық акциясын қала орталығындағы мұз қалашығында өткізді, ардагерлер қозғалысының белсенділері көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасы балаларына тәттілер таратты. Ал Булаево қаласындағы православ шіркеуінің келушілері аз қамтылған отбасы балаларына ойыншықтар мен киім-кешектер тапсырды. Шал ақын ауданындағы алғашқы акцияға барлық ауылдық округтер қатысып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетті.
Өңіріміздегі мұндай игі шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады.
Мария ТАТАРЕНКО,
“Қоғамдық келісім” КММ-нің бөлім басшысы.