«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қамқорлық жасау — адамгершіліктің белгісі

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылда жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Осы аз уақыттың ішінде елдігімізді танытатын ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкіметтің басты ұстанымы – халықтың әл-ауқатын жақсарту, қоғамның әлжуаз топтарына ерекше көңіл бөлу. Солардың ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау үшін заңнамалық актілер қабылданып, олардың қоғамдық ортада бейімделуі үшін көмектер көрсетілуде. Бүгінгі қолданыстағы “Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы”, “Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы”, “Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы” Заңдар соның айғағы.

Өңір аумағында жұртқа әлеуметтік қолдау көрсететін нысандар көбейіп, әлеуметтік қызметтің кешенді бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мәселен, мүгедектер мен мүгедек балаларға арналған 300 орындық медициналық-әлеуметтік төрт жаңа мекеме және екі стационарлық бөлім ашылды. 1999 жылы тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балалардың интернат-үйі алғаш рет Петропавл қаласында бой көтерді. 2005 жылдан бері Бескөл ауылында мүгедектерді оңалту орталығы жұмыс істейді. 2006 жылы Тайынша қаласындағы 120 адамға шақталған қарттар мен мүгедектердің интернат-үйі қолданысқа берілді. Пресновкадағы 150 орындық психоневрологиялық интернат-үйі әлеуметтік көмекке зәру адамдарды толық қамтуға мүмкіндік тудырды. Үйді-үйге барып, көмек көрсететін қызметкерлердің саны екі есеге көбейіп, бүгінде 3,5 мың адам 814 әлеуметтік қызметкердің жолын тосып отырады. Биыл 3 мың мүгедек қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Соның ішінде есту қабілеті нашар 15 балаға заманауи құрылғы сатып әперілді. Соңғы 10 жылдың ішінде қоғамның әлжуаз топтарын қолдауға бөлінетін бюджет қаржысы 5,5 есеге артты.

2011 жылдан бері мүгедек балаларға және 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға үй жағдайында әлеуметтік қолдау көрсету қызметтері арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі. Биыл осы бағытта жұмыс істейтін 30 қызметкердің саны 53-ке жеткізілді.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 100 мың зейнеткер мен 28 мың мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүреді. Солардың ішіндегі 4 мыңы – жалғызбасты, оның 1203-нің ешбір жанашыры жоқ. Ал 193 адам Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде құрметке бөленіп отыр.

Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне қоғам назарын аудару үшін қазан айында әлеуметтік қолдау айлығын өткізу дәстүрге айналған. Қоғамның әл-жуаз тобына қайырымдылық, қарттарға құрмет көрсетіледі. Облыс әкімдігінің қолдауымен арнайы жоспар жасалды. Онда қарттар мен мүгедек жандарға әлеуметтік көмек, медициналық қызметтер мен мәдени дамалыстар ұйымдастыру көзделген.

Айлық барысында аз қамтылған отбасылардың, жалғызбасты зейнеткерлердің, мүгедектердің үйлерін жөндеп беруге, қысқа отын дайындауға, дәрі-дәрмектерін сатып алуға қаржылай көмек көрсетіледі. Жылда мектеп оқушылары бұл шараға белсенді қатысып, аға буын мен мүгедектердің үйлеріне барып, шаруашылықтарына қолғабыс жасауда. Барлық медициналық мекемеде “Ашық есік күні” ұйымдастырылады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындар да бұл шарадан қалыс қалмай, өз қайырымдылықтарын көрсетеді. Мектеп оқушылары, зейнеткерлердің бұрынғы әріптестері, өңірдің өнерпаздары концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, әлеуметтік қолдау айлығы қатысушылар үшін мерекеге айналады. Биыл айлық қарсаңында қайырымдылық сенбілігі өткізіліп, оған 132 мың адам атсалысты.

Әлеуметтік қолдау айлығының қоғам үшін маңызы зор. Арамызда әлжуаз топтардың бар екендігін ұмытпай, оларға әрқашан көмек қолын созуға дайын болсақ, елдің ертеңі жарқын. Қайырымдылық – адамгершіліктің ең биік қасиеті. Осы қасиетімізді ешқашан жоғалтпайық.

Асқар САҚЫПКЕРЕЕВ,

облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp