Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратқан бес факті тіркеліп, олардың барлығы ашылды.
Айыртау ауданының 18 жасар тұрғыны ауруханаға бомба қойылды деп “103” нөміріне хабарласып, елді дүрліктірген болатын. Жедел іздестіру шарасы барысында қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Енді ол ойланбай істеген осы әрекеті үшін 9 айын қоныс колониясында өткізеді.
Сергеевка қаласының 75 жастағы тұрғыны қалжыңдаймын деп қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Шал ақын аудандық соты оны 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды және жалған хабар бойынша келген арнайы қызметтердің материалдық шығынын өтеттірді.
Ал Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны жалған ақпарат бергені үшін 3 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Мұндай қалжың үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпаған жөн. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша, яғни “Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау” фактісі бойынша алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары жалған ақпарат берген адамды тез арада анықтайтын техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
“Қызылжар-Ақпарат”.