«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛДЫҚТАН ЖАСАЛҒАН ҚАУІПСІЗ ТӨСЕНІШТЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында еліміздегі стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді міндеттеген. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірнеше бағдарлама болса, солардың бірегейі – “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы деуге болады.

Көптеген кәсіпкер осы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бизнесін дамытуға үлкен жеңілдік алды. Петропавлдық “Soltustik Rubber Recycling” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де осы бағдарламаның тигізген септігі мол. Өткен жылы серіктестік басшысы Талғатбек Ғалеев “Даму” қорының көмегімен “Сбербанк России” қаржы орталығынан жылдық үстемеақы мөлшері 6 пайызды құрайтын 55 миллион теңге несие алып, автошиналарды қайта өңдеп, жаңа өнім шығаратын кәсіпорын ашқан. Жобаның жалпы құны – 100 миллион теңге.

Бұл қайта өңдеу өнеркәсібінің өз артықшылықтары бар. Көлік доңғалақтарынан резеңке төсеніштер жасауды қолға алған кәсіпкерді қоршаған ортаға жанашырлардың бірі десек болады. Оның қала мен даланы шарлап, шашылып жатқан қаншама доңғалақты жинап, іске жаратуға бел бууы осы сөзімізге дәлел.

Бұл кәсіптің пайдасын рет-ретімен тарқатсақ, біздің өңірімізде бір жылда 14-18 тонна доңғалақ жарамсыз зат ретінде қоқысқа лақтырылады екен. “Темір тұлпарлар” тоқтамай доңғалақтардың азаймайтыны сөзсіз. Оның үстіне бұған дейін шиналардың жиналмағанын есепке алсақ, кәсіпорын үшін жақын арада шикізат мәселесі өзекті бола қоймасы анық. Әрине, бір жыл ғана жұмыс істеген кәсіпорынның барлық шикізатты жинап алып, өндірісті күні-түні жүргізуіне әлі ертерек. Бір жыл ішінде кәсіпорын үш тонна ғана өнім шығарған. Мәселе өндіріс қуаттылығының төмендігінде емес, тапсырыстың аздығында. Кәсіпкер бұл уақыт еншісіндегі мәселе деп отыр. Бұрын қолданыста болмаған өнім түрлерін тұтынушылар танып-білуге де уақыт керек.

“Soltustik Rubber Recycling” компаниясының өнімдері 2016 жылы Астана қаласында өткен қазақстандық тауар өндірушілердің “Қазақстанда жасалған” ұлттық көрмесіне қатысып, бірқатар тұтынушысын тапты. Былтыр тауардың 90 пайызы еліміздің басқа өңірлеріне жөнелтіліпті. Шымкент, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай қалаларынан тапсырыс мол түсетінін ескерсек, компанияның маркетинг саласының жұмысы үйлесімді екендігін білдіреді. Талғатбек Сапарбекұлы бүгінде ресейліктермен алғашқы тапсырыстың келісімшарты жасалып жатқандығын да қуана жеткізді. Ресейліктерді резеңке төсеніштермен таңғалдыра алмаймыз, оларда мұндай өндіріс орындары жетерлік. Бұл жерде сапа мен баға көрсеткіші маңызды рөл атқарып отыр. Кәсіпорын 27 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуде.

– Ресейдің мектептеріне, балабақшаларына, спорт алаңдарына резеңке төсеніштер көп қолданылады. Жаңа құрылыс нысандарының алаңдарына жерді жұмсақ етіп, дене жарақаттарын болдырмайтын төсеніш төсемесе, ол мемлекеттік қабылдаудан өтпейді. Ресейліктердің бұл талаптарды орындайтын бағдарламалары бар. Олардың тиімді де пайдалы тәсілі біздің елімізде де қолға алынады деген үміттеміз, – дейді серіктестік директоры.

Доңғалақтар тегін жиналады. Бірақ шетелдерден жеткізілетін өндіріске қажетті желім мен бояуға аз ақша жұмсалмайды. Доңғалақтар қайта өңдеу барысында 1,2 және 2,4 миллиметр мөлшерде ұсатылады. Одан жасалған резеңке тақтайшалардың қалыңдығы 10-нан 40 миллиметрге дейін. Тапсырыс берушінің талабымен өнімнің пішіні мен түрі белгіленеді. Талғатбек Ғалеевтің айтуынша, екі тонна шикізаттан жеті мың шаршы метр резеңке төсеніш жасалады. Тауардың қалыңдығына, көлемі және пішініне қарай бір шаршы метрдің бағасы 4-9 мың теңге аралығында белгіленеді. Бұл кәсіп республика аумағында осыдан бес жыл бұрын қолға алыныпты. Яғни, басқа өңірлерде де мұндай санаулы кәсіпорындар жұмыс істейді.

“Soltustik Rubber Recycling” кәсіпорны шығарып жатқан тауарлар тұтынушыларды несімен қызықтыруы мүмкін?! Ғимараттың маңына төселген резеңке төсеніштер адамның жүрісіне жайлы, мұз қатырмайтын беті тайғанақ емес. Сондай-ақ, төсеніш бар жерде су көлкіп жатпайды. Ең бастысы – ресейліктердің зерттеу материалында резеңке төсеніштер төселген жерлерде балалардың дене жарақаты 86 пайызға төмендейтіні дәлелденген.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp