Қаламыздағы “Еріктілер клубы” өткен жылды қорытындылады. Олар былтыр онға жуық қайырымдылық шара ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берген. Клуб өкілдері ұйымдастырған қайырымдылық концерттерден түскен қаржы ауыр науқасқа шалдыққан балалардың емі үшін жұмсалыпты. Өткен жылы олар қала көшелерінде шашылып жатқан 1,5 тонна қағазды жинап, қайта өңдеуге тапсырған. Шара барысында клуб мүшелері алдағы жоспарлары туралы сөз қозғап, ұйымның басты мақсаттарын айқындады.
Ақпан-наурыз айларында белсенді ұл-қыздар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері тұратын үйлердің ауласын қардан тазаламақ ниетте.
Бұл ұйым 2007 жылы құрылды. Бүгінде ұйымға 150-ге жуық жас мүше. Оның 50-ден астамы – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенттері. Клуб жетекшісі Елена Скакунова болашақта облыстық балалар ауруханасына, сондай-ақ, жетімдер үйіне барып, ондағы мамандармен бірігіп жұмыс істеуді көздеп отырғанын жеткізді.