
Мас күйдегі петропавлдық Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындарын дүрліктірді. Полиция мен «Жедел жәрдем» көлігі келгені тұрғындарды қатты алаңдатқанымен, кейін белгілі болғанындай елеңдеуге еш себеп болмаған. Араққа сылқия тойып алған қала тұрғыны “102” арнасына хабарласып, пәтерде ата-анасының мәйіті табылғанын айтқан. Шақыртуға келген полицейлер аталған пәтердің иесі саяжайға, ал оның зайыбы дүкенге кеткенін анықтаған. 43 жастағы “қалжыңбас” ұсталып, полицияны жалған шақырғаны үшін 80 мың теңгеге дейін айыппұл төлейтін болды.
Жыл басынан бері Петропавлда арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырудың 95 дерегі тіркелді.