Омбылық жиһанкез Андрей Неридный Петропавлға келді. Саяхатын Ресейдің Санкт-Петербург шаһарынан бастаған ол осыған дейін велосипедпен көрші елдің Вологда, Иваново, Ярославль, Нижний Новгород, Уфа сияқты бірнеше қаласын аралап, 3,5 мың шақырым жол жүріп өтті.
Оның басқа жиһанкездерден айырмашылығы – қайырымдылық мақсатпен саяхаттап жүр. Биылғы сәуір айында Омбы қаласында көмекке мұқтаж адамдарға ем көрсететін “Дом радужного детства” мекемесі ашылған бола-тын. Бүгінде мекемеде екі корпус бар. Үшіншісін тұрғызу үшін 80 млн. рубль шамасында қаржы қажет екен. Мұны естіген Андрей Неридный өңірлерді аралап, мейірімді жандардан көмек сұрауда.
– Демалысқа шыққанда, тым болмаса бір адамның өмірін арашалап қалсам ба деген оймен емдеу орталығына барған едім. Көмек қажет екенін естіп, шілде айында жолға шықтым. Қайырымды жандардың бір адамдай қызығушылық танытып, ақша аударып жатқанына ризамын. Әр адам игі істерге уақыт табуы тиіс, – дейді Андрей Неридный.
48 жастағы велосипедші – Ресейдің ішкі істер органдарының ардагері. Бүгінде банк қызметкері болып жұмыс істейтін ол 10 жылдан бері велосипедпен 25 мың шақырым жол жүріп өткен.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.