
Сәуір айынан бастап облыс орталығын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Биыл Қызылжарда 3400 түп көшет отырғызу жоспарланған.
Облыс орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бүгінде жаңа кейіпке енуде. Өткен жылы бұл көшенің бойындағы ескі теректер кесілген болатын. Мамандар олардың орнына жаңа көшеттер отырғызылатынын айтты. Абаттандыру жұмыстары Қаныш Сәтбаев көшесінде де басталып кетті.
– Өткен жылы 2600 түп көшет отырғызылса, биыл 3400 тал егілмек. Көшеттерді Кондратов және “Ер агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орман тәлімбақтарынан аламыз, – деді Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Облыс орталығындағы Қаныш Сәтбаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Интернациональная, Абай, Ғабит Мүсірепов, Евней Букетов сияқты бірқатар көшелерде сүмбіл терек, қарағай, үйеңкі, шетен, аққайың және тағы басқа ағаштар отырғызылмақ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.