«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Бұрнағы күні облыстық әкімдікте маусымдық төтенше жағдайлардың алдын алу және аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің тұрғындармен есепті кездесулерінің қорытындылары мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оған аудандар мен қаланың әкімдері және төтенше жағдайлар мәселесіне қатысы бар ведомстволардың басшылары қатысты. Кеңесті облыс әкімі Ерік Сұлтанов ашып:

– Биылғы түскен қардың көлемі жылдағыдан анағұрлым мол. Сондықтан ойпаң жерлердегі, өзен мен жылғалар аңғарындағы елді мекендерді су басу қаупі зор. Оның үстіне көктемнің биылғы жылы кешеуілдеп, ауа райының күрт жылыну мүмкіндігі де қауіпті күшейте түседі. Қалай болғанда да жағдайға бақылауды күшейте отырып, көктемгі ағын судың жайылуына жол бермеуіміз керек. Сондай-ақ, одан кейін көп ұзамай көктемнің соңы жазға ұласады. Бұл – орман өрттері де жиілейді деген сөз. Оған да дайын болып, жасыл желекті сақтауды ойлағанымыз дұрыс. Біз бүгін осы мәселелерді ақылдасып, табиғат қатеріне қарсы тұрар алдын алу шараларын саралағалы отырмыз, – деді.

Жиналғандар алдында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Петр Филиппов “2015 жылғы су тасқынына қарсы шараларды жүргізу барысы туралы” баяндама жасады.

Онда айтылғанындай, өңірге түскен қардың қалыңдығы көпжылдық орта көрсеткіштен анағұрлым жоғары, сондай-ақ, топырақтағы ылғал қоры да нормадағыдан 1,5-3 есе көп.

Мұндай жағдайда еріген қар суының еңісті алқаларға жайылары сөзсіз. Тасқын кезінде Сергеевка су қоймасына 3 млрд. 400 млн. текше метрге, Сілеті су қоймасына 230 млн. текше метрге дейін су құйылады деп күтілуде. Бұл өткен жылғы деңгейден артық болмаса, кем емес, яғни олардың арнасынан асып төгілу қаупі зор.

Облыс әкімі Сілеті су қоймасындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, оның қазіргі жағдайын сұрап білді. Департамент басшысы мәлім еткеніндей, бұл күндері онда су деңгейін жедел азайту жұмысы жүргізілуде. Десе де, өңір басшысы секундына 40 текше метр су жіберудің әлі де болса жеткіліксіз екенін айтып, қар күрт ерігенше қоймадағы судың 50 пайызын ағызуды міндеттеді.

Тасқынға қарсы шаралардың аясында су басуы мүмкін аудандар мен аумақтардың нақтыланғаны айтылды. Ондай қауіпті аймақта 18 елді мекен тұр. Ал республикалық – 114, облыстық маңызы бар 179 автомобиль жолы учаскелерін тасқын немесе еріген қар суы шайып кетуі әбден мүмкін. Облыста төтенше жағдай орын алған жағдайда оны дереу жоятын дайындық жасалуда.

Облыс аумағында орналасқан 25 гидротехникалық құрылғының 22-сінің техникалық жағдайын тексеру аяқталған. Тексеру актісін тапсырмағандардың бірі – Петропавл қаласын тасқын судан қорғайтын, Заречное, былғары зауыты және Ойқала аудандарын орай салынған бөгет. Бірақ ондағы бөгетті көтеру және бекіту жұмыстарын “Қызылжар су” ЖШС-і уақтылы орындай алмаған. Өңір басшысы бұл мәселемен шұғыл айналысуды өзінің орынбасары Владимир Бубенкоға тапсырды.

Отырыста облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов орман өрттерінің алдын алу жөніндегі шараларды орындаудың барысы туралы хабарлама жасады.

Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарында тәулік бойы жүргізілетін кезекшілік ұйымдастырылды.

Аудан және қала әкімдерінің тұрғындармен есепті кездесулерінің қорытындыларытуралы облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет хабарлама жасады.

Тоқтар ЗІКІРИН,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp