
Облыстық тарихи-мәдени мұраларды пайдалану және қорғау орталығының жетекшісі Рақат Мәмбетәлиновтің айтуынша, бүгінде Петропавлда 40-тан астам архитектуралық ескерткіш жеке меншікке берілген. Осының нәтижесінде көненің көзіндей көптеген ғимараттарымыз осы күнге дейін сақталып отыр.
Осындай игі қадамның арқасында 2008 жылы «ТМД-дағы үздік қала» конкурсында біздің шаһарымыз екінші орынды иеленіп, «Тарихи-мәдени мұраны сақтау» аталымын жеңіп алған болатын. Бүгінгі күні ескі ғимараттарды күтіп ұстау бойынша барлық меншік иелерімен шарт жасалған. Мәселен, онда көрсетілген талаптарға сәйкес, ғимаратты қалпына келтіру кезінде оның тарихи келбетін және құндылығына нұсқан келмеуі тиіс. «Мәселен, К.Сүтішев көшесіндегі Мазаев наубайханасының ескі ғимараты жеке иелікке өткенге дейін көріксіз жағдайда болатын. Ол сатылған соң, құлпырып шыға келді. Сондықтан қала көркіне көрік қосу мақсатында тарихи-мәдени нысандарды жеке меншік еншісіне берген дұрыс», — дейді Рақат Мәмбетәлинов.