Облысымыздағы мүгедек тұрғындардың жағдайына көңіл бөліп, олардың мәселелерін шешуде қамқорлық танытып жүрген Владислав Демьяновты әңгімеге тартқан едік.
– Владислав Геннадьевич, сізді біз “Қамқор” мүгедектер қоғамының төрағасы ретінде де танимыз. Бұл ұйымның мақсаты қандай?
– Әңгімені бастамас бұрын жұрттың мүгедек адамға мүсәпір ретінде қарамауын өтінер едім. Ондай әрекет мүгедектерге ұнамасы анық. Иә, ондай адамдардың қайсыбірі басқаның көмегін қажет ететіні сөзсіз. Бірақ басым көпшілігі ортаға бейімделу арқылы өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде көрсете алады. Ал “Қамқор” қоғамы былтырғы жылдың ақпанынан бастап жұмыс істейді. Ұйым мүгедек жандардың ортаға бейімделуі, олардың заманауи көзқарасын қалыптастыру, құқықтарын қорғау, жеке бастарына қатысты мәселелерді шешу сияқты міндеттермен айналысады. Біздің облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа қабілетті жастағыларының есебі үнемі толықтырылып отырылады. Бүгінгі таңда 16343 адам мүмкіндігі шектеулі адамдар санатына жатқызылады. Оның ішінде 1-ші және 2-ші топтағылар денсаулықтарына байланысты жұмыс істей алмауы мүмкін. Ал 3-ші топ жұмысқа қабілетті саналады.
Мүгедектердің жұмысқа орналасуына көбіне жұмыс орнының жайсыздығы кедергі болады. Өйткені, топқа енген мүгедектердің барлығы бірдей кез келген жұмысты атқара алмайды. Денсаулықтарының шектеулігіне қарай жұмысты таңдауға мәжбүр. Мәселен, арбаға таңылған адамның мамандығы сәйкес келіп тұрса да, жұмыс орны ғимараттың бесінші қабатында орналасса, оған көтерілетін лифт жоқ болса, ондай жұмыстан бас тартуға тура келеді. Сондай-ақ, мамандық иелену де – өзекті мәселе. Олардың арасындағы жоғары білімі барлардың көбі – денсаулықтары болған кезінде оқып, кейін мүгедектікке ұшырағандар. Ал бала күннен немесе туабіткен мүгедектердің ішінде мамандыққа баулынғандар некен-саяқ. Әлбетте, мүгедек жан үшін барлық мамандық қолжетімді немесе тиімді емес, олардың таңдауы шектелген. Сондай-ақ, олардың шамасы келетін кейбір мамандықтардың оқытылуы ақылы немесе ол салаға грант аз бөлінеді. Тоқетерін айтар болсақ, мүгедек жанның жүрек қалауымен кез келген мамандықты таңдауға да мүмкіндігі шектеулі.
Адамға өз өмір жолын қалыптастыру үшін білім мен біліктілік қажет. Бүгінгі еңбек нарығындағы бәсекелестік мұны тіпті талап етеді. Он екі мүшесі сау, жоғары білімді мамандардың өздері жұмыс таба алмай жүретін жайттарға жиі куә болып жүрміз. Тағы бір айтылуға тиісті жайт – бала күннен мүгедек жандардың жұмыс істеуге деген ынтасы мен қабілеті өте төмен болатындығы. Өйткені, олар ес білгеннен ата-анасының, туған-туыстарының қамқорлығында жүріп, өз беттерінше өмір сүруге бейімделмейді. Мүгедек жандарға сырт көздер, бейтаныс жандар аяушылық, қамқорлық жасауға дайын тұрады. Бірақ осы қамқорлықтың өмір бойы жалғаспайтыны да анық. Біз өз нанымызды тауып жейтін күндерге де сенімді болуымыз керек. Өмір сүруге дағдылану – әр адамның өзіне жүктелетін міндет. Ата-ана ауыр қозғалатын балаға өзінің аяқкиімінің бауын байлауды үйретуге тырысса, ол оның ертеңгі күніне нық жасаған қадамы деп білемін.
– Алайда, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі адамдарға жасалатын қамқорлықтың да деңгейі жоғары емес пе?
– Иә, мүгедек жандар туған-туыстарынан ғана емес, қоғамдық ортада да, мемлекет тарапынан да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан оларға білім алуға, кәсіптік таңдау жасауына, жәрдемақы алуына қолдау бар. Бірқатар оқу орындарына квота бөлінеді. Өткен жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде – 38 мүгедек, ал орта білім беретін оқу орындарында 180 адам мамандыққа баулынып жатқанын есептеген болатынбыз. Оқу орнын бітіргендердің жұмысқа орналасуын сол мекеменің әкімшілігі бақылауға алып отырады. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке тарту мәселесі – бұрыннан бері атқарылып келе жатқан шара. Ал соңғы жылдары Елбасы бұл мәселеге баса назар аударып, қолдаудың шеңбері кеңейе түсті. Нәтижесінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру бағытында серпінді қозғалыс байқалады. Сондай-ақ, мүгедекті жұмысқа алған жұмыс беруші салық төлеуде жақсы жеңілдіктерді пайдаланады. Егер кәсіпорында еңбеккерлердің 50 пайызы қоғамның осы бір әлжуаз тобынан құрылса, онда ол корпоративтік салық төлемейді. Ал әлеуметтік салық бойынша 50 пайыз жеңілдік беріледі.
Мүгедектердің білім алуда немесе кәсіпке машықтануда материалдық қиындықпен қатар, үлкен моральдық ауыртпалықты да бастан өткеретіні жасырын емес. Әсіресе, тірек қимылы зақымданған адамдар. Оларға жүріп-тұру, келіп-кету, кітапханаға бару оңай емес. Сол сияқты құлағының мүкісі бар мүгедектер кез келген оқу орнында дәріс ала алмайды. Оқу орындарында сурдоаударма жылына 30 сағатқа ғана жоспарланған. Ал біздің өңірдегі университетте сурдоаудармашы тіпті жоқ.
Бүгінгі күні мүгедектердің кәсіпкерлігін қолдайтын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өз кәсіпкерлігімен күнкөрісінің қамын жасап отырған талай жанды білеміз. Түрлі бағдарламалар шеңберінде аяғынан тік тұрып жатқандарды да байқап жүрміз. Мәселен, “Даму” қоры және “Казкоммерц банк” акционерлік қоғамдарының бірлескен “Жұлдыздарға қара!” жобасы осы бағытта үлкен жұмыс атқаруда. Олардың көмегімен соңғы екі жылда он шақты адамға қайтарымсыз қаржы беріліп, олар өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік алды. Биыл өз кәсібі бар немесе бастама танытқысы келген 20 адам осы жобаға қатысуға өтініш білдірген. Бұл, әрине, олардың жұмысбасты болуға деген талаптарының белгісі.
– Мүгедек жанның жұмысқа қабілеттілігін аңғара тұрып, оның құқығын шектеушілер жиі кездесе ме?
– Қоғамдық ортада неше түрлі жағдай болады. “Қамқор” облыстық қоғамы мүмкіндігі шектелген адамдардың құқығын қорғау үшін құрылды. Ол жұмыссызға жұмыс іздемейді, бірақ осы бағытта және жұмысбасты адамның еңбек құқығында заңға қайшы келетін әрекеттер орын алған кезде көмек сұрай келген жанның өтініші негізінде қолдау көрсетеді. Адам өзі келіп, жағдайын айтып, қиыншылықтарымен бөліспесе, біз де барлық мүгедек адамның тіршілігін қадағалай алмаймыз. Арбаға таңылған кісі өзінің білім деңгейімен, қабілетімен жұмыс таңдауға құқылы. Кез келген саналы жұмыс беруші оған түсіністікпен қарап, жағдай жасауға ұмтылыс танытса, бұл – адамгершіліктің белгісі. Қоғамдық ортада адамның жұмысқа қабілеттілігін сыртқы пішініне, мәртебесіне қарап бағалау қисынсыз. Жұмыс берушіге ең бастысы еңбекке жауапкершілігі мол, білікті маман керек. Жұмысын уақтылы, тиянақты атқаратын маманға сұраныс қашанда жоғары. Ал сондайлардың арасында мүгедектер жиі кездеседі. Мүгедектер қоғамдық ортаға шығып, өзін көрсеткісі келеді, табыс тапқанды ұнатады. Бірақ олай өмір сүруге баршасының бірдей білімі мен тәжірибесі бола бермейді. Білімі неге жоқ деген сауалдың шешімін мүмкіндігі шектелген адамдардың көбі жас кездерінде оқығылары келмегендігімен түсіндіріледі.
– Былтыр сіздер бірінші рет тренинг ұйымдастырдыңыздар. Соның нәтижесі туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Біз өткен жылы адамды кәсіпке ынталандыру бойынша тренинг ұйымдастырдық. Оған 200 адам қатысты. Ол қалада және екі ауданда өткізілді. Тренингтен кейін қатысушылардың 50-ге жуығы жұмыс тауып, 5 адам кәсіптік білім алуға бет бұрды. Бұл, әрине, жақсы нәтиже. Адамның мінез-құлқын өзгерту оңай емес. Біз өзіміздің араласуымызбен осынша адамға бағыт сілтегеніміз үшін қуаныштымыз. Адамның өмірі өз қолында, тек мемлекетке сенім артып, өмір сүрген дұрыс емес. Қазақстанның кез келген азаматының мағыналы өмір сүруі үшін жақсы жағдай жасалғандығын айтып, оларды жігерлендіретін ақыл-кеңес беруге тырыстық.
Бұл тренинг бірінші болғандықтан ба, қатысушыларды әрең жинадық. Жалпы бұл шара оларға аса керек-ақ. Одан олар көп нәрсе үйренеді. Мамандар жөн сілтеген тренингте мүгедек жандардың қоғамдық ортадағы орны мен құқығы туралы, жақсы өмір сүрудің жолдары мен тәсілдері жөнінде тақырыптар қамтылды. Бұл – “СОРОС” қорының бөлген қаржысына атқарылған шара. Мұндай жұмыстың ұдайы жүргізіліп тұруы қоғамның әлжуаз тобы үшін керек-ақ. Әрине, мұндай бас қосу қомақты қаржыны талап етеді. Оны өткізу үшін жақсы маман, жайлы орын мен құрал-жабдықтар қажет. Бұл қанатқақты жоба болатын. Оны әрі қарай жалғастыруға ниет бар, тек қолдау болса…
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.