
Биылғы 3 сәуірден бастап облыс орталығындағы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар карантиндік режімге көшірілді. Кәсіпкерлер палатасында бизнес қауымдастықты жедел түрде ақпараттандыру орталығы өз жұмысын жалғастыруда.
Карантин режімінде, бірінші кезекте қалаға кіріп-шығу тәртібіне шектеулер қойылып, бақылау күшейтілді. Арнайы қызмет өкілдері ғана облыс орталығымен тікелей байланыс орнатады. Сонымен қатар облыс тұрғындарын күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету және транзиттік тасымал қозғалысын реттеу мақсатымен “жасыл дәліз” құрылды.
Сондай-ақ, белгіленген карантиндік талаптарды қатаң сақтай отырып, дәрі-дәрмектер, медициналық препараттар және ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін жеткізуге рұқсат етіледі. Блокпостылардан тауарларды өткізу үшін “109” телефон нөмері арқылы қалалық штабқа міндетті түрде хабарласып, жүк көлігінің нөмірі, кәсіпорын жайлы деректер берілуі қажет. Бұл ақпараттар жүк тасымалдаушылар жайлы блокпостылардағы учаскелерге уақтылы жіберілуі үшін “Сергек” базасына жазылып алынады, – деп түсіндірді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев.
Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Тек мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, азық-түлік дүкендері, БАҚ, зарарсыздандырылатын құралдар сататын арнайы сауда нүктелері, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі штаб айқындайтын ұйымдар ғана өз жұмыстарын жалғастырады.
Тұрғындарға қызмет көрсететін ұйымдар арасында медициналық және фармацевтік компаниялар, электр, жылу, байланыс жүйесі, “Қызылжар су”, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасып-жеткізумен айналысатын кәсіпорындар, пәтер иелері кооперативтері, банк, несие мекемелері, жанар-жағармай бекеттері, күзет және санитарлық зарарсыздандыру қызметтері бар. Сол сияқты азық-түлік, жеке қорғану құралдарын, бетперде, бірреттік пайдаланатын қолғап, т.б. санитарлық-гигиеналық өнімдер, сабын, жуу, тазалау өнімдеріне пайдаланылатын шикізат және медициналық мақсаттарда қолданылатын материалдар шығаратын өндіріс салалары да өз жұмысын тоқтатпайды. Нысандарды салу және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, тұрғын үй-шаруашылық және апаттық қызметтер, құрал-жабдықтарды, оның ішінде лифтілерді, электр қондырғыларын жөндеумен айналысатын мекемелер, жерлеу рәсімдерін атқаратын, көлік жуатын және жөндейтін орындар, зауыттар, азық-түлік өнімдерін, санитарлық-гигиеналық заттар сататын көтерме сауда нүктелері жұмыстарын жалғастырады, – деп атап көрсетті облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне анықтама бергенде оған бірқатар талаптар қойылады. Қызметтік болмаса жеке көлікпен жүргенде жол парақшасы толтырылуы қажет. Ірі кәсіпорындар санитарлық және жол ережелерін сақтай отырып, өз жұмысшы-қызметкерлерін тасымалдау ісін ұйымдастыруы тиіс.
Кәсіпкерлер палатасы өз жұмысын қашықтан атқаруда. Кәсіпкерлер қажетті ақпараттарды телефон немесе онлайн арқылы ала алады. Түрлі мәселелер туындаған жағдайда кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған аумақтық штабтың қызметіне қоңырау шалуға болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет http://mygorod.kz/ сайтынан алынды.