
Қазақ халқының ежелгі ұлттық тағамдарының бірі – қымыздың қасиетін тілмен айтып жеткізу қиын. Қымыз – дертке шипа, бойға қуат.
Содан да оны әркімнің-ақ ішкісі келеді. Бірақ, бие сауып, қымыз пісу баршаның қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Әсіресе, қалалық жерде өскен қыз-келіншектердің мұндай іске аса ыңғайы келе бермейтіні белгілі. Бірақ “Шеберді саусағы асырайды” демекші, еңбегінің арқасында алға қойған мақсатына қол жеткізіп жүрген нәзік жандар да арамызда аз емес. Солардың бірі – Қызылжар ауданына қарасты Березовка ауылында тұратын Альбина Сафиева. Ол жас болса да, қымыз дайындаудың қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған.
– Бие сауып, қымыз дайындау жұмысы бір қарағанда оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның қиындығы да барын көпшілік біле бермейді. Оны осы іспен айналысқан кезде ғана сезінеді екенсің. Мен өзім Петропавл қаласында туып-өстім. Негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. “Айгөлек” балабақшасында бес жылдай тәрбиеші болып еңбек еттім. Қалада жұбайым екеуіміздің де жұмысымыз болғанымен, ауылды жерде өзіміздің жеке ісімізді ашсақ деген ойымыз ғой бәріне себепші болған. Сөйтіп, осында көшіп келдік, аздап ақша жинап, бір жылқы сатып алдық та, бие сауумен айналыса бастадық. Шыны керек, бұған дейін бие түгілі, сиыр да сауып көрмеппін. Тіпті, оған жақындауға да қорқатынмын. Бастапқы кезде жұбайым үнемі қасымда жүріп, бие сауғанда көмектесіп тұратын болды. Кейін өзім де үйреніп кеттім. Қазір үш бие сауамын. Олардың мінезі әртүрлі. Құдды адам баласы сияқты.
Көңіл күйлері болғанда жалынан сипап сөйлессем, құлағы тікірейіп тыңдағандай кейіп білдіреді. Ал кейбір кезде қырсық мінез танытып, тыпыршып қалады. Ондай сәттерде жылы-жылы сөйлеп, ақырындап, бірақ тез сауып алуға тырысамын, – дейді ол.
Дәруменнің күш-қуаттың көзі болып саналатын қымызды дәмді етіп дайындау үшін Альбина бұрыннан келе жатқан дәстүрді қолданады екен. Оның жұмыс күні таңғы сағат жетіден басталып, кешкі онға дейін жалғасады.
Қымыз дайындау кезінде күнделікті қолданатын ыдыс-аяқты таза ұстап, уақытымен жуып-шайып отыру Альбинаның басты жұмыстарының бірі болып табылады. Күбіні кем дегенде екі күнде бір рет ыстап отырады. Дер кезінде тазартып тұрмаса ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығады. Ыдыс таза болса, ондағы қымыз ұзақ уақыт бойы сақталып, сусынға ерекше дәм береді. Әдетте, қымыздың өзінен де май шығады екен. Ол май қара-қошқылданып, қымыздың бетінде қалқып жүреді. Бұл қымыз сапасының жақсы екендігінің бірден-бір белгісі екендігін Альбина өз тәжірибесінен әбден біліп алған.
– Қымыз пісуді, жалпы, оны дайындау тәсілін ауылдың үлкен адамдарынан сұрастырып біліп алдық. Сөйтіп жүріп, үйрендім. Бастапқы кезде күбіміз де болмады. Сұрастырып, біреудің ескісін қолдандық. Кейін жұбайым Тагир өз қолымен ақ қайыңнан ыңғайлы етіп кішкене күбі жасап берді. Оның қолы шебер. Ағаштан түйін түйіп, үй шаруасында небір қажет заттардың барлығын өзі-ақ жасай береді. Мәселен, жақында маған үлкенді-кішілі тағы екі күбі істеп берді. Оларға 25 литрдей қымыз құюға болады. Жалпы, ол уақыты болғанда күбі істеп сатуға қояды. Өткен жылы тапсырыс бойынша жеті күбі істеп сатты, – дейді Альбина.
Жылқылардың қысқы жемшөбін ерлі-зайыптылар өз күштерімен дайындайды. Ол үшін трактор және басқа да қажетті заттарды сатып алған. Олар қымызды ауыл тұрғындарына ғана емес, қаладағы сауда нүктелеріне де шығарып сатуда. Осылайша, дайын өнімді өткізу үшін қыста екі күнде бір рет, ал жазда күн сайын қалаға қатынап тұрады. Оларға құбылмалы ауа райы да, жол қиындығы да бөгет емес. Себебі, мақсат та, міндет те бір. Ол – бастаған істі абыроймен атқарып, өздерінің өсіп келе жатқан ұлдары Дамирдің болашағы үшін ерінбей еңбек етіп, өмірлерін барынша жақсарта түсу.
Баласын бағып, екі сағат сайын бие сауып, үй шаруасын дөңгелетіп отырған Альбина да, оның жұбайы Тагир де бүгінгі жастарға үлгі-өнеге боларлықтай. Себебі, олар “Жұмыс жоқ” деп сынықты сылтау етіп отырған жандар емес. Керісінше, қаладан ауылға барып, шама-шарқынша еңбектеніп, нәпақа тауып, өз істерін дамытып келеді. Мұндай қадамның өзі де түсіне білген адам үшін үлкен бір жетістік емес пе?!
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.