С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі, Петропавл қаласының құрметті азаматы Қаттай Кеншінбаевты еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның туғанына 85 жыл толуына орайластырылған шараға қатысушылар алдымен Қаттай Кеншінбаев туралы түсірілген деректі фильмді тамашалады.
Салтанатты шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко өңір басшысының құттықтауын жеткізді. Онда айтылғандай, Қаттай Кеншінбаев басқарған ширек ғасыр уақыт ішінде “Союзцелинвод” тресі Гиннестің рекордтар кітабына енген жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Солтүстік Қазақстан облысынан басқа Қазақстанның көршілес бірнеше облысын және Ресейдің Ставрополь мен Алтай өлкелерін, Қарақалпақ елін сумен қамтамасыз етті.
Конференцияда “Есіл су” филиалының бас инженері Мұрат Жантілеуов “Солтүстік Қазақстан облысының топтық су құбырлары жүйесінің даму тарихы мен болашағы” деген тақырыпта баяндама жасады. Онда 1965 жылы құрылған “Союзцелинвод” тресінің өсу белестері слайдтық көрсетілімдерге негізделе сөз етіліп, өндірістегі тамаша жетістіктері көбінесе Қаттай Бектасұлының қажырлы еңбегіне байланысты болғаны айтылды. Облыс тұрғындарының оны зор қадір тұтуының бір сыры адамдарға жасаған жақсылығының молдығы болса керек. Өндіріс басшысы тұрғызған көптеген әлеуметтік нысандар осы күнге дейін тұрғындарға қызмет етуде. Артында өшпес із қалдырған азаматтың мемлекеттік марапаттары да аз емес. Үш “Еңбек Қызыл Ту” және “Құрмет Белгісі” ордендерімен наградталған.
Ғылыми-тәжірибелік жиында сөйлегендер өте көп болды. Еңбек ардагерлері Жақсылық Ысқақов, Григорий Кухарь және Құдайберген Қалиев онымен қолтықтаса еңбек еткен ұмытылмас жылдарын тебірене еске алды. Жиын соңында сөйлеген Раушан Шөкенова жұбайына осындай құрмет көрсеткен жұртшылыққа алғысын білдірді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.