«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КӨРКЕЙЕ ТҮСЕДІ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысы ең алдымен “Жас өркен” шағынауданында болды. Қазір бұл жерде жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиевтың айтуынша, 2016 жылмен салыстырғанда былтыр жаңа үйлердің үлесі 2,7 есеге артық.

– Биыл шағынауданда 7 квартал бой көтеріп, 18 қабатты тұрғын үйлер салынады. “7-20-25” бағдарламасы бойынша 542 пәтер пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, 500 орындық қазақ театры ғимаратының құрылысы жүргізілуде, – деді Серік Мақсұтұлы.
“ДБК Инжиниринг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Горький көшесінің бойында өз қаражатына 192 пәтерлік 17 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Пәтерлердің аумағы 35-75 шаршы метрді құрайтын болады. Сондай-ақ, 162 пәтерлік 10 қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Құмар Ақсақалов ат басын бұрған келесі нысан – “Dostyk Mall” сауда-ойын-сауық кешені. “North River” компаниясы тұрғызып жатқан ғимаратта 6 кинотеатр мен балаларға арналған бірнеше ойын алаңдары жоспарланған. Жоба жетекшісі Рустам Әубәкіров атап өткендей, төрт қабатты кешеннің ауданы 27 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 5,5 млрд. теңге жұмсалған сауда-ойын-сауық кешені тамыз айында пайдалануға беріледі.
Бұдан кейін өңір басшысы облыс орталығының Потанин көшесіне барды. Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, үстіміздегі жылы тарихи құндылықтарды қалпына келтіру мақсатында бұл ескі көшені жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы. Нәтижесінде Ойқала шағынауданындағы көше аспан астындағы мұражайға айналады деп күтілуде.
Брусиловский көшесінің бойында орналасқан “Шамсутдинов сауда үйі” де – тарихи-сәулеттік нысан. ХХ ғасырдың басында салынған көне ғимаратты отыз жыл бұрын жеке кәсіпкер сатып алған. Күтім көрмеген нысан бүгіндері қаңғыбастардың мекеніне айналған. Қазіргі уақытта “Таткрафт-Инвест” ЖШС-і тарихи ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Серіктестік директоры Андрей Исаков алматылық компанияның ғимараттың эскиздік жобасын әзірлегенін, бұдан бөлек, басқа да құжаттық рәсімдер жүргізіліп жатқанын айтты. Жеке кәсіпкер қалпына келтіру жұмыстарына 500 млн. теңге жұмсағалы отыр. Жыл соңына дейін ғимараттың терезелері орнатылып, төбесі және қасбеті жөнделеді. Ал 2021 жылы толық қалпына келтірілмек.
2017 жылы өңірімізде 7,6 мың бала бірінші сыныпқа барса, былтыр 9 мың оқушы мектеп табалдырығын аттады. Осыған орай былтырдан бері Петропавл қаласында 1500 орынға шақталған екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл Уәлиханов көшесінде 900 орындық мектеп ғимаратын салу үшін жақын жердегі 42 жер үй сүріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімі қаланы аралау барысында 2-ші Первомайский көшесінің тұрғындарымен кездесті. Бұл жердегі 4 апаттық үй сүріліп, орнына жаңалары салынатыны туралы айтты.
– Былтыр 3 апаттық үй сүрілді. Петропавл қаласында осындай 17 жеке нысан бар. Келесі жылы – 5, ал 2021 жылы 8 үйді бұзуды жоспарлаудамыз. Бұл көп шығынды қажет ететін жұмыс. Арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Бірақ тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуды көздейміз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі “Металпластикалық өнімдер зауыты” ЖШС-де болды. Халық арасында сұранысқа ие тауарлар мен полимерлерді қайта өңдеумен айналысатын серіктестік жуырда өндіріс аясын кеңейтіп, сабын цехын іске қосқан болатын. Зауыт директоры Евгений Лидің айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында ескі ғимаратқа қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынған.
Облыс әкімі бұрынғы Калинин атындағы зауыт аумағында заманауи “Дата-орталық” салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен де танысты. Бүгінгі таңда “PP Solutions” компаниясы жалпы жер көлемі 24 гектарды құрайтын аумақты ретке келтіруде.
– Қазіргі уақытта “КазИнженерСтрой” ЖШС-нің мамандары тозығы жеткен 6 нысанды қалпына келтіруде. Ал “НПФ СевКазЭнергоПром” ЖШС-і 300 МВт-тық станцияның жобасын қолға алған. Заманауи орталықтың жанында қызметкерлерге арналған екі жатақхана салынатын болады. Жыл соңына дейін сыртқы жұмыстарды толығымен аяқтаймыз, – дейді компанияның атқарушы директоры Алмас Маралов.
Заманауи инфокоммуникация қызметтерге арналған орталық шағын компаниялармен қатар, ірі бизнес, мемлекеттік басқару, банк құрылымдары үшін де кез келген күрделі жобаны өз аумағында жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұнда виртуалдық хостинг, рендеринг, клиенттердің веб-сайттары орталық серверлеріне орналастырылып, ақпарат қорғау, виртуальдық офис және тағы басқа қызмет түрлері көрсетілетін болады.
Жалпы 18 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған компания бүгіндері “Қазақтелеком” АҚ-ы әлемге танымал “Facebook” және “Google” компанияларының серверлерін орналастыру бойынша келісімшарт жасауда. “Дата-орталық” 2020 жылы пайдалануға беріледі.

 

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp