«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛДЫ

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті телеарналар арқылы шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді.

Әкімнің айтуынша, бүгіндері облысымызда коронавирус жұқтырудың 7 оқиғасы тіркелді. Петропавл қаласында тағы 3 сырқат анықталды. Сол себепті 3 сәуір 00.00 сағаттан бастап облыс орталығы карантинге жабылады. Қазір Тайынша қаласында және Келлеровка ауылында да карантин жарияланып отыр. Кіруге және шығуға тыйым салынған. Аудандық аурухана да карантинге жабылды.
Сырқатқа шалдыққан адамдардың барлығы Петропавл қаласындағы инфекциялық стационардың бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары қанағаттанарлық. Олармен байланыста болған адамдар анықталды және карантиндік стационарға жатқызылды.
– Қазір Петропавл қаласында 5 індет жұқтыру ошағы бар. Көпқабатты үйлердің тұрғындарын сабырлық пен шыдамдылық сақ-тауға шақырамын. Супермаркеттер азық-түлік әкеліп беруді ұйымдастыруда, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысының тапсырмасымен көптеген мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Тұрғындарға баспаналарынан тек жақын маңдағы дүкенге, дәріханаға және жұмысқа шығуға ғана рұқсат беріледі. Бұл талапты орындамағандарға 26 мың теңге айыппұл салынады немесе 5 тәулікке қамалады.
 Карантин талаптары қатаң. Оны барлық тұрғындар түсіністікпен қабылдауы және орындауы тиіс. Бұл уақытша қиындықтан тек бәріміз бірлесіп шығатын боламыз. Облыс тұрғындары төтенше жағдайдың жауапкершілігін түсінеді деп ойлаймын, – деді өңір басшысы.
Мемлекет тарапынан бүгіндері төтенше жағдай кезеңінде тұрғындарды қолдаудың теңдессіз шаралары қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы өзінің мәлімдемесінде тұрғындарды қаржылық қолдаудың әлеуметтік пакетінің кеңейтілетінін атап көрсеткені белгілі. 42500 теңге мөлшеріндегі төлемді енді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркеліп еңбек етпегендер де алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры еліміздің барлық азаматтарына толық көлемде дәрігерлік көмекті 1 шілдеге дейін көрсетеді. 

Сурет https://www.inform.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp