«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАЛЫҚ СОТ ҚАЗАҚШАҒА ЖЕТІК

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің көбісі қазақтілді болғанымен, ісқағаздардың, құжаттардың дені ресми тілде жүргізілетіндігі жасырын емес. Халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер азаматтарға заңды көмек көрсету барысында олардың мемлекеттік тілді таңдауына мүмкіндік жасауы қажет. Осы орайда қазақ тілінде сөйлеп, ісқағаздарды сол тілде жүргізгені дұрыс.

Сот саласын реформалауда ісқағазды мемлекеттік тілде жүргізуге басымдық берілді. “Тіл туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа тілдер қазақ тілімен тең қолданылады делінген.

Мемлекеттік тілдің сот өндірісінде қолданылуы жүгінушіге, талап арыз берушіге, жеке адамдар мен заңды тұлғаларға байланысты екені баршаға аян. Сол себепті, судьялар әрбір келіп түскен қылмыстық істің материалдарының тіліне тәуелді. Яғни, сотқа түскен қылмыстық іс, шағым немесе материал қай тілде жазылса, заң сол тілде қарауды міндеттейді.

Петропавл қалалық сотында тоқсан сайын кіріс, шығыс және ішкі құжаттарға сараптама жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында сотқа 2823 құжат келіп түссе, оның 47,3 пайызы қазақ тілінде болды. Осы орайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында сот саласы қызметкерлері ісқағаздарын толық қазақ тілінде жүргізуде. Оған Петропавл қалалық сотынан шыққан шығыс құжаттарының 98,3 пайызы мемлекеттік тілде дайындалғаны дәлел бола алады.

Азаматтың соттық іс жүргізу тілін таңдауы қылмыстық процестің алғашқы сатысынан басталады. Қылмысты тергеу кезінде азаматпен ең бірінші жолығатын полиция қызметкері мен қорғаушы оған тілді таңдауға және құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етуге құқылы екендігін түсіндіруі тиіс.

Елбасымыздың қазақ тіліне қатысты қойып отырған тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Петропавл қалалық сотында “Мемлекеттік тіл – бірлік бастауы” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Сондай-ақ, облыстық және оған теңестірілген соттар арасында “Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы” республикалық конкурсын өткізу жоспарланған. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылатынын ескеруіміз қажет.

Зинегүл АСЕМБАЕВА,

Петропавл қалалық сотының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp