Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған” атты жалпыұлттық телекөпір өтті.
Дәстүрлі шара барысында Елбасы онлайн режімде “Индустриялық серпін”, “Ел энергиясы”, “Қазақстан – Еуразияның аграрлық хабы”, “Өсім мен даму”, “Жаһандық цифрландыру” блоктары аясындағы 28 жобамен танысты. Бұл жобалар жекеменшік инвестициялар, екінші деңгейдегі банктер мен даму институттары есебінен жүзеге асырылуда.
Президенттің биылғы Жолдауында “Қарапайым заттар экономикасын” қалыптастыру міндеті қойылып, азық-түлік, киім және басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өз елімізде шығару қажеттігі айтылған болатын. Жалпыұлттық телекөпірде өңіріміздегі “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің халық арасында сұранысқа ие тауарлар мен полимерлерді қайта өңдейтін металлпластикалық бұйымдар зауыты таныстырылды.
Серіктестіктің жеке индустриалдық аймағында орналасқан өндіріс орнында қырықтан астам өнім түрі шығарылады. Жүз елу жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отырған жоба – Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асты. Жобаның құны – 894 млн.теңге Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында жаңа зауыт жылына 1680 тонна өнім шығара алады. Бүгінгі күні мұнда Петропавлдағы тұрмыстық қалдықтар полигондарынан және өзге қалалардан жиналатын қалдықтарды кептіретін, өңдейтін, одан полимер түйіршіктерін шығаратын желі жұмыс істейді. Дайын полимер түйіршіктері қажетті түске боялып, шикізат ретінде пайдаланылады.
Кәсіпорын облыстағы экологиялық жағдайды жақсартып, “жасыл экономикаға” өз үлесін қосып отыр. Бұған дейін мұндай өнімдер Ресей мен Қытайдан жеткізілген болатын. Енді жергілікті серіктестік тек ішкі сұранысты ғана қамтамасыз етіп қоймай, өз өнімдерін экспортқа шығаруға да мүмкіндік алып отыр. Жылына төрт мың тонна пластик қалдықтарын жинап, қайта өңдейді.
Телекөпiр аясында Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа зауыт директоры Евгений Ли жаңа жобаны таныстырып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау үшiн алғысын бiлдiрдi.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз биылғы Жолдауыңызда экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі бағыты болуға тиіс екенін айтқан болатынсыз. Бүгінде біз бұл бағытта жаңа жобамызды сәтті жүзеге асырудамыз. Ресейдің бірнеше облысымен шекаралас орналасқандықтан өнімдеріміздің 20 пайызын шетелге экспорттау жоспарланған. Сізден зауытты іске қосуға рұқсат сұраймын, – деді Евгений Валерьевич.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұмысын бастауға рұқсат беріп, кәсіпорын ұжымына табыс тіледі.
Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов та аталмыш өндіріс орнының өңiр экономикасына тың серпін беретінін атап өттi.
– Бүгін полимерді қайта өңдейтін еліміздегі жалғыз зауыт іске қосылды. Пластмассадан жасалған заттар нарықта жоғары сұранысқа ие. Оның бағасы да қолжетімді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Индустрияландыру бағдарламасы аясында пайдалануға берілген зауыт облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосатынына сенімдімін, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұловтың айтуынша, индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында, яғни 2015-2019 жылдар аралығында өңірде 90 млрд. теңгені құрайтын 44 жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Алғашқы екі жылда 16,3 млрд. теңгенің 27 жобасы іске қосылып, 2,5 мың жұмыс орны құрылған.
Алдағы жылы өңірде машина жасау, тамақ өнеркәсібі және құрылыс саласында инвестициялық жобаларды пайдалануға беру жоспарланған.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.