«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаламгерлерге қаламақы төлеуді дұрыс деп ойлайсыз ба?

Соңғы кезде ақын-жазушылардың жарық көрген кітаптарына мемлекет тарапынан қаламақы төлеу мәселесі жиі сөз болып жүр. Бұл ұлт руханиятының өрістеуіне үлес қосып жүрген қаламгерлердің еңбектеріне лайықты қолдау бола ма?

Нұрсайын ШӘРІП,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:

– Кез келген мемлекеттің рухани өсуіне әсер ететін бірден бір сала – әдебиет. Ұлт рухы мен қоғам тынысына дем беретін руханияттың қалыптасуына ақын-жазушылардың қаламынан туған шығармалардың әсері мол. Олардың кітаптарына қаламақы төлеу мәселесі соңғы уақытта жиі көтеріліп жүргені рас. Бұл өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Оның бір себебі, қазіргі таңда “шөп те өлең, шөңге де өлең” дегендей, екінің бірі кітап шығаруға әуес болып кетті. Туған жерін, ата-бабасын түгендеп жүргендер қаншама? Ондай азаматтардың тілегін орындайтын жекеменшік баспалардың көздегені халықтың болашағы, көркем әдебиеттің келешегі емес, табыстың көзі ғана.

Ал қазіргі қазақ қоғамына бәсекеге қабілетті, ұрпаққа үлгі боларлық, өткен тарихымызды дәріптейтін поэзиялық, прозалық туындылар әбден қажет-ақ. Ондай шығармаларды жазуға білімі де, қауқары да жететін тілі шұрайлы, шебер ақын-жазушылар аз емес. Олардың таңдаулы, болашаққа жарамды деген шығармаларын мемлекеттік деңгейде ынталандырып тұрсақ әдебиетімізді ұсақ-түйек туындылардан тазартар едік. Қаламгерлер де өздерінің жазғандарына сын көзбен қарап, қоғамға қажетті, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал ете алатын шығармаларды өмірге әкелуге ден қояр еді. Балалар әдебиеті ақсап жатыр дейміз. Оқылымды кітаптардың дені әрі асса 5 мың данамен шығады. Сіз қойып отырған сауал өз шешімін тапса, бұл мәселелер де кезек күттірмей орындалары анық.

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp