«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Өңірде облыстық маңыздағы автожолдарды күтіп ұстау үшін жыл сайын 1 млрд. теңге бөлінеді. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцевтің айтуынша, 2017 жылдан бері өңір жолдарын қыста күтіп ұстау жұмысымен үш мердігер ұйым айналысады. Олар биыл бұл жұмысқа 114 техниканы жұмылдырмақ.

– Өткен жылғы қыс айларында ауа райы құбылмалы болды. Боранды және аязды күндерде кейбір аудандарда қиын жағдайлар орын алды. Аудандарда жергілікті билік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көмегіне үміт артады. Қалың қар жауғанда жолды тазалау жұмыстарына агроқұрылымдардың 700-ден астам техникасы жұмылдырылады. Түрлі төтенше жағдайларға 30 жылыту қосыны, яғни автобекеттер мен жол ұйымдарының әкімшілік ғимараттары дайындалды, – дейді Владимир Николаевич.
Облыстың автожолдарында көлік қозғалысына шектеу қою бойынша шешім қабылдау регламентке сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, ортақ қолданыстағы жолдарда көлік қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеуді жергілікті атқарушы билік, жол ұйымдары, облыстық полиция және төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттер қояды.
Жергілікті маңыздағы автожолдардың 179 учаскесін жиі қар басады. Олардың жалпы ұзындығы 855 шақырымды құрайды. Қазір құтқарушылар аудандардағы техникалардың дайындығын тексеруде. Синоптиктер жақын күндері өңірде боран соғып, ауа температурасы төмендейді деп болжап отыр.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp