«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕЛСЕ — ТАБЫС

Елде 55 млрд. тонна өндірістік қалдық жиналып қалған. Алайда былтыр оның 11 пайызы ғана өңделген. Ал өркениетті елдер мұндай қалдықтың 70-80 пайызын кәдеге жаратып жүр. Бұл қалдықтар бағалы металлға бай. Мыс пен жез, алтын мен күмісті көптеп өндіруге мүмкіндік мол. Жыл басында Үкіметте тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі талқыланып, қалдықтарды қайта өңдейтін 41 зауыт салынатыны айтылды. Қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарауында жалпы құны 307 млрд. теңге болатын 65 жоба бар. Жобалардың 41-і қоқысты қайта өңдеуге бағытталған.

Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, оны қайта кәдеге жарату – өзекті мәселе. Оған қоса қоқыс полигонына та­сымалданатын қалдық мөлшері де күн са­нап еселеніп келеді. Қоғам белсендісі Сая­жан Қалиева тұрмыстық қалдықтарды іріктеп, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу­ға, макулатура мен пластикалық бөтелке­лерді тиісті орындарға өткізуге әлі де ша­һар тұрғындары дайын еместігін ашына айтып жүр. Расында қалдықтарды қоқыс жәшігіне тастамас бұрын көпшілігіміз бұ­ның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз. Пакеттерге тамақ қалдықтары, пластик бөтелкелер салынып, жәшіктерге толас­сыз тасталып жатыр. «Таза Қазақстан» ак­циясының астарына үңілсек, бұл шара екі мәселені – қоршаған ортаны қоқыстан тазартуды, экологиялық мәдениетті қа­лыптастыруды көздейді.

– Тұрғындар тұрмыс қалдықтарын қоқыс жәшіктеріне рет-ретімен тастай білсе, қалдықтарды өңдеу саласы да тұ­раламас еді. Тасталған пакеттің өзі қор­шаған ортаға орасан зиян тигізетінін екінің бірі білмейді. Білсе де, білмеген кейіп танытады, – дейді Саяжан Қалие­ва.

Белсендінің сөзін «KZ OРT» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің бас­шысы Руслан Қайырбек те растап отыр. Оның айтуынша, облыс орталығында қоқыс төгу барысында тұрғындардың кейбірі тазалықты сақтамайды. Соның кесірінен өңдеу кезеңінде қиындықтар туындайды. Қатты қалдықтар бөлек жи­налмағандықтан, олар қайта сұрыптала­ды. Соңында қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың үлесі азаяды екен.

– Қалдықтарды бөлу үйден баста­лады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Корея, Швейцария тұрғындары қо­қыстарды санаттарға бөлуге әдеттен­ген. Соған сай әрқайсысын өз кон­тейнеріне салады. Ал қоқыстарды са­наттар бойынша бөлмей тастау өңдеу үдерісін қиындатады. Мысалы, плас­тик заттарға, кез келген қағазға май тисе, өңдеуге жарамайды. Жай ән­шейін қоқысқа айналады. Қоқыстар­ды полигонға апарып өндейміз деген бос сөз. Кірісі жоқ шығын. Апарып тастаған қоқыстарымыз сол күйі по­лигонда тұрады. Қалдықтарды өң­дейтін зауыттардың ашылуынан жа­былуы тез болатыны содан, – дейді Руслан Қайырбек.

Қаламызда 1996 жылы ашылған по­лигонның пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. Тау-тау болып үйілген қалдық­тар қоршаудан асып кетті. Одан шыға­тын жағымсыз иіс қала іргесі мен ма­ңайдағы ауылдарға тарайтыны тағы бар. Полигонға күніне шамамен 160 тонна­дан астам тұрмыстық қалдық жеткізі­леді. Өңірде 450 полигон болса, жүзге жуығының құжаты рәсімделмеген.

Былтыр Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қала сыртындағы қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигон 2025 жылдың соңында толық жабылатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа полигонға жер таңдалған. Оған қоса, сол жерде жергілікті кәсіпкер Петр Шарапаев қоқысты қайта өң­дейтін жобаны іске асырмақ. Яғни жаңа полигонда қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуден өтеді. Петропавлда тұрмыс­тық қатты қалдықтар полигоны және қоқысты қайта өңдеу мәселесін ше­шетін «Техноэкопарк» салынбақ. «Ра­дуга» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Қатранов жоба кластер негізінде жұмыс істеп, бірнеше бағытты қамти­тынын айтты.

– Барлық құжат дайын. Енді жоба сараптамадан өтеді. Күзде зауыттың құ­рылысын бастаймыз. Полигон аума­ғында жаңа кәсіпорын бой көтермек. Яғни қалдықтар сол жерде сұрыпталып, бірден қайта өңдеуге жіберіледі, – деді «Радуга» ЖШС-ның өкілі Дмитрий Стешин.

Өңірдегі қалдық өндіретін жалғыз өндіріс ошағы – «Радуга» ЖШС айына 350-400 тонна макулатура және 200-250 тонна пластикті өңдейді. Шикізатты еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көрші Ресей елінен де сатып алады. Мұ­нымен қоса, соңғы жылдары оқушылар мен жастардың «Таза Қазақстан» ак­циясы аясында жинаған тұрмыстық қалдықтарын да қабылдай бастаған.

Тазалық пен тәртіпті бәрінен жоға­ры қоятын немістер тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың өзіне құнды шикізат көзі ретінде қарайды. Ал біз оларды қауіп-қатердің, ауру-сырқаудың ошағына айналдырудан басқаға қауқар­сыз болып отырмыз. Қоршаған ортаға қалдықтардың зиянды әсерін тигізбеу, қоқысты шикізат ретінде қайта қолдану үшін жағдай жасау, экологиялық таза өндірістерді дамыту, эмиссиялардың көлемін азайту – кейінге ысыруға бол­майтын мәселелер. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен көршілерден үлгі алатын уақыт жетті. Еліміздің әр қа­ласында бір-бір қоқыс өңдеу зауыты са­лынса, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыз жүрген қанша­ма адамның екі қолына бір күрек табы­лар еді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp