Адамзат баласына ауыр қасірет шектірген сұм соғыстың тигізген зардабын ақын Сырбай Мәуленов: “Қанша үйдің ұрлап адамын, қанша үйде сөніп қалды оттар”, – деп өрілетін өлеңінің екі жолына сыйғызған ғой. Қанды зұлматтың жүректерге жазылмас жара салған зардабына ой жүгірткен сайын осы жылы жетпіс сегізінші рет қарсы алып отырған Жеңіс күнінің адамзат тарихындағы маңызын барынша терең түсінетіндейміз.
Өмірдің өз заңы бар деп өзімізді жұбатсақ та Отан үшін от кешкен майдангерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны жанға батады. Бүгінгі күні облысымызда көзі тірі жеті соғыс ардагері қалыпты. Олардың алтауы облыс орталығында тұрып жатыр.
Майдангерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге атсалысу, аға ұрпақтың, батыр бабаларымыздың өшпес ерлік рухын жастардың бойына дарыту – облысымыздың ардагерлер ұйымдары жүргізіп отырған сан қырлы жұмыстың басты бағыты. Өскелең ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруде, әсіресе облыс орталығындағы мектеп ұжымдарымен және жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің ұстаздарымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясымен бірлесе жүргізген жұмыс жемісті болып отыр. Тәуелсіз елімізде 7 мамырдың Отан қорғаушы күні болып жариялануының өзі жас ұрпаққа отаншылдық рух беретін тың серпін болды дер едім.
Аққайың, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Шал ақын, Мамлют аудандарының ардагерлер ұйымдары өскелең ұрпаққа отаншылдық тәрбие беруде жергілікті мектептердегі қоғамдық мұражайларға арқа сүйейді. Аталмыш аудандардың осы бағыттағы жұмыс тәжірибесі республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі тарапынан жоғары бағалануы – біз үшін мақтаныш.
Бүгінгі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, облыстық ардагерлер кеңесі соғыс ардагерлері мен өңіріміздегі төрт мыңнан аса тыл еңбеккеріне қолдау көрсетудің тиімді жолдарын іздестіруде. Мысалы, өткен жылы Жеңіс күні қарсаңында Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өткізілген қайырымдылық сенбілігінен түскен 2,9 миллион теңге соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне арнап мәдени шаралар өткізуге, оларға тұрмыстық көмек көрсетуге, аудандағы ескерткіштерді жөндеуге жұмсалды. Бір қуаныштысы, мұндай игі істерден жергілікті шаруа қожалықтары да қалыс қалмайды. Сондай-ақ облыс орталығындағы жастар ұйымының белсенділерімен, мемлекеттік мекемелермен майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету үшін тізе қоса жұмыс істеудеміз.
Бұл орайда 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне орай облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған еріктілер тобының жұмысын ерекше айтқым келеді. Республикалық “Samruk-Kazyna Trust” қорының демеушілігімен жыл сайын өткізілетін “Жеңіс” әлеуметтік жобасына қатысып келе жатқан облыстық ардагерлер ұйымының еріктілері мереке қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін үйлеріне барып құттықтап, сый-сияпат ұсынуды, оларға арнап ойын-сауық ұйымдастырып, көңілдерін көтеруді игі дәстүрге айналдырған. Біздің еріктілер қозғалысының іс-тәжірибесі өткен жылы Павлодар қаласында өткен халықаралық байқауда жоғары бағаланып, арнайы жүлдеге лайық деп танылды.
Қазіргі уақыт ағымы замана талабына сай жұмыс түрлері мен мазмұнын жетілдіре түсуді қажет етіп отыр. Жастар санасына қатты әсер ететін компьютерлік технология, ғаламторлық шексіз кеңістік жағдайында өскелең ұрпаққа халқымыздың жауынгерлік дәстүріне, ұлттық құндылықтарымызға сай тәрбие беру үшін жаңашылдыққа жол ашып, ұтымды жолдарды іздестіру қажет. Осыны ескере отырып, біз облыстық ардагерлер кеңесінің алқалы отырыстарында жастарды әскерге баруға психологиялық тұрғыдан дайындау, идеологиялық шыңдау мәселелерін жан-жақты ақылдасып, жұмыс бағыттарын айқындаған болатынбыз. Соның негізінде 2025 жылы аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шаралардың жоспарын белгілеп қойдық. Мереке аясында келесі жылы “Отты жылдар әндері” атты кең көлемді өнер байқауын өткізбекпіз. Бұл шараға жастар ұжымдарымен қатар ардагерлердің көркем-өнер топтары да қатыстырылады. Жалпы өткен жылдардағы жұмыс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, аға ұрпақ өкілдерінің жастармен бірлесе өткізетін шараларының тәрбиелік әсері зор. Ұрпақтар сабақтастығы да осындай тиімді жолмен жалғасын табатынына сенімдіміз.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
(Сурет мұрағаттан алынды).