«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАСИЕТТІ ҚАНАТ ЕТІП

Қарттықтың қамытына мойынсынып, “базардан қайтып келе жатқан” жасы егде адамдардың жүрегіне жылы сөзбен жол тауып, мүмкіндігі шектеулі бейкүнә балаларды қамқорлыққа алу үшін жүректің жылылығы керек. Көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қол ұшын созып, олардың жағдайын жасаудан аянбайтын ерекше сала қызметкерлері бар. Олар – әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандары. Жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедек жандардың қашанда қасынан табылып, бабын тауып, керегін үйіне әкеліп беретін әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы да оңай емес. Адамгершілік қарым-қатынастың әдептілігін игеріп, рухани құндылық мәнін түсіну сияқты қасиеттерін көрсететін мейірбан жандар жайында жақынырақ білу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік мекемелер қызметтерін үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Баймұқанованы әңгімеге тарттық.

– Қай елде немесе қай қоғамда болмасын қамқорлыққа мұқтаж жандар кездеседі. Осы жағынан алғанда, біздің облыста үй жағдайында әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгінетін адамдар саны қаншама?

– Бүгінгі таңда мемлекеттік мекеменің қамқорлығында жалпы алғанда 5 мыңнан астам адам бар. Олардың ішінде 2 мыңға жуығы әлеуметтік мекемелерден қызмет алады. Ал қалған 3 мыңдай адамға үй жағдайында әлеуметтік көмек көрсетіледі. Олардың ішінде жалғызбасты адам – 2800, бірінші және екінші топтағы мүгедек 200-ге жуық,18 жастан асқан жүйке ауруына шалдыққандар – 88, мүмкіндігі шектеулі балалар 300-ден астам. Осындай қамқорлыққа мұқтаж адамдарға әлеуметтік күтім бойынша 800 қызметкер көмек көрсетеді.

– Әлеуметтік қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда оларға қандай талаптар қойылады?

– Осы бағытта жұмыс істеуге ниет білдірген қызметкерлердің арнайы орта кәсіптік, әлеуметтік, медициналық, педагогикалық білімі болуы қажет. Ал ең бастысы, қызметкерлер өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, қандай қиындықтар болмасын, шыдамдылық, сабырлық таныта білулері керек. “Адамның кілті аспанда” дегендей, әркімнің мінез-құлқы әртүрлі болады. Оны да ескерген жөн.

– Үй жағдайында көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің негізгі атқаратын жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?

– Әрбір әлеуметтік қызметкердің қарамағында бес адам болады. Мамандар олардың үйлеріне аптасына екі рет барады. Жалпы хал-жағдайларын, денсаулықтарын бақылаумен қатар, үйдегі бірқатар жұмыстармен айналысады. Мысалға алар болсақ, пәтердің тазалығын қадағалап, дүкенге, дәріханаға барып, керек-жарақтарын әкеліп береді. Адам сырқаттанып қалса, дәрігерге дейінгі көмекті көрсетеді. Хат жазуға қатысты өтініштерін орындайды. Коммуналдық және тағы басқа қызметтердің ақысын төлейді. Қызмет көрсетілетін азаматтардың протездік-ортопедиялық және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуына жәрдемдеседі. Кір жуып, тамақ та дайындайды. Бұдан басқа әлеуметтік қызметкер жылына екі рет, яғни көктем мен күзде терезелерді сүртіп, қамқорлығындағы адам жер үйде тұрса, суын тасып, ауласын қардан тазалайды. Жалпы алғанда тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени бағыттарды қамтиды. Ең бастысы – жалғызілікті жандармен емен-жарқын сөйлесіп, оны ден қойып тыңдап, бір сәтке болса да көңілін көктем етсе, ондай маманды кәсіби шеберліктің қыр-сырын жақсы меңгерген деп айтуға әбден болады. “Жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, біреуге мейірімділік танытып, қоңырқай ғана тіршіліктеріне қуанышты сәттер сыйлай алса, қарттар мен қарияларға одан асқан не керек?!

– Қарапайым тілмен айтқанда қайырымды істермен айналысатын әрбір маманның бойында қандай қасиет болу керек?

– Адам – ең әуелі адамгершілігімен, парасатының биіктігімен көрікті. Сондықтан да әр маманның бойында осындай қасиеттің ұшқыны болса, ол жұмысын ұршықтай үйіріп, өзіне тапсырылған адаммен тіл табысып, жатты жақынындай сыйлап кетеді. Екінші кезекте сыпайылық, шыдамдылық болуы тиіс. Кішіні құрметтеп, үлкенді қадірлеп, өзінің жұмысына жауапкершілікпен және қызығушылықпен қарап, адамның ішкі жан дүниесін түсіне білу керек. Әрине, әрбір әлеуметтік қызметкер бірден кәсіби маман болып кетпейді. Қызметкерлердің барлығы жұмыс барысында шыңдалады. Бастысы – әлеуметтік жұмыстың мазмұнының өзі, кәсіби қызмет ретінде адамға жақсылық тілеу мен ізгіліктен бастау алатын игі істер жасауға негізделгенін айта кеткім келеді.

– Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысында қандай қиындықтар кездеседі?

– Адамдардың мінездері әртүрлі болады. Сондықтан да олармен бірден тіл табысып кету оңайға соқпайды. Әркімнің жүрегіне ақылмен жол таба білу керек. Сол кезде ғана қиындықсыз жұмыс істеуге болады. Көп жағдайда қызмет алушылар әлеуметтік көмек көрсететін мамандарға жақыны ретінде қарайтыны жасырын емес. Оны да түсінуге болады. Себебі, біздің қызметкерлер кез келген ауа райында, аптаның жұмыс күнінде қаланың әр шетіндегі өздеріне сеніп тапсырылған адамдардың мекенжайына арнайы іздеп барып, өз қамқорлығындағы жанға мейірімге толы жүрегі мен жылы пейілін қоса ұсынады. Осындай тығыз қарым-қатынастар орнаған кезде екі жақтағы да барлық қиындықтар, түсініспеушіліктер оң шешімін табады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp