Еліміз бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бүлдіршіндерінің түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты білім алумен қамтылмай қалуының алдын алу мақсатындағы “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы осымен тоғызыншы мәрте өткізіліп отыр.
Бүлдіршіндерді мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамту шарасына “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының белсенділері, қалалық және облыстық мәслихаттар депутаттары, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің мүшелерімен қатар өңіріміздің қалталы азаматтары да атсалысты.
Облыстық білім басқармасының маманы Айгүл Оспанованың деректеріне сүйенсек, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып “Бақытты балалықтың аумағы” ұранымен басталған қайырымдылық шарасы барысында облыс бойынша 7551 бала материалдық көмек алған. Оларға 46725,8 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Соның ішінде 22481,3 мың теңгесі бюджет қаражаты есебінен, 24244,5 мың теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен көрсетілген.
“Мектепке жол” қайырымдылық акциясына 7400 педагог тартылып, өздеріне бекітілген аумақтағы 39 мыңнан астам үйді аралап, балалардың тізімін жасаған. Нәтижесінде мектепке бармай жүрген алты бала анықталған. Оның бесеуі – Петропавл қаласында және біреуі Жамбыл ауданында тіркелген.
Бүгінде олардың барлығы тізімделіп, тиісті аумағы бойынша мектептерге орналастырылды.
(Өз тілшіміз).