Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов өңіріміздегі жас қаламгерлермен кездесті. Басқосуға өлең өлкесіне қадам басқан, қазақтың қарапайым қара сөзіне таласы бар өңір өрендері қатысты. Шара барысында сөз алған Жарасбай Қабдоллаұлы:
– Біздің өңірімізден Шал ақын, Сегіз сері сынды сөз зергерлерімен қатар, қазақ әдебиетінің мақтаныштары Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов шыққан. Солардың мәуелі жемістей қалдырған мол мұраларын жалғастыруды көздеген бүгінгі буынның өкілдері өздеріңдей жастар. Кешегі әдебиетіміздің қалқып алар қаймақтарының сөзін болашаққа жеткізіп, солардай біртуар тұлғаны, ақынды, жазушыны тәрбиелеу – біздің негізгі мақсатымыз. Оған өзіміз ұйытқы болып, жанашырлық танытпасақ, ұшуға талпынған құстай талапты баланы демемесек, бізге сырттан ешкім өз жауһарларын бермесі анық, – деді.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жанынан жас қаламгерлердің “Мағжан” әдеби бірлестігі құрылып, оған жетекшілік ету ақын Аманжол Зағыпарға жүктелді.
Жас қаламгерлер бірігіп жүзеге асыратын жоспарларын талқылап, өз ойларын ортаға салды. Ұйым мүшелері алдағы уақытта Қазақ хандығының 550 жылдық, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекелеріне, қоғам қайраткерлері мен ақын жазушылардың мерейтойларына орай ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларын, сондай-ақ, аудан орталықтарында түрлі шығармашылық кештер өткізуді ұйғарды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.