Петропавл қаласындағы №21 орта мектепте “Қалдықсыз ғаламшар” атты экологиялық акция өтті. Шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Владислав Орлов, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеумен айналысатын жергілікті компаниялардың өкілдері, ұстаздар қауымы мен оқушылар қатысты.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Экологиялық кодекстің 301-бабына сәйкес полигондарда пластмасса, полиэтилен қалдықтарын, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптарды көмуге тыйым салынды. Осыған орай өңірде полиэтилен, қағаз, металл сияқты қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 616 контейнер орнатылған.
Басқарманың бөлім басшысы Владислав Орловтың айтуынша, 20 күнге созылған акция жоғары деңгейде өтті.
– “Қалдықтарға екінші өмір сыйла” ұранын ту еткен экологиялық акция осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін аталмыш шара облыс орталығындағы №32 орта мектепте өткен еді. №21 орта мектептің оқушылары да шара барысында жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Алдағы уақытта акцияға қатысатын білім ошақтарының саны көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Владислав Вячеславович.
Жиын барысында акцияның қорытындысы шығарылды. Биылғы шара барысында мектеп оқушылары 710 килограмм қалдық жинаған. Акция кезінде 5 “а” сыныбының оқушылары жеңімпаз атанса, 5 “б” және 7 “а” сыныптары екінші және үшінші болды. Жүлделі орындарды еншілеген өскелең буынға ұйымдастырушылар тарапынан “Гурман” дәмханасына баруға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.