«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАДАН ШЫҚҚАН МАЛСАҚ ЖАН

– Адамның өз игілігі үшін кәсіп қылуының жолдары жетерлік. Тек таңдауды ынта-ықыласпен жасау керек. Менің таңдауым мал шаруашылығына түсті. Ата-әжем осы Прибрежное ауылында тұрған-тын. Мектепте оқып жүргенімде демалыс басталса болғаны – қаладан ауылға тартатынмын. Атам мен әжемнің шаруашылығына қолғабыс жасауды ұнататынмын. Сол кезде біраз жұмысты үйренгенімді бүгінгі тәжірибемнен байқап отырмын. Мал шаруашылығын табыс көзі ету үшін ең бастысы – қораңдағы әрбір төлге, әрбір малға жанашырлықпен, қамқорлықпен қарау керек. Ал кәсіпте туындап жатқан басқа мәселелерді күнделікті жұмыс барысында ысыла, шыныға жүріп шешесің, – дейді Александр Долбышев. Бұл – Петропавл қаласынан Қызылжар ауданындағы Прибрежное елді мекеніне күнде қатынап, ауылдық жерде өз шаруашылығын дөңгелетіп жүрген кәсіпкердің жүрекжарды лебізі.

Оның мал қорасының үлкен бір бөлігінің жаңадан салынғаны аңғарылады. Қора маңына үйілген мая-мая шөп шаруашылықтың қысқа дайындығы да нашар еместігін білдіреді. Ал қораның ішіндегі 60 бас сиыр мен сырттағы шашпада тұрған үш бұқаның күйі қожайынның іске мығым екенін айқындай түседі. Бұл біздің сырт көзбен түйсінгеніміз. Ал шаруашылықтың басшысы Александр Долбышев өздерінің кәсіпкерлікке қалай жол салғандарын былай баяндады:

– Ағам Игорь екеуіміз 2011 жылы азын-аулақ жиған қаржымызға мал өсіріп, табыс табуды ұйғардық. Сол жылы ауыл іргесінен 5 гектар жер телімін иеленіп, бірнеше бас сиыр сатып алдық. Қора салып алуды да орынды шештік. Үш жылда мал басы 20-ға жетіп, бұл істің қолымыздан келетінін көрсеткендей болды. “Ендеше кәсіпті неге кеңейтпеске?” деген оймен өткен жылдың жазында мемлекеттің көмегін, дәлірек айтсақ, “Сыбаға” бағдарламасын пайдалануды оң көрдік. Нәтижесі, міне, көз алдарыңызда, – деді Александр Васильевич.

“Долбышев” жеке кәсіпкерлігі 2014 жылдың күзінде “Сыбаға” бағдарламасы арқылы өз несібесін алып, 8,5 миллион теңге несиеге 42 бас сиыр мен екі бас тана сатып алған. Ендігі мақсат – жыл сайын басқа бас қосып, шаруашылықты кеңейту. Олар қорасындағы ірі қараны екі топқа бөліп, шаруашылықты сүтті әрі етті бағытта дамытпақ. Әр істі жүйелі түрде жүргізуге дағдылана бастаған кәсіпкерлер үшін түйткілді мәселелер де орынды шешіле бастаған. Бүгінде жайылым және шабындық жерлер мен суат кәсіпкерге қиындық тудырмайды. Жайылым демекші, олар бұл мәселе бойынша Михаил Афонин деген кәсіпкермен бірлесіп, ауылдан ат шаптырым жердегі 300 гектарға малдарын өріске шығарып жүр. Алдағы жазда олар жергілікті әкімшіліктің аталмыш шаруашылыққа жер телімін бөлеміз деген уәдесінің орындалуын күтіп отыр. Биыл шөпті өздеріне тиесілі жерлерден шабуға, жетпегенін сатып алуға мүмкіндік болған. Ал қора құрылысының негізгі бөлігін өткен жылы шешіп алған кәсіпкер күн жылына бастасымен тағы бірнеше қосалқы шаруашылықтың құрылысына кіріспек.

Қораның бұзау тұратын бөлігінде әзірге бір ғана төл бар. Сиырлар енді бұзаулай бастайтынын айтқан Александр Васильевич қорасы асылтұқымды жас төлдерге толатындығына сенімді. Асылтұқымды бұқа сатып алуындағы мақсат та осы болатын. Яғни, жергілікті қара ала сиырлардың төлдерін асылдандырып, нәтижесінде етті әрі сүтті ірі қара өсіру ойын жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, маңында су айдыны бар шаруашылықтың жерінде құс ұстау да тиімді. Сондықтан кәсіпкер алдағы көктемде 1000 бас қаз балапанын сатып алып, бағып көрмекші.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp