«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМЫМДЫ ҰШТАҒАН ҚАЛАМГЕР

Мен ақын Ғалым Малдыбаевпен бір ауылда туып-өстім (Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылы). Ғалым аға әкеммен құрдас еді. Сондықтан оған балалық сезіммен, үлкенге деген ерекше сыйластықпен қарайтынмын.

Ол кезде мен Ленин орта мектебінде білім алып жүрдім. Ғалым аға ақын-жазушылығына қарамастан, сол мектептің кітапханасында жұмыс істеді. Ақылы мен парасаты мол ағамды үнемі үлгі тұтып, қажет кезінде онымен ақылдасып, ішкі сырымды да айтып жүретінмін. Ол болса мені жанына жақын тартып, баласындай қамқорлық көрсетіп, оқуға жетелейтін. Мен де барымды салып, тырмысып, оқу оқып, қолым бос кезінде кітапханадан шықпауға тырысатынмын. Ғалым ағаның көп әңгіме, поэмаларын, арабшадан қазақшаға түсіріп, көмектестім. Әлі есімде, кешкі қара көлеңкеде керосин шамының жарығымен отырып ол кісі маған “Балуан Шолақ” поэмасын арабша оқитын, ал мен болсам қазақша жазатынмын. Оның алғашқы нұсқасы бұрынғы “Ленин туы”, қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газетіне шыққан.  

Ол кезде мен орысша, қазақша кітапты көп оқитынмын. Бірде мені жанына шақырып алып:

– Сен прозалық шығарманы толық оқып бітірдің. Енді поэзиямен айналыс, – деп маған ағалық ақылымен кеңес берді. Менің оқуға деген құлшынысымды байқағандықтан болар, үнемі қолыма кітап беріп, оның маңыздылығын айтып, оқығанымды қадағалап отыратын. Осындай тамаша туындыларды оқи отыра, өзіме әдебиеттің жаңа әлемін ашып, өмірге деген көзқарасым өзгере түсті. Әсіресе, шындық, адалдық, адамгершілік деген сөздердің мән-мағынасына терең бойлап, оқыған кітаптарымды ой елегінен өткізіп, ондағы жазылған бар жақсылықты өне бойыма жинауға тырыстым. Ол кезде мен 16-17 жастағы бозбаламын. Үнемі кітап оқып, әңгіме, өлеңдерден сусындап өскен соң өзімнің де бойымда шығармашылыққа деген қызығушылық туды. Сөйтіп, біртіндеп шағын мақала жаза бастадым. Бастапқы кезде түрлі тақырыпта қалам қозғап, өзімді сынап көрдім. Әлі есімде, 1952 жылы Жаңажол жетіжылдық мектебінде 7-сыныпта оқимын. Сонда колхоз басқармасы құлынды биені сойғаны жайында “Ленин туына” бірінші рет мақала жазғам. Соның әсерінен ол кісі колхоздың мүлкіне қол салғаны үшін қызметінен босатылды. Осы мақалам үшін мені барлығы “корреспондент” деп атайтын болды. Осындай шулы мақаладан кейін адамдар туралы тақырыпты қойып, табиғат әлеміне біржола көштім. Өйткені, менің жаныма экология тақырыбы бір табан жақын екендігіне әу баста көзім жеткен. Сондықтан да алдағы уақытта оның қыр-сырын меңгеріп, экологияға байланысты түрлі қызықты тақырып төңірегінде ой қозғап, зерттеу мақалалар жаза бастадым. Біздің табиғат тұнып тұрған байлық қана емес, сонымен қатар оның сан түрлі сырлары да бар. Әр тастың, әр бұтаның, әрбір құс пен жәндіктің өзіне тән ерекшелігі барын бәріміз де білеміз. Бірақ оның тамырын басып, жан-жақты зерттеуді көп адам қолға ала бермейді. Ал мені осының барлығы қатты қызықтырды. Сондықтан да осы бағытта еңбектенуді өзімнің мақсатым етіп алдым. Еңбегім еш кетпеді, арада біраз уақыт өткен соң көлемді мақалалар жаза бастадым. Бастапқы кезде бір ғана газетке шығатын мақалаларым кейін республика бойынша 12 басылымға (газет-журнал) шығатын болды. “Қазақстан мектебі” журналына да мақала жаздым. Қазіргі “Зерде”, ол кезде “Білім және еңбек” жастарға арналған журналымен де жақсы қарым-қатынаста жұмыс істей бастадым. Мен қызықты және сирек кездесетін табиғи құбылыстарды көп іздейтінмін. Осындай шығармашылық талпыныстардың арқасында “Терісіз қасқыр”, “Екі басты, бір көзді бұзау” деген мақалалар жаздым. Бір сиырдан төрт бұзаудың туғаны жайында оқиғаны да мен жазғам. Бұл облыста осыған дейін бір рет қана тіркелген жайт болатын. Міне, осындай жұртты елең еткізер оқиғаларды жазу маған өте ұнайтын. Осылай мектеп жасындағы құлшынысым өмірдегі еңбек жолыма бағыт берді. Ең бастысы, әрине, Ғалым ағаның шығармашылыққа жетелеген еңбегі еш кетпеді деп ойлаймын. Ғалым аға менің ақыл айтар жанашырым ғана емес, сонымен қатар өмірде бағыт беріп, әдебиеттің, журналистиканың, поэзияның қыр-сырын үйреткен, осыған оқытқан жандардың бірі болып табылады. Осындай өмірлік тәжірибемнен түсінгенім, түйгенім бір нәрсе. Ол әдеби кітапты көп оқу керек. Қазіргі жастарға да айтарым осы.

Қырғыз МҰСАБАЕВ,

өлкетанушы, зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp