«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛТАРЫСЫ КӨП ЖОЛ

Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар ғой. Бірі басына қонған бақыттың шын қадіріне жете алмай мастанып жүрсе, енді бірі жан жарасына шипа іздеумен әлек. Өмірдің сан сауалына жауап таба алмай жүргендер қаншама? Бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі мүлдем басқаша. Жетімдер үйінде тәрбиеленіп, жастайынан тағдырдың кермегін татқан Алтынгүл Илюкинаның өмірі көпке үлгі боларлықтай-ақ. Түйткілі көп тіршіліктегі бар бақыттың бастауы еңбек пен қанағат деп түсінген онымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелескен едік.

– Алтынгүл Өмірсерікқызы, қиындықпен өрілген өміріңіз туралы әңгімелеп беріңізші.

– Әр адамның өмірі шимайланған кітап іспетті ғой. Сол сияқты менің де өмірім қуаныш пен қиындықтан, бақыт пен сәтсіздіктен құралған. Ол жайында ағымнан жарылып, ақтарыла баяндаған жалғыз адамым – Құдай қосқан қосағым болса, екіншісі өзіңіз болып отырсыз.

Мен Аққайың ауданындағы Көктерек деп аталатын шағын ауылда толыққанды отбасында өмірге келдім. Бірақ бұл аз уақыттық бақыт бейкүнә балалық шағымның бір бөлігі ғана болды. Өмірдегі көп адамдар сияқты менің де арқа сүйеп, үміт артатын, еркелеп, наздана тіл қататын ең ардақты ата-анам болды. Сол бақытты күндерім менің жүрегімде санаулы жылдар ғана өмір сүріп, кейін күлімсіреп еске алатын естелігіме айналғаны өкінішті. Адам тағдырды таңдамайды ғой. Егер таңдау бақыты бұйырса, жер бетінде мен сияқты жүрегі жаралы, қамкөңіл адам мүлдем болмас еді. Төрт жасқа толғанымда, естіген, көргенімді еміс-еміс есіме сақтап, адамдардың атын, түр-тұлғасын бір-бірлерінен ажырата ала бастаған балғын шағымда аяқастынан асқар тауым әкемнен айрылдым. Оның өмірден озуы мені тез есейтіп жіберді. Әлдекімдер төрт жастағы нәрестенің әлдене жайлы ойлайтынына, қуанышқа мейірленіп, қайғыға қамығып, бордай үгілетініне сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Алайда, көз алдыңда өз өмірін, алты бірдей баласын қиып, өзі қалап өмірмен қоштасуы кімді болсын тұңғиық ойдың түбіне жетелейді. Осы қайғылы оқиғадан кейін анам ішкілікке салынып кетті. Айрандай ұйыған талай отбасыларды алақұйын еткен ащы су анамның да, біздің де өмірімізді түбегейлі өзгертіп жіберді. Күні-түні, тіпті, апталап ыстық тамақ ішпейтін, мектепке бармайтын кездеріміз жиіледі. Қыстың қақаған қара суығында жарықсыз, жылусыз отырған сәттер де болды. Оттан да ыстық махаббат сыйлайтын анамыздың бізден алыстап бара жатқанын пештің түбінде бүрісіп отырған уақытта ұқтық. Алтауымыз дала кезіп, жылыну үшін ағаш іздеп, пешке от жағуға тырыстық. Дірдектеп жүріп, от жаға алсақ та, көз алдымызда сөніп бара жатқан ана мейірімін қайта оятамыз деген үмітіміз жанбады, керісінше, бықсыған шоқтай өше берді, өше берді.

Тоғыз ай бойы бізді құрсағында қиындықпен көтерген анамды кінәлаудан аулақпын. Өйткені, басына іс түскен алмағайып кезде оны қолтығынан демеп, алға жетелейтін туысы не жанашыры болмады. Әбден ішкілікке салынып, өмірде өзін-өзі жоғалтып алған анамыз ата-ана құқығынан айрылып, алтауымыз облыс орталығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастық. Ол кезде мен бар болғаны үшінші сыныптың оқушысы едім.

– Әдетте, әлемдегі ең ардақты жандарға қатысты айтылатын ананың жылы жүзі, мейірімі, шапағаты, жүрегі деген тіркестер көп қой. “Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс” деп те жатамыз. Балалар үйінде оның орнын толтыра алатын жандар таптыңыз ба?

– Бұрын балалар үйінің жаман жақтары, ондағы тәрбиешілердің қаталдығы туралы көп адамдардан естіп, көркем әдеби шығармалардан жиі оқушы едім. Алғашында көңілімде көп күмәннің болғаны жасырын емес. Кейін уақыт өте келе оның бәрі тұмандай сейілді. Жанымның жарасын емші уақыт емес, мектеп-интернаттағы жүздері мейірімге толы тәрбиешілер жазды. Ортақ достар таптым. Анамнан көрмеген мейірімнің шуағын маған ешқандай туыстық қатынасы жоқ, бейтаныс кісілер сездірді. Оны тағдырымның сыйы деп қабылдадым. Жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне көп адам аяушылықпен, мүсіркеушілікпен қарайды. Алайда, қамкөңіл балаларды бір арнаға тоғыстырған жетімдер үйінен кез келген отбасында кездесе бермейтін бақытты табуға болатынын ешкім түсіне бермейді.

Мен сабақты да жақсы оқып, мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатыстым. Мереке сайын ұйымдастырылатын іс-шаралардың басы-қасында жүретінмін. Осындай қасиеттерімді байқаған мектеп-интернаттың басшылығы мені облыс орталығындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа оқуға түсірді. Дарынды, қабілетті балалардың ортасында оқу арқылы өз-өзімді жан-жақты жетілдіре бастадым, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Айналамдағы адамдарға деген сүйіспеншілігім арта бастады.

Он бірінші сыныпта қандай жоғары оқу орнына түсемін, таңдаған мамандығым бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізе аламын ба деген ойлардың жетегінде жүрген кезім болатын. Бір күні сыныбымызға “Қазақстан Халық банкі” акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдері келіп, банк ісі мамандығында оқығысы келетіндер үшін оңтайлы жағдайдың туып тұрғанын сүйіншіледі. Банк саласында қызмет етуді көздеп жүрген мен бұл жағымды жаңалықты Алла тағаланың сыйы деп түсініп, лезде шешім қабылдадым. Олар да менің шешімімді мақұлдап, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсуіме ықпал етті. Тегін оқу, ай сайын алатын шәкіртақы маған жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашты. Оқу, білім алу, іздену, еңбегімнің жемісін көру, мені осы жағдайға жеткізген ардақты адамдарға қол ұшын беру басты өмірлік мақсатыма айналды.

– Өмірлік серігіңізді жолықтырып, отау құруға шешім қабылдау қиынға соқпады ма?

– Бәлкім, ата-анасыз өскендігімнің ықпалы болар, қолдағы бақытымды жоғалтып алудан қатты қорқамын. Жоғары оқу орнына түсуіме де осы қасиетім әсер етті деп ойлаймын. Әке махаббатын сезінбегендіктен, болашақ жарымның маған үнемі сүйіспеншілікпен қарап, қолдау көрсететін нағыз қамқоршым болса деп армандайтынмын. Осындай тәрбиелі, жүрегінде иманы бар жігітті жолықтырғанда ішкі түйсігім бұл сенің бақытың деп сыбырлағандай болды. Жолдасым Рүстем – өте адал, ақкөңіл, қамқор адам. Жоғары білімді, әскери салада қызмет етеді. Ата-анасы – өмірлерінің басым бөлігін ұстаздыққа арнаған жандар. Мен өмірімді осындай адамдармен байланыстырғаныма ешқашан өкінбеймін.

– Бүгінде еңбегіңіздің жемісін көріп отырсыз ғой. Қателеспесем, өңіріміздегі банктердің бірінде жауапты қызмет атқарудасыз.

– Иә, өзімді іздеп тапқан мамандықтың иесі болып отырмын. Жұмысым да, табысым да жақсы. Ең бастысы, жан жарым қасымда. Мені түсінетін бауырларым бар. Олардың да білім алып, өз отбасыларын құруына қолымнан келгенше көмектесіп келемін. Бауырларымның бәрін оқыттым. Әрқайсысының қызметтері бар, өз алдарына үйлі-баранды болды.

– Сонау сәби кезіңізде, яғни көмекке, қамқорлыққа мұқтаж сәтте жетектеп, мәпелеп өсіруге қауқарсыздық танытқан анаңызды аңсайтын, сағынатын кездеріңіз бола ма?

– Анамның дүниеден озғанына бес-алты жылдың жүзі болды. Бұл суыт хабарды алғаш естігенде біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім, қатты қиналдым, жамандық атаулының атасы – өлімге қимадым, өз-өзімді жегідей жедім. Маған жарық дүние сыйлаған адамның алдындағы парызымды өтемегенім, өтеуге ықылас танытпағаным үшін өзімді сан мәрте ардың сотына тартып, жазалаған күндерім де аз болмады. Алайда, бауырларымды аяққа тұрғыздым. Әке аманаты, ананың істей алмай кеткен парызын орындау деген де осы болар, бәлкім. Болашақта балаларымды мейірімнің мөлдір бұлағына қандырып өсіргім келеді. Өмірде ана деген аяулы есімнің қадірінің аспаннан да биікте екендігін ұққызғым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

(Сурет А.Илюкинаның жеке мұрағатынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp