Дүние есігін ашар-ашпастан өмір сынымен арпалысып, тағдыр тауқыметін арқалаған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттің қамқорлығынан қағылып жатса, кім кінәлі? Қадағалау органының тексерісінен кейін бұл сұрақтың жауабының бір шеті ашылғандай болды.
Өңірімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 700-ге жуық бала 14 ұйымда, яғни денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелерінде тәрбиеленуде. Өкінішке қарай, интернаттағы балалардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдайлар азаяр емес. Прокурорлық тексерістің нәтижесі – соның айғағы.
Былтыр бұл мекемелерде жетімдерге қатысты 1367 құқық бұзушылық тіркелсе, биылғы жылдың 5 айында ғана жетпіске жуық заңсыздықтың беті ашылған. Мәселен, даму мүмкiндiгi шектеулi жетiм және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Соколовка арнайы (түзету) мектеп-интернатында оқитын 471 баланың пайдасына алимент өндіру туралы шешім шығарылғанымен, бүгінде олардың 29-ы ғана ата-анасы төлеуге тиісті нәпақаға қол жеткізген. Айыртау ауданындағы мектеп-интернаттағы 106 тәрбиеленуші де сот шешіміне сәйкес алимент алып тұруға тиіс болатын. Өткен жылғы тексеріс барысында мекеме әкімшілігі өз ұрпағын өзектен тепкен әке-шешеден алимент өндіру үшін қол ұшын да қимылдатпаған. Қадағалау органының қарымынан кейін ғана 65 тәрбиеленушіге қатысты атқарушылық парақтары сот орындаушыларға жіберілген. Петропавл балалар психоневрологиялық интернат-үйінің басшылығы, Мамлют, Ақжар аудандарындағы қамқоршылық және қорғаншылық органдары да балаларынан безгендерді жауапкершілікке тартуды қажет деп таппаған.
Жанары жаутаңдаған жетімдердің ақысына ауыз салудан тайсалмайтындар да табылған. Прокурорлар Петропавл психоневрологиялық интернат-үйінің қызметкерлері қамқоршылық және қорғаншылық органының рұқсатынсыз, яғни бекітілген ережені белден баса отыра, балалардың қаржысын жұмсағанын әшкереледі. Осы интернатта гигиеналық құралдарды қажет етпейтін тәрбиеленушілерге жөргектерді сатып алу үшін олардың есепшотынан қаражат аудару, санитарлық гигиена құралдарын сатып алу үшін балалардың қаржысын шамадан тыс жұмсау сияқты заңсыздықтарға жол беріліп келген.
Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды бағып-қаққаны үшін қамқоршыларға мемлекеттен ай сайын жиырма мың теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Заңға сәйкес жәрдемақының орынды жұмсалуын жарты жылда бір рет тексеруі тиіс жауапты органның бұл жұмысты да атүсті орындап келгенін тексеріс нәтижесі айғақтап отыр. Мысалы, облыс орталығындағы қамқоршылық және қорғаншылық органының қызметкерлері бұл істе құжаттарды жинаудан әріге бармаған. Олардың немқұрайдылығын оңтайлы пайдаланған кейбір арамза қамқоршылар балалардың нәпақасын өз пайдасына жұмсап келген. Мәселен, 2009 жылы туған жасөспірімді тәрбиесіне алған “қамқоршы” жәрдемақы қаражатына арақ сатып алса, тағы бір жетімнің “жебеушісі” бала қаржысын темекіге жұмсағанын жасырмаған.
Ата-аналарынан айрылған жетімдер енді паналарынан да айрылып қалмаса, игі дейсің. Оларды баспанамен қамтамасыз етуде де құзыретті органдар қолды бір сілтегендей. 30 жасөспірім жергілікті атқарушы органда пәтер кезегіне қойылмағаны, балаларды отбасыларға немесе арнайы ұйымдарға орналастыру үшін есепке алу жұмысы да шала орындалып келгені осындай ойларға еріксіз жетелейді.
Прокуратура органдарының жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мүліктік құқықтарын қорғауға қатысты өткен жылғы тексерісі кезінде анықталған заңсыздықтар осы күнге дейін жойылмапты. 6 жасар баланың Астана қаласында бір бөлмелі пәтері оның атында сөз жүзінде ғана болған. Құжаттары реттелмеген бұл пәтерде бір жыл бойы қамқоршының қызы тұрып жатқан. Өткен жылғы прокуратура органының бұл жасөспірімнің мүліктік құқықтарын қорғау туралы тапсырмасын құзыретті орган ескерусіз қалдырды.
Тайынша ауданының қамқоршылық және қорғаншылық органында 4 баланың жеке ісінде олардың жылжымайтын мүлкіне қатысты келісім жасауға тыйым салу туралы қорғау хаты болмаған. Мұндай заңсыздықтар Мағжан Жұмабаев ауданында да орын алған. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы құзыретті орган балалардың денсаулықтарына, оларды тәрбиелеу жұмыстарына қатысты есеп жасауды қажет деп таппаған.
Құзыретті орган қызметкерлерінің жетімдерге жасаған мұндай әрекеттері енжарлық па, қатыгездік пе? Бала тағдырына бейқам қараған жандардың жауапсыздығы елдігімізге сын болып отыр. “Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын” дегенді осындайда айтса керекті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.