Жуырда бесінші шақырылымдағы Петропавл қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХІ сессиясы өтті. Депутаттар жиналысының жұмысына Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов пен оның орынбасарлары, қалалық бөлімдердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Халық қалаулылары алдында Петропавл қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнәр Әміренова алдында бөлінген қаражаттарды қайта бөлу және кіріс бөлігін нақтылау есебінен 2014 жылға арналған қала бюджетін нақтылау туралы хабарлама жасады. Мәселе депутаттардың тұрақты комиссияларында жан-жақты талқыланғандықтан, бірауыздан шешім қабылданды.
Сессияда Петропавл қаласы аумағында жүзеге асырылатын жолаушыларды және жүкті автомобильмен тұрақты тасымалдау тарифін белгілеу мен келісу туралы мәселе қаралды. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын басшылары бензиннің, автобустың қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы, кадр тұрақсыздығы, басқа да объективті және субъективті себептерімен жолақы бағасын көтеру туралы бұған дейін жергілікті билік органдары алдында бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Еліміздің көптеген облыс орталықтарында жолаушылар тасымалдау тарифі биыл қымбаттаған еді. Мәселен, Астана қаласында жаз айынан бері автобустарда жолақы бағасы 90 теңге болып белгіленген. Әлеуметтік маңызы бар бұл мәселені халық қалаулылары да бірнеше рет талқылады. Бәрін ой таразысына салып, мәселенің әлеуметтік маңызы барын ескерген депутаттар жолаушылар тасымалдау тарифін 50 теңгеден 65 теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады. “СҚО автокөлік одағы” тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты Галина Семенованың айтуынша, тасымалдау құнын өсіру туралы шешім әділет органында тіркеуден өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған соң күшіне енеді.
Депутаттар жиналысында қала әкімі Марат Тасмағанбетов сөз сөйлеп, халық қалаулыларына алда тұрған міндеттер, жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің болжамды жоспарын орындау мәселелеріне тоқталды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.