«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы құрылыс алаңдарында болып, жаңадан салынып жатқан нысандардың сапасына назар аударды.

Өңір басшысы алдымен “Искорка” балабақшасының жұмысымен танысты. 1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме әр жылдары атауын өзгерткенімен, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде бір бағытты ұстануда. Бүгінде мұнда 195 бала тәрбиеленуде.

– Мектепке дейінгі оқу-тәрбие орталығының ұжымы қазіргі заманға сай жаңа педагогикалық технологиямен жұмыс істейді. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі уақыт талабы. Қазір бізде 10 топ бар. Оның 3-еуі мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында жұмыс істеуде, – дейді балабақша директоры Раиса Полищук.

Ерік Хамзаұлы кішкентай бүлдіршіндермен кездесіп, мекеменің ішін аралап көрді. Бұл ғимарат ескі болса да, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін аңғардық. Балалардың ой-өрісінің дамуы үшін барлық жағдай жасалған екен. Жергілікті бюджеттен бір бала үшін 16 мың теңге төленеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша ата-аналар қосымша білім беру қызметтеріне 14200 теңге төлеуі тиіс.

Ал жекеменшік топтағы балалар үшін ай сайынғы төлем 39 мың теңгені құрайды. Мекеме директорының айтуынша, бұл қаржы жеткіліксіз. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап 1,5 жастағы бүлдіршіндер үшін ясли тобын ашу жоспарлануда.

Одан кейін өңір басшысы “Береке” шағынауданындағы екі 78 пәтерлі және екі 75 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты.

– Қазіргі таңда елімізде “Нұрлы Жол” бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Өткен жылы 280 пәтер ғана пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш шамамен 4 есеге ұлғаймақ. 2016 жылы бір мыңнан аса пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл шағынауданда сапасы жақсы, әдемі үйлер бой көтеруі керек, – дей келе өңір басшысы Ерік Сұлтанов мердігерлерге құрылыс жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. Тағы бір айта кетерлігі, “Береке” шағынауданындағы №1 алаңдағы 75 пәтерлі тұрғын үй жақында пайдалануға беріледі. Бас мердігер “Лира” ЖШС-і құрылыс жұмыстарын 2014 жылы қолға алған болатын. Бесқабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы 6674,07 шаршы метр. Сонымен қатар, облыс әкімі аталмыш шағынаудандағы “Зенченко және К” КС-нің жер учаскесінде болды. Бұл жерде “Nord Line”, “Тайга” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің және “Омаров” пен “Есжанов” жеке кәсіпкерліктерінің бірқатар нысандары да бой көтереді. Ал қазіргі таңда “Торговая компания МДМ” ЖШС-нің құрылтайшысы Мехти Дадашов Уәлиханов көшесі, 56 мекенжайында сауда үйінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. Аталмыш шағынаудандағы тағы бір 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы үстіміздегі жылы қолға алынған болатын, оның бас мердігері “Севимсталькон” ЖШС-і болып табылады.

Өңір басшысы аталмыш серіктестіктің тыңғылықты әрі сапалы құрылыс жұмысын жүргізуге мүмкіндігі мол екенін айтып, әлі де болса ширағырақ жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Ғимараттың жалпы ауданы – 8157,74 шаршы метр.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жаңадан салынып жатқан екі балабақшаның құрылысымен де танысты. Мир және Строительная көшелерінің қиылысында “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасы бойынша бюджеттік қаражат есебінен екіқабатты 320 орындық балабақша салынуда. Құрылыс жұмыстарымен бас мердігер “Петрострой-Люкс” серіктестігі айналысуда. Серіктестік директоры Николай Кошиковтың айтуынша, нысанның ішкі және сыртқы қалқасын кірпішпен қаптау жұмысы толығымен аяқталып, жылу құбыры мен кабельді электр желісі тартылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынуда. Келісімшарт бойынша шілде айында құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс.

Ал №3 аурухана жанында 200 орындық тағы бір балабақша салынуда. Бүгінгі таңда нысанның шатыры жабылып, ішкі қабырғаларын қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталып, есіктер орнатылған. Балабақша орналасқан аумақты абаттандыру мақсатында да бірқатар шаруалар жүзеге асырылуда. Су құбыры, электрмен жабдықтау кабелі мен коммуникация желілері тартылды. Құрылыс жұмыстарына 520 миллион теңге жұмсалған.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp